Григори Лопес (Мексика)
Жар басындағы төбеде ошарлы жанұя өмір сүретін жалғыз үй бар.
Төбе басына шыққан жерден сонау етекте созыла ағып жатқан өзенді, шарбақ айналасындағы жүгері егістігін көруге болатын-ды. Жүгерілер тозаңдана дән тастай бастаса, маңайына егілген атбасбұршақ та гүл аша қаулай өсіпті. Шаруаларды көптен күттірген мол өнім алдындағы үмітті көрініс осы болар-ақ!
Мұндай сәтте, кеберсіген даланың бар мұқтажы су ғана, сіркіретіп нөсер құйып өте шықса шіркін! Тым болмағанда, себезгілеп жауар аз жаңбырдың өзі де жеткілікті еді ғой. Ланкер ағай егінжайға қарадай іші аши бастады.
Іштей налыған ол бүгін ештеңе істегісі келмей, шығыс-терістік аспанның ауа-райы өзгерісіне көз жүгіртумен болды.
− Әй, кемпір, мына күн жауғалы тұрған сияқты.
Ас әзірлеумен әбігер болып жүрген кемпірі де қостай кетті:
− Иә, жауғалы тұр екен. Бұл да тәңірдің бізге сыйлаған несібесі болар.
Ересек баласы егін басында қарбалас еңбекте, ұсақтары үй маңайында асыр салып ойнап жүр еді. Ланкер апай дауыстап, тамақ ішуге шақырды.
Олар тамаққа енді отыра берген сәтте, Ланкер ағайдың ойлағанындай, шығыс-терістіктен көріне қалған топ-топ қара бұлт түйдектеле жылжып, төбеге лезде жетті де «тырс-тырс» тамшылай бастады, атырап сүркейлене түсті.
Ланкер ағай далаға жүгіріп шығып, бір нәрсе іздеген жанша шарбақ жаққа жетіп барды. Ол ештеңені де іздемеген, қайта жаңбырға мейлінше бір малшынып, көңілін сергітуді ойлаған еді. Үйіне сәңгірлей дауыстап қайта кірген ол:
− Тәңір бізге жаңбыр емес, қайта, кесек-кесек теңгелер тастап жатқан сияқты. Үлкендері 10 тиыннан, кішкенелері 5 тиыннан... − деді балаша шаттанып.
Ол құйып тұрған нөсерде өзінің сояудай-сояудай болып өсіп тұрған жүгерілері мен бүкіл егістік құлпыра гүл ашып тұрған бұршақтарына ризашылық көңілімен көз алмай қарап тұрды...
Күтпеген жерден боран құтырына соғып, жаңбырмен араласа мөп-мөлдір моншақтай кесек-кесек бұршақтар, расында, әуеден теңге жауғандай «тырс-тырс» етіп төгіле бастады. Балалар үйден шулай жүгіре шығып, жаңбырға қарамастан әлгі меруерттей жарқыраған бұршақтарды тере бастады.
− Әттеген-ай, қырсық енді болатын болды! − Ланкер ағай ауыр соққыға ұшыраған жандай, бүкіл аумақты жауып жатқан бұршаққа қарап шошына айғайлап жіберді,-бұршақ енді жауа берсе, біткеніміз сол!
Не десе де, бұршақ тоқтар емес, тұп-тура бір сағат жауған бұршақ үй төбесін, көкөніс бағын, егіс алқабын қымтап, бүкіл аумақ бір қабат әппақ тұздың астында қалғандай болды. Қатты жауған бұршақ ағаш басында жалғыз жапырақ қалдырмастан түгелдей жалаңаштап кеткен. Ал жердегі жүгерілер дерліктей тапталып, піспеген атбасбұршақтар айналаға тарыдай шашылған.
Мынау жағдайға ашынып, ерекше күйзеліп тұрып қалған Ланкер ағай бұршақ толастай бергенінде, балаларына күрсіне тіл қатты:
− Шегіртке апатына жолыққан болсақ та, мынадай халге түсе қоймас едік... Мына бұршақ егістіктен ештеңе қалдырмады-ау! Мұндай болғанда, биыл жүгеріден де, атбасбұршақтан да түйір дән ала алмайтын сияқтымыз... Кеш қараңғылығы үйіріліп келеді екен, бәрінен жұрдай болып, арып-шаршап тұрғанда адам жанын жаралайтын кеш болатын болды ғой, енді бізге кім қол ұшын бере алар екен деші, биыл бізді аштық күтіп тұрған сияқты! Мынау қалтарыс шыңырауда қалып бара жатқан жұтаң үйлердегі пенделердің бар үміті тәңірдың оң көзімен қарап, есіркеуінде ғана қалды.
Енді талғажу етерлік дәнеңе де қалмады. Дегенмен, бүкілдей күдер үзіп кетсек те болмас, тәңірден алар несібеміз осымен таусыла қоймаған шығар. Міне, жер емшегін еміп, бұл өмірден үміт үзгісі келмеген әрбір жанның өзін жұбатар тілегі осы болар-ақ!
Ланкер ағайдың да санасындағы жалғыз үміті осы, яғни тәңірге жалбарыну. Иә, өзгелердің айтуынша, тәңір барлығын білуші, кісі көңіліндегіні айтқызбай-ақ біліп тұрады. Ал Ланкердің өзі болса бойында қайраты тасыған, мығым күштің иесі. Әрқандай егіс жұмысын апырып-жапырып істейтін оны ешкім де осал жан есептеп көрмеген. Оның үстіне, хат танитындығы тағы бар...
Жексенбі жетісімен таңғы алаң-елеңде орнынан тұра сала тәңірге жалбарынып, бір тылсым күштің өзін кездейсоқ жарылқай салатынына күмән артпаған ол қалашықтағы почта мекемесіне өз қолымен апарып салмаққа жалма-жан қағаз-қаламын дайындап, бір парша хат жаза бастады. Шындығында, оның жазғаны бәлендей бір жай хат емес, қайта тұп-тура тәңірдың өзіне жазылған өзгеше хат еді.
«Тәңірым,-деп жаза бастады ол - өзің болмасаң, биыл бүкіл отбасымыз аш қалатын болды. Бізге тұқым аларлық, аужал етерлік, бір нәрсе сатып аларлық 100 песо қажет еді. Дер кезінде қайтадан жер егіп, тірлігімізді сақтап қалайық. Бұршақ апатының салдарынан...»
Хаттың басына «Тәңірге тисін!» деген сөзді сүйкей жазды да конвертке салып, өрекпіген көңіл күйін зорға тежеген ол ауыл орталығына тура тартты. Поштаға жеткен бойында бір марка сатып алып, конвертке жапсырып, хат сандығына тастай салды.
Пошташы болып және басқа да ұсақ-түйек жұмыстармен айналысып жүретін бір жалданба қызметкер бар еді. Пошта жәшігінен әлгі тәңірге жазылған хатты алып, кезекшілер бастығына өткізіп берерінде ғана байқаған ол қарқылдап күліп жіберді. Сонда, тәңірдің мекен-жайы қайда болды екен, ә, пошташы болып қызмет еткен талай жылдан бері тәңірдің қайда тұратыны туралы кімнің ойында болған?
Кезекшілер бастығы мейірімді де жылы жүзді семізше кісі еді. Әлгі хатты көре қалған жерден күліп жіберсе де, бойын тез жиып ала қойған ол үстелінің үстіндегі хатқа әлсын-әлі қарап тұрды да байсалды бейнеде:
− Неткен берік сенім еді, барлығымызда да осындай берік рухани күй болсашы, шіркін, ойлағаны келсін, осындай сенімі берік жандармен тәңір арасындағы байланыс жолы шынымен барлыққа келген болса қандай жақсы болар еді!
Иә, хатты, расында, тәңірдың қолына тигізу мүмкіндігі болмағанымен, бұл іс кезекшілер бастығын ерекше тебірентті. Осы бір таңғажайып тілекпен басталған істің аяқсыз қалуын қаламаған оның санасына мынадай бір ой сап ете түсті:
− Егер тәңір атынан жауап қайтарылар болса, көре қалған ол жәнеде осындай хат жазып салуы мүмкін. Бірер ауыз жақсы лебізбен мәселені тындым етуге болар еді. Әйтеуір көп шығыным шығып жатқан жоқ қой.
Дегенмен, кезекшілер бастығы рухы берік, айтқанында тұратын жан болғандықтан, хат қайтару ниетінен әсте жалтармақ емес-ты. Қол астындағыларын жиып жіберіп, қайырымдылыққа ақша жинауға шақырған ол, әуелі, өзі бастап біршама ақшасын шығарды, өзгелер де қуана құптап, ақшаларын ортаға сала бастады. Өйткені «бұл тәңірдың шапағатын әйгілеу қимылы болмақ!» деген сөзі олардың көңіліне жағып кеткен болатын.
Қалай айтқанмен де, кезекшілер бастығы Ланкер ағайға салып жібермек болған ақшасы 100 песоға таяп жығылса да, дәп-дәл 100 песолық толық санның өзін толтырып жіберуге амалы болмады. Ол ақшаны конвертке салып, оның аты-жөні мен әдіресін жазған соң, бір жапырақ қағазға «Тәңір!» дегеннен өзге ештеңе жазбастан қосып салып жіберді...
Тағы бір жексенбі келіп жетті. Ланкер ағай «Хат келді» дегенді ести сала елең-алаңнан алып ұшып, поштаханаға жетіп келді. Оған хатты табыс еткен тағы сол баяғы пошташы болды. Жүрегі аттай тулаған кезекшілер бастығы поштахана есігіндегі баспалдақта қарап тұр. Біреуге жақсылық істеу кімге шаттық сыйламасын?
Ал Ланкердің болса тәңірдің өзіне қалағанын беретініне еш күмәні жоқ. Сондықтан конвертты ашып, ішіндегі ақшаларды алғаш көргенінде оның жүзінен ешқандай таңданыс белгісі байқалмады. Қайта, ақшаны санап бола салып, ашуға басты:
− Мұндай болғанда, тәңір де жұмысты мүлтіксіз тындыра алмайды екен-ау, оның да маған қажетті ақшаны жырмалап қалғаны ма сонда, бұлай болуы қалай мүмкін болсын?
Оқыс бұрылып, кассаға барып ақшасын шығарған Ланкер ағай қолына қалам-қағаз ала салып, пошта қонақтарына арналған текшеге тұра қалды да, сүйкектете хат жаза бастады. Қабағы түйіле үнсіз ойланып, белгісіз бір әріпті таба алмай жүз толғанғандай, ашулы бейнеде хатты жазып тәмамдады да, қызмет текшесіне бара бір марка алып тілімен дымдап, тоқпақтай жұдырығымен «дүріс-дүріс» ұрғылап жапсырды, сосын хат сандығына тастай салды. Ол шығып кеткен соң кезекшілер бастығы хатты қайта алып шығып, оқи жөнелді. Ал хатта жазылған мазмұн мынау болатын:
«Тәңірім, алуға тиісті ақшамды толық тапсырып ала алмадым. Бар-жоғы 70 песо ғана және 30 песо салып жіберсеңіз екен, шұғыл қажет болып қалды. Енді ақша салсаңыз, әсте, поштадан сала көрмеңіз, өйткені пошташылардың оңған біреуі жоқ. Өңкей қарақшы. Ланкер».
Дайындаған: Сұңқар Ақбоз
Сурет: panoramio.com