- Негізгі бет
- Көкжиек
- Таласбек Әсемқұловтың тағылымды...
Таласбек Әсемқұловтың тағылымды ойлары
Қазақ мәдениеті мен өнерін зерттеуші, жазушы, кинодраматург, күйші Таласбек Әсемқұловтың дүниеден өткеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Алайда оның өлмес туындылары халық арасында мәңгі жасай берері хақ. Таласбектің "Абайдың ұлы жұмбағы" атты көлемді мақаласынан өмір, адам, сезім қасиеттері турасында айтылған афоризмге бергісіз ойларын жинақтаған едік. Оқып көрейік!
***
Адамдар бір-біріне байланғаннан басқа ештеңені білмейді. Бірақ сіз басқаға жармасқан сайын, ол сізден қашады. Неге? Себебі, бостандық сезімі, азаттық түйсігі адам жанымен бірге жаратылған.
Азаттық аңсары басқа сезімнің барлығынан биік, барлығынан терең. Сондықтан сіз азаттықтың жолына махаббатты да шаласыз, бірақ азаттықты ешқашан құрбан ете алмайсыз.
***
…Біз қолымыздан келгенше бақытсыз болуға тырысамыз. Адамдар өзін сырт көзбен көре алмайды, көре алатын болса, өздерінің осы қалпына күлер еді. Адам бар ақыл-ойын осы бақытсыздыққа жету жолына жұмсайды. Өмір адамға екі мүмкіндіктің екеуін де берген. Күн мен түнді де, гүл мен тікенекті де. Барлығы сіздің таңдауыңызға байланысты. Таңдаудың кереметі сонда, егер де сіз тікенекті таңдасаңыз, күндердің күнінде тікенектен басқа ештеңе де жоқ екенін көресіз, себебі, сіздің санаңыз осыған ғана үйренген. Бұ дүниеде тікенектен басқа гүлдің де бар екені, түннен бөлек күннің де бар екені... әрине, ойыңызға кіріп те шықпайды.
***
…Адамдар неге бір-бірін іздейді? Жалғыздықтан қорыққандықтан. Өзінің ішкі әлемінен пана таппаған адам басқаны іздейді. Бірақ тапқан адамы ол да жалғыздықтан қашып келе жатқан қашқын болса ше? Екі адам қысқа мерзімге ғана тіл табысады. Әрине, мұны махаббат деуге қиын.
***
Әдепкі адам жалғыз жүргенде бақытсыз. Ол өзінің ішкі әлемін құла медиен деп түйсінеді, өзін дүниеден бос қалғандай сезінеді. Ондай адам жалғыз жүре алмайды. Жалғыздықтан қатынасқа қашады. Еркек жалғыздықтан қашып, әйелді табады, әйел жалғыздықтан қашып еркекті табады.
***
Бұл шын қатынас емес, үстірт беті ғана, себебі, екі адам бір-бірін жалғыздықтан құтылудың амалы, құралы ретінде ғана пайдаланады.
***
Біз достықты ойлап шығардық, қатынастарды ойлап шығардық. Не үшін? Жалғыз емеспіз деп айту үшін, жалғыз емес екенімізді көрсету үшін. Бірақ не істесек те, барлық әрекетіміз – зая, себебі, адам өз жанының түкпірінде жалғыз екенін ешқашан ұмытпайды.
***
Адамдар бір-бірімен тілдеспейді – бар болғаны бір-бірінің жанында отырып сөйлейді. Көзіңізге жолды елестетіңіз. Сонау көкжиекте жолдың екі шеті түйісетін сияқты. Бірақ бұл иллюзия. Жақын барыңыз, жол – баяғы жол, екі қаптал…
Н. Айдархан