- Негізгі бет
- Көкжиек
- Табылды Досымовтың күнделігінен...
Табылды Досымовтың күнделігінен
Бүгін қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымовтың дүниеге келген күні. Аталған күнге орай ақынның күнделігінен үзінді ұсынып отырмыз.
Бауыржанды «Үсенин» деп атайтынбыз
Жатақханада да, әскерде де бір жерде болдық.
Мен 1982 жылы ҚазГУ-дың журналистика факультетіне түстім. Бауыржан Үсенов біздің алдымызда ғана оқудан шығып кетіпті. Бірақ оның дүмпуі, жырларының лебі жетті бізге. «Қара машина» сияқты әндерін білмейтіндер кемде-кем еді. 1983 жылы оқуда жүрген жерімнен әскерге шақырылдым. Кетуге дайындалып жатқанымда жатақханаға менің орныма бір жігіт келді. Бауыржан Үсенов осы екен. Әскерге аттанып кеткенше бірге жүрдік. Оны орыстың ұлы ақыны Есенинге ұқсатып «Үсенин» дейтінбіз.
Сөйтіп, Германияға әскерге кете бардым. Бір қызығы, мен барған полкта маған дейін Бауыржан болған екен. Жатақханадағы бөлмеміз де бір, әскерге барған жеріміз де бір. Қалай таңғалмайсың?!
Әскерде жүріп шахматтың қорабынан домбыра жасадық. Қазақтың жігіттері өзіміз бас қосып, ән салып, домбыраның үніне елтіп отыратынбыз. Елге, жерге деген сағынышымызды осылай басатын едік.
Екі жылдан кейін ҚазМУ-дағы студенттік дәуреніме қайта оралдым. Әлгі домбыраның арқасында шыққан «Солдат сағынышы» деген жаңа әнді ала келдім. Бірақ Бауыржан: «Бұл ән сенің табиғатыңа келмейді, мен айтайын», – деп қалап алды.
Картоп қазған классиктер
1986 жылы Қостанай облысындағы Бозкөл деген жерге картоп жинауға бардық. Бір күні «Үсенин» бір ән шығарғанын айтты.
Тырналарды тыраулатып,
Қоңыр қазды қыраулатып,
Мысықтарды мияулатып,
Көктем келді туған жерге
Көктем келді думанды елге, –
деп келетін жерлері әлі есімде. Ән орындалып бітісімен курстасымыз Әубәкір Смайылов тұрып: «Бәуке, мына ән осындай сөзге қор болмай ма. Мынау ұят қой!» дегені.
– Ұят болса, өзің жаз!
Әубәкір намысқа тырысып, бір күннің ішінде жазып берді.
Адамбыз ғой кінәлағыш, айыпты да тағар оңай,
Кеттің неге жырақ алыс, кеттің неге ағаламай?!
Мен тайыздық таныттым ба, бақытымды бағаламай?!
Бұл қоштасу қайбір, жаным, тиді дейсің маған оңай?!
Ұя салдың жағаға қай?
Менің аппақ шағалам-ай!
Сөзі мен сазы бір-біріне керемет жарасып тұр. Бауыржанның өзі де әнді гитарамен керемет әсерлі айтатын еді ғой. Бәрімізге ұнады.
Картоп қазудың қызығы мен шыжығына тойып, ҚазМУ-ға қайттық. Жолда екі-үш вогон толы қыз-жігіттер Алматыға жеткенше Бауыржанның әнін айтып барды. «Ақшағала» деп аталатын осы әнді қазір Саят Медеуов пен Ақбота Керімбекова орындап жүр.
«Мен жастарға сенемін»
Қай заман, қай дәуір болмасын адам сан құбылады. «Біздің заманымыздағыдай жастар неге жоқ?» деп кінәлау дұрыс емес. Өйткені өз заманында әркім өзінше өмір сүреді. Бүгінде заманға сай биік деңгейде қызмет жасап жатқан білімі бар жастардың қатары көбеюде. Шетелде білім алып жатқандар қаншама?! Олар біздің заманымыздағыдай уақытты бос өткізбеуге тырысады. Ал біздің заман жастары ештеңеге уайымдамады, дайын жұмыс, мемлекет әрбір адамға жауап берді. Бүгін – нағыз бәсекенің заманы. Әркім өз күнін өзі көреді. Жоғарыдан жәрдем күтпейді. «Қайтсем жағдайымды дұрыстаймын, қалтам қампайып жүрсе, астымда көлік болса» деп ойлайды. Бұл – дұрыс. Бізде қазіргі жастардай ұмтылыс, ондай арман болған емес. Баспанасын алып, өз тапқанына отау тігіп, той жасап жатқан жастардың ұмтылысына қуанасың. Қазір жастар тек қана өзіне сенеді деп айта аламын. Ондай жастарды сыйлау керек. Демеу керек.
Ал енді қазақылық, салт-дәстүріміздің, тектілігіміздің бояуларын жастардың бойынан таба алмай бара жатсақ, аға буынның осы тұрғыдан өкпесі орынды…
Сегізінші сыныпта поэма жазған «Үсенин»
Бауыржан ең алғаш сегізінші сыныпта оқып жүргенде көрші ауылға түскен келіншекке ғашық болған. Соған арнап «Бір келіншек» атты өлең шығарған, ән жазған. Кейін «Бір келіншек» үлкен поэмаға ұласты. Бірақ сол шығармасын ешқайда жариялаған емес. Қазір қайда екенін білмеймін.
Артында қалған әндері баршылық. Бірақ «Ақшағаладан» басқа әндері орындаушысын таппай, тыңдарманға жетпей жатыр. Мен өз қолымдағы шығармаларының басын қосып, жиып-түйіп қойдым. Оның бәрін реттеп, нотаға түсіру керек. Оның бәрі орындаушысын тапса, нағыз хитке айналатын дүниелер ғой...
Ш. Талап