- Негізгі бет
- Көкжиек
- Табиғат Абаилдаев: Атақ...
Табиғат Абаилдаев: Атақ үшін арыңды сат, ұялма!
Жас ақын Табиғат Абаилдаевпен сұхбат.
***
Жас ақын Табиғат Абаилдаев 1988 жылы 4 ақпанда Т. Рысқұлов ауданы Құлан өңірінде дүниеге келген. 2011 жылы М.Х Дулати атындағы ТарМУ-ды филология факультеті бойынша тамамдаған. Бүгінгі таңда Жамбыл облыстық Арай жастар газетінде тілшілік қызмет атқарады. Жамбыл облысы әкімі сыйақысының, облыстық, республикалық мүшәйралардан жүлдегері.
Қ.Қ: Алғашқы өлеңіңді қай жасыңда жаздың, қай басылымнан жарық көрді демей-ақ қояйын, өзіңді қай өлеңнен бастап ақынмын деп сезіне бастадың?
Т. А: Шамамен 7-8 сынып оқып жүрген кезде мемлекеттік тіл туралы өлең жазғаным бар. Алғашқы жазған шатпағым сол. Оны аудандық "Құлан таңы" газеті басты. Бірақ, мен ол өлеңдерді жалпы 22 жасқа дейінгі жазған-сызғандарымды өлең деп есептемеймін. Өйткені онда тек қана ұйқас бар. Қалғаны оңып тұрған жоқ. Қазіргі замандастарымның жазып жүрген дүниелеріне қарап, өзімді салыстырмалы түрде ақынмын деуге болатын шығар. Бірақ, әлі толыққанды ақын бола қойған жоқпын. Өзімді ақынмын деп ойлаған күннің өзінде толыққанды ақын болдым деу қиянат шығар. Бастысы сөзге, сосын өзіме жасалған қиянат болар еді. Ел қатарлы кітаптар оқыдық. Жұрт оқыған ақындардың бірерін мен де парақтадым. Дәл қазір өз басым 2000-ның үстінде кітап оқыған болсам, оның дені жаратылыстану ғылымына байланысты деп ойлаймын. 95 пайызы екеніне сенімдімін. Қазақтың игі жақсыларының да біразын оқыдық, көкейге тоқыдық. Шетелден Шекспирдің сонеттерін әлі күнге парақтап отырамын
Қ.Қ: Тараздың, Оңтүстік Қазақстанның әдеби ортасы туралы еміс-еміс естіп қаламыз. Сол жас буынның ішінде өзің де барсың, енді осы орта жайлы, ақындар жайлы айтып берсең?
Т. А: Әргі-бергі тарихты айтып пәлсапа соқпай-ақ қояйын. Қазіргі жастардың алдында Ерлан Жүніс, Олжас Сәндібек секілді жігіттер болды. Хамит Есаманның да жазғандары бір төбе. Жұлдыз Бейсек деген жақсы қыз бар болатын. Бүгінде отбасылы болыпты. Күнделікті күйкі тірлікпен жүрген болар. Ал дәл қазір оңтүстікте жас ақындар Құдайға шүкір баршылық. Шымкентте Әлімжан Әлішер деген бауырымыз бар. Ал Таразда жүрген жігіттердің бәрі дерлік жақсы жазып жүр деп жеке өзім сенімді түрде айтар едім. Нұржан Қадірәлінің, Жанғазы Ахметтің, Данияр Әлімқұлдың, Наурызбек Саршаевтың, Мәулен Жаппасбаевтың, қазір Таразда қайта оралған Хамит Есаманның жазып жүргендеріне риза боламыз. Өз басым Данияр, Жанғазы, Наурыздармен күнара жолығып тұрамын десем, артық айтпағандығым болар. Әрқайсысы өз сүрлеуін таба алатын, талантты жігіттер деп ойлаймын. Жасы кішісі бар, үлкені бар, осындай жігіттердің ортасында жүргеніме қуанамын. Бөліп жарып айтпай-ақ қояйын, бірақ әрқайсысының шығармашылық потенциалы жоғары екеніне күмәнім жоқ. Тараздық таланттар шоғыры мұнымен тоқтап қалмағанына сенімдімін, аты аталғандардан бөлек тағы бір топ жігіттер жазып жүр, олардың шығармашылығымен әлі толыққанды таныспаған соң, көсемсімей-ақ қояйын. Көпіріп мақтаудың, болмаса мақтанудың қажеті шамалы. Ардың ісі саналатын әдебиет әлемінде кейде қулық-сұмдықтар да бар. Бірақ Тәңірдің көзі түзу болса, осы жігіттердің әрқайсысы күні ертең есімін мақтанышпен айтатын азаматтар болады деп сенгім келеді.
Қ.Қ: Ұмытпасам "Шабыт" фестиваліне де бірнеше рет бардың ғой деймін. Өзің құралпылас қыз-жігіттердің ішінде осы фестиваль туралы дау көп. Жалпы әділетті мүшәйра деп оайлайсың ба? Аға буын қазіргі жастар поэзиясын осы "Шабытқа" қарап бағалағаны дұрыс па?
Т. А: "Шабытқа" өткен жылы бірінші рет қатыстым. Оның алдында жігіттер қатысу туралы айтқанда маңайына жолаған жоқпын. Өйткені бабымда болған болмадым. Күлкі болғым келмеді. Өткен жылғы шабытта қандай оқиғалар орын алғанын бәріңіз білесіздер. Біреуді күндегенім емес, бірақ гран-приді алған жігітті талай адам менен сұрады. Ол кім дейді? Шыны керек ол жігітті өзім де танымайды екенмін. Талай адам аң таң болды. Мақұл делік. Біз-ақ ақымақ болайық. Ондай болса аса салиқалы апайымыз Фариза Оңғарсынова марапаттау рәсімінде жүлде алғандарды неге мұқатты? Әлгі жеңімпаз атанған жігітке "Сен енді ақын емессің ғой, режисерсің" деп бір қағытты. Тағы біреуге "Сен сахнаға шықшы, саған звоноктар көп болды" деп бір соқты. Қаршадай Қарлыға деген қызға "Сен Атыраудан болған соң жүлде алып отырсың" деп сөкті. Тағысын тағы дегендей. Бұл қалай сонда? Поэзияның бетіне түкіргендері ме? Беретін жүлдесін беретін адамдарына бере берсін, бірақ халықаралық деген дардай аты бар фестивалде осындай сөз сөйлеп, байқауды мазақ қылғандары, білгенімізді істейміз дегендей естілді. Жарайды, сол кісілер бәрін біледі ғой. Әрі қарай үндемей-ақ қояйын. Қалғанын ақылдылар айта жатар. Әр адамның жұлдызы жарқырайтын шағы болады. Сондықтан "Шабытқа" да, басқаға да қарап біреудің талантын бағалаған дұрыс емес шығар. Біреу сағымды сындырды деп, боркеміктей езілуге болмайды. Қайта күресе түсу керек. Тек үнсіз. Бізге ақиқат айтуға болмайды. Өйткені уақыт басқа қарамайды екен, жасқа қарайды.
Ал уақытты билейтін әдебиеттің кейбір диктаторлары, реформа жасайтын кісілер ғой.
Қ.Қ: «Жалын» баспасынан шығып жатқан кітаптар жайлы жақсы білетін шығарсың? Былтыр 22 жас ақынның кітабы жарық көріп үлгерді. Бұл қатарда өзіңнің құрбы-құрдастарың да бар. Сол туындылар жайлы не айтасың, барлық автор «Кітабы шыққан ақын-жазушы» деуге лайық па? Өзің алғашқы жинағыңды қашан берейін деп отырсың? «Жалынға» кітап толмай жатыр екен» дегенді біз де естиміз. Қарманып қалу ойда жоқ па?
Т.А: Өз басым тәуекелшіл қыз-жігіттерді ұнатамын. Мен егер қазір 21-22 жаста болғанымда, дереу кітап шығарар ма едім? Кім білсін. Қазір ойланып жүрмін. 25 жастан асып бара жатырмын. Замандастардың кітабын оқып тұратынымыз бар. Көбінесе көңілім тола бермейді. Менің ойымша кітаптың сексен пайызы оқылуы тиіс ең кемі. Сосын өлеңдерден нар тәуекелді, шынайылықты көргім келеді. Өкінішке қарай, ондай кітаптар аз. Өз басым тамсанып оқыған кітаптардың соңғылары Бақытжан Алдиярдың "Қазығұрттың қоңыры" мен Ерлан Жүністің "Киелі түндердің дұғасы" ғана. Олжас Қасымның кітабында кездесетін бірлі-жарым өлеңдер ұнады. Басқа ештеңе айта алмаймын. Ал өзім дәл қазір кітапты шығаруға дайынмын. Бірақ кітап шығаруым керек екен деп әр есікті бір тоқылдатқым келмейді. Үлкендер жағы көріп, "Әй, сенің кітабыңды шығарайық" деп жатса, құба-құп. Ал кейбіреулер құсап, Одаққа барып, жұрттың миын ашытып, кітап шығару ойымда жоқ. Мемлекет қамқорлық жасаса қарсылығым жоқ. Осыдан бір-екі жыл бұрын қалталы азаматтар кітабыңды жарыққа шығарайық деген кезде қарсы болдым. Өйткені өзім дайын болғаныммен, сөзім дайын болмады. Санға емес, сапаға назар аударғым келеді. Әйтеуір кітабымның бір шығатынына сенімдімін. Қашан екенін Құдайдан басқа ешкім білмейді. Ойқы-шойқы мінезім де кейде өзіме кері әсер ететіні бар. Замандастарым туралы жақсы пікірдемін. Кім не десе, о десін, біздің буында тәуекелге бара алатын жігіттер баршылық. Бұның өзі де жетістік.
Қ.Қ: Әңгімеңе рақмет, Табиғат. Енді массагеттік оқырмандарға бір-екі өлең оқып бересің ғой?
***
АТАҚ ҮШІН АРЫҢДЫ САТ, ҰЯЛМА!
Өліп-талып құмарлықпен үздіккен,
Танауынан бүр ататын күздік дем.
Көргенінен көрері аз шалдардың,
Ойыншығы секілді ғой қыз біткен.
Жарлығы мол, жарым есті елер кім?
Тарлығы сол, төмен етек өреңнің.
Обалына қала бердің неліктен,
Жазығы жоқ, жазылатын өлеңнің.
Сендер үшін жөні түзу бата мұң,
Соны ойласам қалың ойға батамын.
Қымсынбастан қоңырауды шала бер,
Қойнында тұр, қара шалдың атағың.
Жараспайды түр келтіру ұяңға,
Абыройсыз жетелейді сый алға.
Ұмыт сәтке үйіңдегі жарыңды,
Атақ үшін арыңды сат, ұялма!
Өмірді ойлап терең ойға батпадың,
Өлеңді ойлап түнде тыныш жатпадың.
Ақын деген аттан садаға кеткір,
Айтшы сенің кімге керек тақпағың?
Мойыныңды атақ жаққа бұра бер,
Жас байталдан шыға қойса құлагер.
Жас ақынның қойынынан сытылып,
Шал ақынның қойынында тына бер.
Түбі соған боп аларсың мұрагер...
ӘЛЕМГЕ КЕРЕКПІН МЕН!
Жанардың қуысында,
Жазбаған жатыр әнім.
Жүрегім, уысыңда,
Жамылар топырағым!
Өзіме өзім бөтен,
Неліктен зорсынамын.
Кездерім төзімге тең –
Келеді жол сұрағым...
Құрдымға түсіп кетпей,
Ішімнен тына бердім.
Жанымнан ұшып кетпей,
Жүрегім тұра бергін!
Сейілмес базынам да,
Жазылмай жатыр әнім.
Өмір боп жазылам да,
Өлең боп оқыламын!
Ақынмын, дерегім саз,
Өрлеймін өр екпінмен!
Әйелге керегім аз,
Әлемге керекпін Мен!
Сұхбаттасқан: Қайсар Қауымбек
Сурет: жеке мұрағаттан
Қ. Қауымбек