Кез-келген кітаптың кодтық сөздері болады. Сол сөздерді көрген кезде, бұрын оқыған кітабыңның концепциясы көз алдыңда жүгіріп өтеді. Әлбетте, ол пікірлерді оқырман өзі таңдауы керек. Өзі иланып, пікірлесіп, жанына жақын сөздерді қағазға түртіп отырса, оқыған кітабын ешқашан ұмытпайды. Керек кезінде талдап, тарқатады. Кейбір авторлардың қарапайым да, құнды пікірлерін назарларыңызға ұсынып отырмыз.
***
Егер сіз солақай болмасаңыз, сіздің оң қолыңыз басыңыздың бұйрығы бойынша әрекет жасайды.
Ицхак Калдерон Адизес
***
Тобыр – қоғамның жоғарғы сатысында тұрған белгілі күштерге бойсұнады, олар өз беттерінше дербес ойлай алмайды. Солардың ішінде әлгілер үшін ойлайтын, ұлттық тобырлық сананы қалыптастырып, қоғамдық қозғалысқа келтіретін аз санды ғұламалар болады. Аз санды кемелдер қоғамды кесіп-пішеді, қалғандары құп алады, сөйтіп қозғалысқа түседі... Ал, енді айтыңыздаршы, осы біздің ғұламаларымыз қайда, біздің кемеңгерлеріміз қайда?... Қайсымыз бір нәрсеге бас ауырттық, сонда біз үшін кім басын ауыртады?!
П.Я.Чаадаев
***
Адамның ығына жығылмайтын кісілердің екі түрі бар: 1) Өзгенің сөзінен өзінің пікірін табатындар. 2) Өзінің сөзінде өзгенің пікірін қайталап алатындар.
В.О.Ключевский
***
Еркін ой дегеніміздің өзі ойлау жүйесінің бір түрі болып табылады. Еркіндігінің шегі бар деп немесе шетсіз-шексіз әлем деп ойлайсың ба, бәрібір, әйтеуір, түйсігіңді қозғалысқа келтіретін бір себептің бар екенін мойындайсың: сондықтанда сен мұны бостандықтың басы деп емес, шарттылықтың бастамасы деп қарауың керек.
Спиноза
***
Менімше, цивилизация сияқты мың сан үйірден тұратын ұлы ұғымның ішіндегі алмауыты осы – ойлана білу, оның мәдениеті. Бұл болмайынша ұлттық сананың ілгерлеуі қиын: бұл болмайынша манағы айтқан еркіндігіңіз саяси-философиялық түсіндірме сөздіктердің ішіндегі жеті жол ергежейлі петит болып қала береді. Мәдениетін былай қойғанда, біз ойланудың өзінен қорқамыз. Күркіреген қырықыншының сарыны санада оймен бетпе-бет қалудан қорқамыз. Қушық шеке болса амал нешік, ал айтары бардың ойдан, ойланудың толғағынан қорқуының өзі мәдениетсіздік. Іште, қараңғыда жатып ұлығанмен ойдан батыл, ойдан жылдам не бар? Оның жылдамдығымен шендестіргенде дыбыстың, сәуленің жылдамдығы деген – не? Тек ол – қордаланған ой – мәдениетке ғана тән абай-сабырдың безбеніне түсіп, тезінен өтпесе, әрине, болмайды; өйтпеген күнде жалаңбұт патриотизмнің пайдасынан зияны, түзігінен қисығы басым боп отырады. Әсілі, қым-қуыт өмірдің көп саласында, әсіресе өнерде, оның ішінде сөзінен ойы, баяндауынан баяны озып тұрмаққа керек өнерде кемталант болғаннан бейталант болған артық. Бейталант – бейтарап, ал, кемталанттың – тілден бастап, ділге дейін сұғынбайтын жері жоқ. Өзінен өреліге көзі түсе, пәлсапа айтқан болып қатын байбаламға салады; кухниядағы капуста қыршылдатар қор пышақ екенін мүлде ұмытып, жезмойын кездіксініп телше тілеп, телше тілгісі кеп тұрады. Түйін? Түйін сол – өлердей «патриот» боп келетін шала интеллигент болғаннан болмаған да дауа. Көп кикілжің бәленің көбі – арыз, күстәналау, айтпағанды айтқан қылу т.т. – осы кемталанттан, шалабек пен алабектен қоздайды. Әзіл деп ұғыңыз: ду қол шапалақтау мен овацияның некесінен керең туады; ал, шала менен аланың некесінен өзін қоғамның қорғаны санайтын опасыз пысықай туады; тексіздігін тектілікке теңгерер «сегіз қырлы серілер» туады; туады да, онсыз да миы ашыған халықтан ми-палау жасайды.
Асқар Сүлейменов
***
Шығар есігін таба алмай, уайым-қайғының ішіне кіріп алып, қамалып қалмақ, ол өзі де – бір антұрғандық.
Абай Құнанбаев
***
Тыныштықтың ішіндегі тыныштық – нағыз тыныштық емес. Тек тыныштыққа қозғалыс арқылы ие болғанда ғана шын мәнінде аспан табиғатының парқына жетесің. Сауықтың арасындағы сауық – нағыз қуаныш емес. Тек қана қайғы арқылы қуаныштың не екенін ұққан кезде жүректің немен өмір сүретінін түсінесің.
Хун Цзычен
***
Милиардтап саналатын адам баласын, бірақ, бірге сақтайтын қойма қайда? Мүмкін, өмірде табысқа жету үшін шамамыз келмейтін айға қол созудан саналы түрде бас тарту керек шығар. Төңірегіміз толған жау екенін кеңпейілдікпен мойындау керек шығар. Сөйтіп, шапшаңырақ өз бойымызда жалғыздыққа қарсы тұрар тегеурін қалыптастыру керек шығар.
Кобо Абэ, «Бөтен бет»
***
Оқу жақсы әрi оқу керек те, бiрақ мәңгi шәкiрт болып қалу адамға да, халыққа да қасiрет.
Н.М.Карамзин
***
Қарызды еңбек үшін алсаңыз, жемісті болады. Ал қалғаны – құр нәпсінің бұйрығы.
Спарталық данышпан
***
Бәрінен бұрын әркім өзі болып қалуға тырыссын.
Спиноза
Борхестің ойлары
Қоштасу - мәңгілік ажырасуды жоққа шығару деген сөз. Яғни, бүгін ажырасқандай боламыз, бірақ ертең... сөзсіз кездесеміз. Адамдар өздерін кездейсоқ әрі қас қағымдық құбылыс санаса да, мәңгі өлмейтіндерін біліп, қоштасу дегенді ойлап тапқан.
***
Батылдық — шыдамның жемісі ғана. Біреудің төзімі - үлкен, екінші біреудікі - аз. Алайда ерте ме, кеш пе солардың екеуі де әлсірейді.
***
Нағыз әдебиет аңыз боп басталады, аңыз боп бітеді...
***
Мақсатыма адами ғұрыптың қарапайым қағидасын орындасам ғана жетем.
***
Қателіктен бірнеше адамның кейпінде болыппын. Енді өзім - өзім болсам деймін.
Чадаев
Адам өмірінің мәні неде, − дейді Цицерон /5/,− егер өткен уақыттар туралы жады қазіргіні өткенмен байланыстырмаса? Біз болсақ дүниеге заңсыз некеден туған балалардай, мұрагерліксіз, жер бетіндегі біздің аға буынның біз дүниеге келгенге дейінгі қалдырғанынан ешнәрсені жүректерімізде сақтаған жоқпыз. Біздің әр қайсымыз өзі туысқандығының үзілген жібін жалғастыруыңыз қажет. Басқа халықтарда жай ғана әдет, инстинкт болған нәрсе бізде өзіміздің басымызға балғаның соққысымен ұрып кіргізуіміз керек. Біздің еске түсірулеріміз кешегі күннен әрі кетпейді; біз өз-өзімізге бөтен сияқтымыз. Біз уақыт бойынша қызық шерулейміз, тіптен, алға жылжыған сайын өтіп жатқан нәрселер біз үшін ізсіз жоғалады. Бұл толықтай көшіріліп алынған және ұқсауға ұмтылатын мәдениеттің табиғи салдары. Біз ішкі даму, табиғи прогресс толығымен жоқ; бұрынғы идеялар жаңаларымен ысырылынып тасталады, өйткені, соңғысы алдыңғысынан туындамайды және қайдан келетіні белгісіз дүниеге келеді. Біз тек толық дайын идеяларды қабылдамаймыз, сондықтан ойдың бірте-бірте дамуымен зердеде қалатын іздер парасат күшін қалыптастырады. Біз өсеміз, тек пісіп жетілмейміз, біз қисық сызықпен алға жылжимыз, яғни мақсатқа жеткізбейтін линиямен қозғаламыз. Біз өзінше ойлауға үйретілмеген балалар сияқтымыз, сондықтан олар өскен кезде өзіндік ешнәрсе жоқ болып шығады; олардың барлық білімі үстірт, олардың жаны олардан тыс. Міне біз сондаймыз.
***
Халықтар жекелеген тұлғалар сияқты адамгершілік иелері. Адамдарды жылдар тәрбиелейтін сияқты оларды ғасырлар тәрбиелейді. Біз туралы айтатын болсақ, онда біз халықтардың ішінде бөлектеу тұрған сияқтымыз. Біз адамзат тұқымының құрамдас бөлігіне кірмейтініне жатамыз, тек әлемге бір ұлы сабақ беру үшін жаратылған сияқтымыз.
***
Бұл қоғамда сенімдерден мүдделер қалыптасты, ешқашанда мүдделер сенімдерді тудырған емес. Барлық саяси революциялар шын мәнінде адамгершілік төңкерістері болатын. Ақиқатты іздеп еркіндік пен игілікті тапты. Жаңа қоғамның және оның өркениетінің өзгеше құбылуы тек осылай түсіндіріледі; әйтпесе онда ешнәрсе түсінуге болмас еді.
Бағлан Оразалы,
Дереккөзі: adebiportal.kz