Светқали Нұржан: «Елдің ең ұлы ақынына» деген жазуы бар хатты Есенғалиға жөнелтер едім

Бүгін Ұлт порталында белгілі ақын Светқали Нұржанның кең көлемді сұхбаты жарияланды. Жаңаша формада жасалынған сұхбат оқырмандар тарапынан қызу талқылану үстінде. Светқали ақынның сүбелі сұхбатын Массагет оқырмандарына қысқартып ұсынуды жөн көрдік. 

Жапан даладағы жалғыз байғыз

(Үштаған)

Сөз Иесі: Светқали Нұржан

Тергеушілер: Шерхан Талап, Айбол Исламғали

Ақылдың сұрағы: – Еркін Ібітанов, Сағат Әбдуғалиев, Серік Томанов... Армандарыңыз жасырынған көне кітап ашылмаған күйі «қошақан-даланың» кеудесінде қалып қояды деп қорықпайсыз ба?

– Олар елде тұрғандықтан өз мүмкіндігінше ашыла, таныла алмай кетті дегілерің келіп отыр ғой? Қазір заман басқа, заң бөтен. Көпке танылудың мүмкіндігі мол, түрі көп. Тіпті, қаттырақ «танылғың» келіп бара жатса, батпақта, шаңдақта аунап жатып өткен-кеткенге топырақ, балшық  шаш. «Тәксіз» өскен есер балаша… Бірақ бұлай танылудың қасиеті жоқ. Қасиетсіз нәрседе өсиет бола ма? Өсиетсіз нәрсе кімге опа берген?!

Ал енді, қазақ поэзиясының бастарын қырау, кірпік-жапырақтарын мұнар шалған бірнеше зәулім қарағайлары, шартты түрде айтқанда, елде тұрмай ма? Алдыңғы буында Нармахан Бегалиев, Қуандық Шолақовтай ғажап ақындар бар. Прозашы Несіпбек Дәутаевтар да елде тұрдым екен деп көштен қалған жері бар ма? Қайта, «кімің бар?» дегенде осылар ауызға алдымен ілінбей ме?! Оның үстіне, қазіргі ақпарат тарату мүмкіншілігі  кеңейген тұста, «көне кітап» көміліп қала қоймас. Мейлі, Парижде, мейлі, провинцияда бол, қаламгерге қойылар жалғыз ғана талап бар. Ол – мігірсіз және жақсы жазу!

Ойдың сұрағы:  – Жаныңыздың күмбезіне қонақтап сұңқылдаған жалғыз байғыздың жыры қандай?

-  Жалғыз байғыздың жыры – мәңгілік серігім. Біздің елдің келіндері байғыздың атын «тергейтін»: «Мұраталы», «Мұратты құс» деп атар-ды. Байғыз шақырса, оған қарап сәлем салып жатқан жеңгелерді көріп өстік. «Әй, әруағыңнан айналайын әулие жұрт, ырымың қандай киелі еді, ұғымың қандай жүйелі еді!» – деп толқимын осылар еске түскенде… Қазір құсқа түгілі, Құдайдан соңғы құрметтілері – ата-енесіне, қайынаға, қайынапа, абысындарына сәлем етіп, атын тергесе, «ойбай, бұл – ширк!» деп қышқырып жіберетін бір жындысүрейлер қаптап кетіпті ғой… Ал менің байғызым мен өлгенде де моламның атанағында сұңқылдап тұра береді. Оған күмән жоқ. Тек, жалғыз байғыз жыламаса екен, көбірек күлсе екен деп дұға қылып жүрем. Өйткені ол жыласа – жаманшылық, күлсе жақсылық болады. Міндетті түрде! Бұл жөнінен әрбір адам – иброгасил. Басыңда байғызың болудың бір шарты: киелі ағаш күйелі ағашқа айналып кетпеуге тиіс! Егер күйелі ағашқа айналсаң, Мұраталы құс басыңнан ұшып кетеді. Мәңгіге! Және жай кетпейді, жылап кетеді!..

Сезімнің сұрағы– Алматыны сағынасыз ба?

- Алматысын сағынбайтын жан, оның ішінде қалам иесі бола ма екен?! Алматы – «жастығымның жазғы бағы» немесе «жазғы жұрты»! Алайда 17 жасымда барған Алматының жұпары мен аңсарын кейін қанша іздесем де таппадым. Көзге көрінбейтін біреу оны ұрлап кеткен: бәлки, Алматыдан, бәлки, менің көкірегімнен… Дегенмен, жанының қуысына ара-тұра «жазғы бағының» іңкәр сәулесі түсіп тұратын адам бақтан құр емес…

Ақылдың сұрағы: – Сыйлыққа ұсынылу – ел ардақтыларының арасына от тастаудың әдемі үлгісі...

– Неге олай болуға тиіс? Мысалы, мені биыл жоғарғы сыйлыққа ұсынды. Алғашқы айналымнан өтпедім. Сөйтті екен деп, неге «бір жерімді» ашып, күлімді немесе жынымды шашуым керек?! Неге өлілермен «жаға жыртысып», тірілермен жүз шайысуға тиіспін?! Басқаны қайдам, өзімнің өйтуге хұқым жоқтығын жақсы білем. Биыл алмасам, келесі жолы алармын, бермей жатса, атамнан әрмен! Мем.сыйлық – менің бейітімнің басындағы көк құлпытас емес, сыйластығым мен қимастығымның садағасы!.. Қазақта «жүз көрісетін адам» деген сөз бар. Ал бір-бірімен жүз көріспейтін қазақ жоқ. Себебі оның «торқалы той, топырақты өлімі», «бөлінбеген еншісі» – дастарханы ортақ. Болмашы нәрсеге бола өзді-өзіне ор мен көр қазған, арыз ұйымдастырған, «қол» жинаған, аяулыларының әруағын күңіренткен, бір-бірінің ата-бабасын сөгіп қиянат қылған міскіндер ондай жерде не күй кешпек?! Расул Ғамзатов айтпақшы, «кейде былай да болуы мүмкін ғой»: сәл нәрсе үшін кеше ғана көрместей жауласқан екеудің бірінің ұлы бірінің қызын келін қылып әкеліп тұрса... Бұл бүгінгісі... Өйтпеген күнде де кез келген есі дұрыс жан Ертеңінің де қайғысын жеп, келер ұрпағының да бет-бедел, ар-абыройын ойлап жүруі керек емес пе?! Мейлі, тіпті, жүз көріспегеннің өзінде сол Сыйлық «татуды араз, жақынды жат қылуға» тұратын нәрсе ме?! Соған бола ылас ойын ойнау бойға мін, жүрекке кір жұқтырмай ма? Ол кірді қай моншаға кіріп тазартарсың?! Ал ондайлардың «елдің ардақтылары» атануға хақы бар ма?! Менің «сыйлық» туралы көзғарасым осы жобада. «Сыйлық тағайындау керек пе өзі?» деген сауалға жауап бере алмаймын. Ол мемлекеттің өз шаруасы. Мемлекет осы уақытқа шейін бір де бір шаруасын менімен ақылдасып шешкен жоқ, бұдан былай да өйтеді деп ойламаймын...

Ойдың сұрағы– Сіздің поштаңызға «Елдің ең ұлы ақынына» деген жазуы бар хат келіп түсті делік. Өзіңізде қалдырар ма едіңіз, әлде Гюгодай басқа бір ақынға жөнелтер ме едіңіз? Және ол «біреу» кім болмақ?

– В. Гюго – ақылды адам, ал одан үйрену керек. Мен ол хатты еш ойланбастан Есенғали ағамның эл.поштасына ылақтырар ем.

Сезімнің сұрағы: – Сіздің қасіретіңіз?

– «Қасірет» деген эмоционалды-экспрессивті реңкі тым қою қатыгез де қатерлі сөз. Ұлты – тәуелсіз, жері мен елінің қожасы – өзі, тілі – тақта, діні Хақта болса, ол адамда қасірет болмауға тиісті. Ал жеке бастың уайым-мұңы бола береді ғой...

 Ашудың сұрағы– Өлең жазу – өле алмаудың ермегі ме?

– Өле алмаудан бұрын, ажалынан бұрын өлгісі келетін жанкештінің ышқынысы... болуға тиіс-тін, шара не, бүгінде нарық жәрмеңкесіндегі «сөз-саудагерлердің» «айырбас-тауарына» айналып кетті.  

Ойдың сұрағы: –Сіздің де Күлтегіннің қара тасын құшақтап отырып айтар ішкі арман-тілегіңіздің бары анық. Баба басында қобыз-жүрек не деп күңіренер еді?

– Дәл сол өзім жазған «Күлтегін қаған басындағы Насыр мен Назым басынан өткен уақиғадағыдай» еңірер ем тастай түнде қара жаңбырға қосылып! Қобыз-жүрек сол құлақ-күйде дәп сол үнмен бабаурап бағар еді... Бәлкім, тағы біреулер шығып: «Бүгінгі ұрпаққа немесе әлем мен Ебіропаға Мағауин екеуіңнің консерватизмдеріңнің түк құны жоқ!» деп «үкім» шығарар. Әйтсе де, түптің түбінде, адамзат көшінің біз көксеген жайлаудан басқа барар өрісінің жоқтығы да айқындалар. 

Ақылдың сұрағы: – «Мойындалу үшін мүсінге айналу керек» дейді Өтежан. Бұл не – заңдылық па?

– Мүсінге айналу үшін де бірдеңе бітіру керек шығар?.. Есенғали бір сұхбатында: «Шахановтың оқырмандарының бәрі мені біле бермеуі мүмкін» депті. Ырас сөз! Өтежанның ұлы ақын екенін тірісінде көп жұрт білген жоқ, әлі де танып жатырғандар шамалы, әйтсе де білгендер, аз да болса, бар еді. Соның өзі молынан жетеді... Бұл – заңдылық, өйткені асылды танитындар қай кезде де аз. Кейін ақынның көзі жұмылып, оның тірісінде «көздің сүйеліндей» көзге ұрған кемшіліктері әдемі аңызға айналады. Сөйтіп әлгі таныған аздың дабылына танымаған көптің дабыры қосылады да, ақынның мүсіні сомдалады. Өтежан демекші, иманды болғыр, біреу жайлы қияңқы пікір айтып алып, артынан ол туралы еміреніп естелік қозғап отырар-ды. Түн ішінде Елдостың жырларын үнтаспадан тыңдап, екі-үш сағат еңіреп жылайды екен. «Жыласам, тазарам» дейтін. Марқума Күләш жеңгем айтатын: «Өтежан жылап отырса, қыздары: «Папа отанын сағынып отыр» деп күледі». Қыздары дұрыс байқаған, ақынды жылататын Шын Отан – Түп Иесіне деген шексіз сағыныш қана! Ал біз ұрмаса жыламаймыз...

Сезімнің сұрағы: -  Кеңсайға барғанда ең бірінші кімге көрісесіз?

–  Мұқағали мен Жұмекенге, сосын Бәукеңе.

Ойдың сұрағы: - Қазақ шайырларының еуропа ақындарынан несі кем, несі артық: Артюр Рембо мықты ма, Мағжан ба? Верленнің Абайдан айырмашылығы қандай?

– Біз «Құдай – бір, құран – шын» деп таныған жұртпыз. Абыл зәузатымыз. Ал ақиқатты тапқандар мен елес қуғандардың ара-жігін ашу көп қиындық туғызбаса керек. Асылы, Шарль Бодлердің «Цветы зласындағы» алты өлеңін «мәңгіге тұтқындаған» Париж сотын бірыңғай кінәлай берудің жөні жоқтай көрінеді кейде...

Қиялдың сұрағы:  - «Ел оқыған –Жел оқыған» өлеңді Уақыт жұтып қоймасына кім кепіл?..

– Бұған жауапты күнделігімнен алып берейін: «23 қараша, 92 ж. «Жазушы» баспасынан «Аруана» атты «Құдайы күлшедей» ғана тұңғыш кітабым жарық көрді. Тем-ақаң Медетбек Алматыдан авторлық үш данасын алып келіпті... Алғаш облыстық газетте сүйінші сұрап жазған Әбу-Мұрат Базарханұлына мынадай қолтаңбамен біреуін сыйға тарттым:

Кітаптың сипап көріп мұқабасын,
Сын тақпас әруақты Абай, сыпа Қасым.
Ертеңгі Ақ Сарайдың есігі бұл,
Сыйладым әзір саған жұқанасын!..

Ырым қылып кітап сөресіндегі Абайдың екі томдығының жанына қойдым. Сөйтіп, менің титтей «тырнақалдым» қалың томдардың арасына қысыла қызарып барып орналасып жатыр. Ұлылардың жанында қанша уақыт тұра алар екен?..» Оны мен әлі күнге дейін білмеймін, өзіме өзім «жаназа» шығармай-ақ қояйын, бар білетінім, саусағымнан қауырсын қалам біржола сусып түскенше жоғымды іздей беремін. Ол жоқ: қазақтың жоғы болып қалмақ...