- Негізгі бет
- Көкжиек
- "Сүйікті болудың көркі...
"Сүйікті болудың көркі – сүйе білуде"
Сан Маудың жазбаларын ұсынамыз:
-1-
Менің тұрмыс философиямда жеңіс пен сәтсіздік жайлы бұлжымас өлшем болған емес, меніңше өзімізді өзіміз қолпаштап қою, өзімізді өзіміз мөлшерлей білумен бірге өзімізді өзіміз өзгерте алсақ, өзімізді өзіміз қуанышқа бөлей білсек – жеңістің жемісі дегеніміз міне, осы. Біз қуаныш құшағында өмір сүруге міндеттіміз, тіршілігіміз үшін тырбынумен бірге, әр таңды тасқындаған жігермен қарсы алып, жеңіл-желпі сезілетін әрбір күндерімізден өзгелерге сәуле мен жылулық бағыштай білуіміз керек. Өзіңе тән әр уақытты өз әліңше қадағалай игеріп отыра алсаң, ғұмыр өзгеше мәнге ие болады.
-2-
Мына ойлар тілімнің ұшына орала береді: «Барлық пендеде оның өзіне тән материалдық және гендік қоры болады. Егер барлығымыз сау денелі, атпал азамат бола алсақ, маңымызды айналсоқтаған беймазалық пен рухани кірбіңдіктерді келмеске кетіруге осыншалық қиналып кетпеген болар едік. Сіз спортпен шұғылданасыз ба, сейілдеп бой жазасыз ба, күніне кем дегенде үш рет қатты күліп көрдіңіз бе, көкірегіңізді кере тыныс алған кездеріңіз болды ма, ас мәзіріңіз қажетіңізді қамдай алды ма? Демек, саулық қайда болса, шаттық та сонда.
-3-
Көкірек көзімізді кеңірек ашып, мынау ғаламға назар салар болсақ, біздің төлем беруімізге, бар ықыласымызды арнауымызға, ләззат алуымызға және жан-тәнімізбен сүюімізге татырлық көптеген іс пен адамдардың барлығын сезінер едік, әрине, бұлардың ішінде өзіміз де бармыз. Елеусіз кісімін деп өзімізді төменшіктете бермелік, бір өмір жалғыздықпен өтсек те, әрбір істе әділдік пен турашылдықтан жазбасақ, елі сүйген ерлерден кем түспес едік.
-4-
Өмір сүреді екенбіз – өзгенің көмегіне мұқтаж болатынымыз табиғи болмыс, дей тұрғанмен, өзгелердің жол көрсетуінде істелген іс пен өзіңнің ой таразыңда өлшеп тындырылған істің барысы мен мәні екі басқа болары шындық, өзіңнің қадағалауың мен ой талқысынан өткен істің нәтижесі анағұрлым шындыққа жанасымды әрі өзегі терең болар еді, демек, өзімізден басқа біз үшін тірліктің түп мәнін іздер жан болмақ емес.
-5-
«Қарбаластық – қайғыны ұмыттыратын табылмас дауа» дегенді көп адам өзіне қағида етеді. Өз басым қайғының қара бұлтын түретін тек тыныштық қана дер едім.
-6-
Жасырма, алдама, көкірегіңдегі көрікті ойды жүрек түбінде тұншықтырма, басқалармен үзеңгі соғыстыра берме. Сонда ғана дос-жараныңмен болған түсінікті тереңдетуіңе тиімді болады, көптеген істерге бағытталған баға, талдау тәсілі, өзіндік сенім сияқты өмір танымы өзгелермен ой тоғыстырғанда ғана өрелі бағытқа қарай өрбиді. Адам мен адам арасындағы алшақтық, жатырқаушылық сезімі өзара шын ниетте мәміле жасалғанда ғана жақындыққа қарай жылжиды.
-7-
Өмірде күндерін өксумен өткізетін, ашық-жарқын өтуге тырыспайтын, шарасыз шарттар ішінен де шалқып өтерлік орай іздеуге епсіз адамдар аз емес, ақылды, ойламды, ержүрек болуға құлшынайық, аспан аударылып жерге түссе де, сенімімізді өлтірмейік, аласатпай аптығымызды басып, тіршіліктің ең ұтымды жолдарын қарастырайық. Маңғаз да ойламды адам болу – біздің өмір бойы көкейімізде жүрген арман емес пе?!
-8-
Адам өмір сүреді екен басқалардың сүйіспеншілігін қабылдауға қақысы бар және басқаларға сүйіспеншілік бағыштай білетін әдетті жетілдіруге міндетті. Өзі басқаларды сүйе білмейтін жанның сүйіспеншілкке бөлену сезімінің қандай болатынын сараптауға да күйі келмес, білем. Өмір жайлы түсінігі таяз адамның жүрегін өзімшілдіктің жегі құрты жаулап алатындықтан, басқаларға сүйіспенішілік бағыштау жолындағы бодаулардың адамға қаншама ләззатті күй сыйлайтынын біле бермейді. Демек, сүйікті болудың көркі – сүйе білуде.
-9-
Өмірде біреулер бізден бет бұрды десек, ол өзге емес, өзіміз-дүр. Біз тек өзімізге ғана тәуелдіміз. Әсте басқаларға емес. Өз тұрмысын меңгеруге шебер адам салт басты, сабау қамшылы күйде болса да, әсте салынын суға кетірмейді. Сүлкінімізді түсіріп өмірге өкпе артқанды ғана білмей, келген күнді қарсы алып, кеткен күнге салауат делік, үміт ұшқыны сыйлаған шаттық пен көмбеге жету және де өзіміздің өнегемізге байланысты болмақ.
-10-
Өмірдегі істерге тек бір тұрғыда ғана назар салып, оның болмысына ойжоталықпен үкім шығара салу жарамайды. Адалдық, арамдық, жоғалту және қолға келтіру дегендердің шет-шегін өлшейтін бірлік болмақ емес, мәселеге ұқсамаған тұрғыдан талдау жасап талқылай алғанда ғана, бет келген болмысыңның бақ немесе сорға айналары жайлы көңілің көншірлік қонымды жауапқа ие бола аласың.
-11-
Табыс пен толысу белгілі бодаулардың арқасында ғана қолға келеді, дүниеде тегін жатқан нәрсе жоқ, еңбек етпей иемденетін игілік те болмақ емес, әдетте, адамдар табысқа талықпай-ақ жете салуды көксейді де, оның анау біртіндеп толысу барысын мүлдем естерінен шығарып қояды. Уақыт қарамаққа қатал-ақ, дей тұрғанмен, қажымай-талмай құлшынудан жалықпайтындарға күндердің бірінде, уақыт өзі-ақ жұғымды жауап пен татымды табыс сыйлайтын болады.
-12-
Алыс сапар қадамнан басталады. Бойкүйез пендеде еңбек жемісінен ләззаттанарлық салым болмайды. Себебі, ол талабына тұсау болған таяз санасына ерік беретіндіктен, арман-мұрат дегендерден орта жолда уаз кешеді. Бірінші қадамды басарлық сенімің болмаса, қарс жерге де қасқайып жете алмайсың. Ондайда, көз ұшында тұрған көмбе де көрген түс болып қала береді.
Талапты жандар аяңдаса да, алған бетінен қайтпай ақыры бір күні көңіліндегі көмбесіне жете алады. Алты белдің ар жағы болса да, жүре білген жанға таусылмайтын жол жоқ.
Сан Маудың өзге бір жазбасы: Шерлі құс (шалқыма)
Қытайшадан аударған: Қадила Нұрғалиқызы
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: photovide.com
M. Auelkhan