Әдебиет айдынындағы ауыр жүгін арқалаған жандардың алдыңғы қатарында жүрген, қазақ поэзиясының алтын қақпасынан өзіне ғана тәуелді мінезімен аттап, соңынан санаулы һәм саналы оқырман ерткен, жыр құрауда жанын шүберекке түйіп, құдіретті қалам мен қағазға жүрегімен жүгінетін ақын, Моңғолия Жазушылар Одағы Баян-Өлгей аймақтық қазақ қаламгерлер кеңесінің төрағасы, «Шұғыла» журналының бас редакторы Сұраған Рахметтің Алматыдағы кезекті сапары қазақ жастарын бей-жай қалдыра алмады. "Сұрағанның сырын білейік, Сұрағанның жырын тыңдайық" дегендер осы кешке жиналды.
Ақын да толқыныста, оқырман да тебіреніп отыр. Кеш әу бастан-ақ осылай өрбіді. Сұраған Рахмет:
"Айналайын, бауырлар, осы үлкен дүниенің айналасында жүріп жатқан қарашықтарым, шынын айтайын Ұлы Хафизден кейінгі алғашқы ілесіп отырған екі тылсым дүниенің арасында кездесу ұйымдастырып, дидар-ғайып болсын деп отырғандарыңа шын көңілден ризамын. Бұл бізге деген құрмет емес, бұл адамзатты әлденеше рет құтқарған поэзияға деген үлкен құрмет деп білемін. Сол құрмет үшін поэзияны сүйетін азаматтар, сіздерге, Моңғолияда тұратын біршоғыр қазақтардың, соның ішінде поэзия деп жүректері соғатын, сендердің сол жақтағы ағзаларыңның бір бөлшектері атынан сәлем беремін" деп ағынан жарылды.
Сырлы кеште поэзия, қазіргі қазақ поэзиясы, жас таланттар, әлемдік әдебиет, аударма, рухани сабақтастық туралы тұщымды әңгімелер айтылды. Кеш жүргізушісі, ұйымдастырушысы Мұрат Шаймаранның бірнеше сұрақтарына жауап берген ақын, қарашаңырақтың жастарын тыңдағым келеді деген ниет-тілегін білдірді. Сұрағанды іздеп келген қауым да іркіліп қалмастан көкейде жүрген сұрақтарын ортаға салды.
– Сіздің поэзияңыздағы ерекшелік қайдан, кімнен келді?
– Мен осы сауал қойылғанда қашанда айтып жүретін «ғарыш» деген дүние бар. Мәселен, Хафиздың ғарышпен қандай деңгейде болғандығын бүгін ешкім айта алмайды. Сәуегейлік танытудың өзі қиын дүние. Батыстың әртүрлі «измдері» бар. Мен өз басым батыстың «измдерін» біршама деңгейде араластырып, тоғыстырып көрдім-ау деп ойлаймын. Модернизмнен бұрынғы, модернизмнен кейінгі ағымдардың барлығына қатты назар аударамын. Ал, шығыстық әуез – өмірдің ең тамаша әуезі. Яғни, бұл терезенің ар жағындағы қырау сияқты дүние. Қыраудың құдіреті егер өлең тудырар болса қандай ғажап болар еді деп ойлаймын. Адамның өмірі – аспанда ұшып бара жатқан белгілі бір құсқа жалт етіп қарағанымыздай ғана қысқа. Ақындардың, Хафиз тектес ақындардың барлығының көз алдымызға елестейтін осындай ғана қып-қысқа ғұмыр. Осындай қысқалықтан өмірдің жасалып жүргендігіне таңғаламын. Сондықтан да, айтарым ғарыш пен ақынның байланысы бар. Сол дүние үшін біраз өмір сүрдік, шындығында, біраз жерге бардық-ау деп ойлаймыз. Жетпеген жеріміз өте көп... Қазақ поэзиясы өрістеу үстінде. Өріске кетіп бара жатқан малдың бақташысы болады, семірту, бағып-қағу, қырқу барлығы да қолға алынуы керек. Мәселен, көрші жатқан Қытай елінде, жас таланттар мен қалыптасқан қаламгерлер үшін арнайы қаражат бөлініп, әлемдік деңгейге жетуі үшін итерілерді, қолдау білдіріледі. Сіздер «Нобель» сыйлығына барған ақындардың барлығының өлеңдері керемет деп ойлап қалмаңыздар. Керемет өлеңдер салынып, керемет ақындар баруы мүмкін. Бірақ жеңісті мемлекет алып береді. Саясат ойнайды. Онда жылына 350 кітап жіберіледі, соның 80 пайызы бос нәрсе де, қалған 20 пайызы ғана әлем әдебиетінің жауһары деген атқа лайықты болады. Сондай ұлы дүниелерді бүгін біздің қазақ жастары да жасап жүр. Бәрі де бар. Жоқ деу мүмкін емес. Күмәндану біздің сорымызға айналуы мүмкін. Сондықтан жастарымызға, жалындап келе жатқан уақытында үкіметтің жалғыз жасайтын көмегі, ниеті – қолдау керек. Қолдамағанның өзінде кедергі жасамауы керек. Қазір осы кедергілердің әсерінен поэзия өзінің тоқырау дәуірінің тағы бір өтпелі сәтіне келіп тұр. Қиын кезеңді бастан кешкелі тұр. Он ақынның өлеңі бір ақынның өлеңі болып кетуі ықтимал. Бір ақын жазып жүргендей сорға айналса, сұмдық көкесі болады.
Ағамыз "Қазақ поэзиясы әлемдік деңгейге жете ме?" деген сауалға: "Қазақ поэзиясы әлемдік санатқа жетті. Тек оны техника, компьютер қабылдай алмай жатыр. Әлемдік айналымға жіберуге мүмкіндік жоқтың қасы. Оның бәрі де жастарымыздың құзырында, оқыңдар, біліңдер, жасаңдар" деп, ал "Ақынның өзін жарнамалауына қалай қарайсыз?" деушіге: "Ақынды мемлекеті, билігі жарнамалау керек. Ақын өзін жарнамалады дегенше, өлеңнің өлмелі кезеңі басталды деген сөз. Қазір фейсбук, туиттер сынды әлеуметтік желілерге орта буынды ақындарымыздың өзі жырларын жариялайтын болған. Жарнаманы бастаған ақын жауапкершілікті білуі керек. Дегенмен, іштен шыққан өлеңдеріңді сол әлеуметтік желіге шашып қоймасаңдар екен деген тілегім бар" дегенді айтты.
Көпшіліктің бірауыздан білгісі келген "Елге қашан ораласыз? деген сауалына ол: "Жалғыз ұлым бар. Қазір Ресейде оқып жатыр. Анасы орыс тілі саласының маманы болғандықтан, мүмкіндік туып, жоғары сапалы білім алсын деп тырысып жатырмыз. 1-2 жылда ағылшын тілін жақсартып алар болсақ, қазақ еліне тағы да бір білімді, алғыр жасты қосып, сонда ғана барып оралсақ па деген үлкен ниетіміз бар, біз қанша жылдан бері елге қарап ұлып келе жатқан жандармыз" деп жауап берді.
Сұраған Рахметпен бірге Моңғолиядан еріп келген арыны алапат термеші Сәтжан Қасымжанұлы қандастарына арнап бірнеше термелер орындады.
Кеште Сұраған ақынның отты жырларын тыңдау мүмкіндігіне ие болдық.
Ақын ағаларының артынан ілесіп келе жатқан жас ақындар да өлең оқып, көпшілік ықыласына бөленді.
Есей Жеңісұлы
Ырысбек Дәбей
Әріби Дауыл
Ерзат Асыл
Шерхан Талап
Естелік кітапшаға ізгі ниетін жазған ақын естелікке суретке түсіп, жиналған қауымға:
"Поэзия жақсы болсын, жаман болсын, мәңгі бақи өзінің ізін қалдырады. Сол қалған ізде өзіңнің жеке таңбаң бар. Сол таңбаның болашақ иесі жастарға құрметпен қарау керек. Айналайын, ел жұрттың иесі, аман болыңдар!" - деген ақ тілегін арнады.
Суретке түсірген және дайындаған: Ақерке Әбілхан