- Негізгі бет
- Көкжиек
- Стефан Цвейг –...
Стефан Цвейг – ұлы ғұмыр, ұлы трагедия
28 қарашада австриялық атақты жазушы, сыншы, көптеген новелла мен ғұмырнамалық шығармалардың авторы Стефан Цвейгке 135 жыл толды. Оның туындылары терең драматизмімен өзгеше, ерекше сюжеттерімен таңдандырады да, адам тағдырының тұрақсыздығы туралы ойландырады. Цвейгті тағдырдың ерке баласы деп санады, «құмарлықтың психологы» және ұлы пессимист деп атады. Оның новеллары туралы: «жаныңды жейтіндей» өткір деген пікірлер де айтылды. Солай болар, себебі автор адам еншісіндегі қаншама қуаныш пен қайғыны өткерді.
Стефан тоқыма манифактура иесінің отбасында дүниеге келді. Кітап, музыка, театр қойылымдары – Цвейг өмірінің рухани жәдігерлері еді. Қатал тәртіп, мыңдаған тыйымдарға қарамастан, Стефан бала күнінен өз қалағанына жетіп отырған. «Өктемшілікке деген өшпенділік мені өмір бойы сүйемелдеп жүрді» деп есіне алады. Ол бәрінен де рухани және жеке еркіндікті бағалайтын.
Гимназияны бітірісімен Венск университетіне оқуға түсті. Жазуды ерте бастады. Бірінші курс оқып жүргенде өз қаржысына «Күміс ішек» атты кітабын басып шығарды. Париж, Лондоннан бастап Испанияға дейін, Италияға сапар шекті. Одан әрі мұхиттан өтіп Оңтүстік, Солтүстік Америка, Үндістан, Үндіқытай елдеріне дейін саяхаттайды.
Бірінші Дүниежүзілік соғыс кезінде Цвейг Қорғаныс министрлігінде мұрағат қызметкері болады. Құжаттарды ақтара алды, досы Р.Ролланға кері әсерін тигізбей пацифист болды да, соғысқа қарсы көп өлең, пьеса, новеллалар жазды. Ролланды «Еуропаның ар-ұяты» деп атады. Сонымен қатар, Максим Горький, Томас Ман, Марсел Пруст және Йозеф Ротқа арнап эсселер жазды.
20-30 жылдары жазушы қаламының қарымы күшейе түсті. «Әлемді құрушылар» деген атпен ұлы адамдардың (Бальзак, Достоевский, Ницще, Стендаль, т.б) өмірбаянын шығарады. Сонымен қатар новелла жазумен де айналысты. Новеллалары – «Амок», «Сезім толғанысы» («Смятение чувств»), «Әйел өмірінің жиырма төрт сағаты» («Двадцать четыре часа из жизни женщины»), «Бейтаныстың хаты» («Письмо незнакомки»), «Мендель-букинист», тағы «Адамдықтың жұлдызды сағаты» («Звездные часы человечества») атты новеллары авторды бүкіл әлемге әйгілі етті.
Цвейгтің романдары конспект романдар сияқты жазылған. Бірақ ол жеке оқиғаларды кеңінен қамтып жазбақ болса да, оның романдары созылған, көпсөзді новелларға ұқсап кеткен. Сондықтан Цвейгке роман жазу қиынға соқты. Мұны түсінгендіктен роман жанрына көп бара бермеген. «Жүректің шыдамсыздығы» («Нетерпение сердца»), «Өзгерістен улану» («Угар преображания») сияқты аяқталмаған романдары, автордың қайтыс болғанына қырық жыл өткен соң неміс тілінде алғаш болып басылып шықты.
Соғысқа дейінгі кезеңде Цвейг ең табысты неміс авторы болды. Оның кітатары бүкіл әлемге тарады, әдеби ортада мультимиллионер деп саналды. 1928 жылы Лев Толстойдың 100 жылдығына байланысты Совет Одағына барып қайтты. Ол көп жыл бойы КСРО-дағы атақты, көп оқылатын австралиялық жазушы болды.
Жазушы көп уақыт бойы бірінші дүниежүзілік соғысты – қайғылы түсініспеушілік деп санады, бұл соғыс соңғысы деп сенді. Ромен Роллан, Анри Барбюс, антифашист неміс жазушыларымен бірге ендігі дүниежүзілік соғыстың алдын ала аламыз деп ойлады. Эразмдар туралы кітап жазумен айналысып жатқанда, ұлтшылдар үйіне тінту жүргізді. Бұл қауіп-қатердің алғашқы дабылы еді.
Еврей болғандықтан әрі билікке фашистер келген соң Австралияда қала алмады. 1935 жылы жазушы Лондонға көшеді. Ұлыбритания астанасында да өзін қауіпсіз сезіне алмай, 1940 жылы Латын Америкасына көшіп келеді. Бір жылдан соң тағы АҚШ-қа көшті, бірақ кейін Бразилияға қайтып кеп, Рио-де-Жанейро маңындағы Петрополис деген шағын қалаға қоныстанады. Бірақ шығармашылығы жалғасып жатты. Сын, эссе, сөздерінің жинағы, естеліктері, көркем туындылары басылып жатты. Бірақ оның жаны тыныштық көрмеді. Гитлерлік жақтың жеңісін, Еуропаның құлауын елестете отырып, қайғыға салынды, күйзеліске түсті.
Ғаламшардың басқа жағында жүріп, достарымен хат-хабар алмаса алмаған соң жалғыздықтың кермек дәмін татты. Осының барлығының кері әсер етті ме, 1942 жылы 23 ақпанда барбитураны шамадан тыс қабылдағандықтан өлім құшқан Цвейг пен оның әйелінің қол ұстасқан денелері табылды.
Осы трагедиялық эпизод жайлы Эрих Мария Ремарк «Жұмақтағы көлеңкелер» («Тени в раю») кітабында былай деп жазды: «Егер Бразилияда Стефан Цвейг пен оның әйелі сол түні телефон арқылы тым болмағанда бір адаммен қайғыларын бөліскенде, олар өз өздеріне қол жұмсамас еді, бұл қайғылы жағдай болмас еді. Бірақ Цвейг бөтен ортада қалды». Оның Бразилиядағы үйі кейін мұражайға айналды. Жазушы Casa Stefan Zweig деген атпен танымал.
Ж. Жұмағұлов