- Негізгі бет
- Көкжиек
- Шерлі құс (шалқыма)...
Шерлі құс (шалқыма)
Санмау – Қытайдың осызаман жазушысы. Ағылшынша аты – Echo. 1943 жылы өмірге келген. Шығармалары әлемнің көп тіліне аударылған. 1948 жылы Тайваньға қоныс аударып, 1967 жылы Испаниядағы Әдебиет және философия университетіне оқуға түскен, сосын неміс және АҚШ жерінде болған. 1973 жылы Сахара шөліне қоныс теуіп, Хосе есімді азаматпен үйленген. 1981 жылы Тайваньға қайтып келген. 1991 жылы өмірден озған. |
Қаншалаған түпсіз қараңғы, зәндемі түндерде түсімнен оянып, тұңғиық түнекті жамылып, Хосені сағынғаннан аласұрып, құтырына жаздап, елес қуып, жан-дүнием жегі құрт кеміргендей үңірейіп, құр сүлдерім қалып құлазымадым деші. Қаншалаған ұзыннан-ұзақ қара түндерде жүрегімнен мәңгі толастамас жаңбыр тамшыларындай жас сорғаламады десеңізші!
Хосені ойлап, сағыныштан сартап болып жүріп іштей: «Тәңірім-ау, мені тірі қойғаныңа, тауқыметті маған бергеніңе рақмет. Хосенің мұндай азапты түндердің бір минутын да көрмеуін қалар едім. Бақытыма орай, бұлардың бәрі оның басына келмепті. Менің орнымда ол қалса, тәңірмен тайталассам да, оның орнына өзімді алып келер едім» деймін.
Хоседен айрылған мен мұндай болдым, олардан бұрын аттансам, ата-анам мен Хосе қандай күй кешер еді? Олардың маған деген махаббатында шек жоқ қой, ата-анам жер ортаға келгенше михнат шегіп, барын арнаған ардақты қызынан айрылуға тура келсе, олардың жан демеуі мен бағының келмеске кеткені сол. Мұндай соққыны олар көтере алмайды. Бұдан өткен рақымсыздық пен әділетсіздік болмас.
Орта жолда жанына балаған жарынан айрылған Хосе болса, тірі қалғанмен қанаты майырылғандай күй кешіп, жанына дақ салған, жүрегін жаралаған батпан мұңнан ендігі шаттана алмас еді.
Ендеше, өлуіме мүлде болмайды.
Әке-шешем мен жұбайыма менің өліміммен бірге мұндай орасан зор тақсірет пен сор, күйзеліс келуіне мен мүлде, мүлде төзе алмаймын.
Қалайда, алдымен кеткені бақытты болғанымен, соңында қалғаны мықтылығынан жүрмес. Сонда жүректі тілгілеп, жан-жүйемді езген улы қайғыммен тағы да: «Махаббаттың дәм-тұзы таусылып қоштасар сәттегі ащы шарапты мен ішейін» дер едім.
О дүниеге ата-анам мен жұбайымның соңынан баруым керек, өзім ішкен азаптың зәрлі шарабын оларға татқызғым келмейді. Әйтсе, менің көзім өлсем де жұмылмас еді.
Пәре-пәресі шыққан жүрегім қанша ауырса да, сағыныштың салмағынан жүйкем тозып, төзімім таусылса да ата-анам үшін өлуге қақылы емеспін, тек сыны кеткен, сынық қанат, шер көкірек құстай қалтылдап күн көре беремін.
Күндердің бірінде ғарыштардан қалқып өтіп, қуаныштан еңірей жылап: «Әке, шеше, Хосе!» деп айғайлап, еш іркілместен оларға қарай құстай ұшып, олардың ыстық құшақтарына мәңгілік қауышатын шақ болатыны күмәнсіз.
Бұл мақаланы мен басқа бір тақырыпқа жазғанмын (белгілі бір баспаның «Егер үш айлық ғұмырың қалса, не істер едің?» деген тақырыптағы тапсырмасын айтып отыр), алайда тек үш айлық суішерің қалу сынды тұспалды қабылдамадым, жүрегің тілкім-тілкім болар қоштасудың қасіретін; бейнетті, бейбақ тірлікті мен-ақ кешейін дедім.
Әке-шеше, Хосе, сендерді жанымдай сүйгендігімнен өзімді жеңіл-желпі ажал құшағына ата алмаймын, сондықтан жасағаннан маған біраз ғұмыр беріп, ата-анамның бақытын ұзағынан сүйіндірсін деген ыждағатты тілегімді қабыл көрсін деп тілеймін.
Хосе, сертіңнен таймай, күт мені, сенің уәдең – менің ақтық үмітім.
Дайындаған: Сұңқар Ақбоз
Сурет: blog.voc.com.cn
M. Auelkhan