Шерхан Мұртаза. "Ай мен Айша" кітабынан бір үзік

Шерхан Мұртаза. "Ай мен Айша" кітабынан бір үзік
Фото: vk.com

Шерхан Мұртазаның "Ай мен Айша" кітабы – қалың оқырманның сүйікті шығармасына айналған қазына. "Ай мен Айшаны" оқып отырып, адамға азық болар қанатты сөздерді тердік. 

Тарпаң тағдыр табанына адамды бір салмасын. Бір салса, тас керең боп, айқайласаң да, арызыңды есітпейді. 

***

Айша кейде осындай. Мейірімі түседі. Кейде суға салып сабайды. Құдайым Айшаның көңілін көл қылсын. Қазір көңілі шалқар сияқты. Мүмкін, Төскейдің арша сасыған жұпар ауасы, әуедегі бозторғайдың шырылы, бөдененің бытпылдығы, сары торғайдың сарнауық әні – бәрі-бәрі Айшаға Алланың рахым-шапағатын мол себелеген шығар, бұл жолы ұрыспады. Мұндай кәусар ауаны үзіп-жұлқып жұтпай, сіміре беру керек саумал қымыз сияқты.

***

Көңілсіз әңгіме үзіліп қалғанда, дарбазаның алдында жем іздеп құрқылдап жүрген екі-үш тауықтың үні естілді.

Сонда менің көз алдыма Шоңқара диірмені келді. Оның айдын суында неміс диірменшінің үйрек-қаздары қаптап жүреді. Ауласында тұмсығы салбыраған түйетауықтар... шыңғырған торайлар, қорсылдаған мегежіндер...

Ал мұнда болса, екі-үш тауық жем таба алмай шұрқырайды. Қазақтың тауығына дейін ебедейсіз бе... Былайырақ көгалға шықса, құрт-құмырсқа, шұбалшын, көбелек деген қаптап жүрген жоқ па, соны теріп жесе қайтеді. Е, ол үшін жүгіру керек, көбелек оңайлықпен ұстатпайды...


Тұла бойы тұнған намыстан жаралған қайран қазақ. Намысы мол, айласы аз, бағы да сол, соры да сол.

***

Дүниенің жаратылысында жазық жоқ, мүкісі жоқ. Дүниені бүлдіретін – өзіміз. Ең ақылды жаратылған жан – ол адам. Ақылды азапқа айналдырған да – адам. Жаратылыста жазық жоқ. 

***

Адам бейшараны қуанту үшін көп нәрсе де керек емес екен ғой. Көңіл жетсе, бәрі жетеді екен ғой. 

***

Мадақтасаң да, қарғасаң да Жарық Дүние деген − осы. Жарық Дүниеге ешкім өз еркімен келмейді. Тағдыр айдап келе қалса, оған ата-анасы, жанашыр, жақындары қуанады. Шамасы келсе, тойхана жасайды. Бесік тойы, тұсаукесер тойы, тағы-тағылар өмір бойы жалғасып барып, Жаназамен тәмәм-тауыс болады.

***

− Адамның миына жала жаппа! – деді мұғалім ышқынып, Жолдасбекке заһар шаша қарап. – Әркімнің құдайы адамның басында. Ми миллиардтаған клеткадан тұрады. Солардың тым құрыса, мыңнан бірі жұмыс істесе, әрқайсың бас-басыңа пайғамбар болар едіңдер. Құдай бас болғанда, сол бас сорлатып, ми клеткаларын түгел оятпайды. Ми клеткаларымыз ұйқыдан түгел оянса, біз қазіргідей хайуанат қатарынан бір-ақ адым алда жүрмей, ғарышта, басқа планеталарда жүрер едік. Онда анау батыстағыдай жабайылар соғысы болмас еді. Соғыс салу, адамдардың бірін-бірі өлтіруі, қан төгуі – сол жабайылықтан. Неге жабайы? Өйткені адам миының клеткалары түгел жұмыс істемейді. Сендер де оятпайсыңдар миларыңның клеткаларын! – деп, Иса мұғалім шыңғырып жіберді. – Оңбаған, жалқаулар! Мысалы, Мұртаза баласы Барсхан... Өз туған секундынан бастап, дәл қазіргі секундтқа дейін, қанша секунд екенін есептеп шығара алмайды. Не деген сұмдық! Әлі тас дәуірінде жүр. – Енді маған жақындап келіп: – Сен туған секундтан бері, тоқсан тоғыз триллион... Оп-оңай.

Мен қазір Иса мұғалім сонда айтқан цифрлардың құйрығын ұмытып қалдым. Менің миым ұстап қалатын сан емес! Сонда Жолдасбек:

− Ағай, басқа планетада адамдар бар ма? – деп әңгіменің арнасын басқа сайға бұрып жіберді. Қу ғой.

Неге екенін біз қайдан білейік, мұғалім селк ете қалып, Жолдасбекке оқты көздерімен қарап алып:

− Бар, – деді. – Бір ғана планетада емес. Көбінде бар. Олар бізге бір кезде келеді. А, бәлкім, келіп те жүрген шығар. Мен солардың келуін аңсаймын. Мен олармен түсімде сөйлесіп, өңімде іздеймін. Мен солардың арасында өмір сүргім келеді. Мына сендер сияқты есектің миын жегендердің арасында жүру азап! Жалпы, жер бетіндегі адам дегендердің ортасында өмір сүру – азаптың азабы. Бірін-бірі өлтіру, бірін-бірі тонау, бірін-бірі алдау, бірін-бірі көре алмау, бірін-бірі ғайбаттау, бірінің үстінен бірі жамандап, жала жауып, арыз жазу... тілдеу, қандай жиіркенішті?! Сондықтан мен басқа планеталардың адамдарын үздіге-үздіге күтемін. Әсіресе Ай толғанда ұйықтамай, далаға шығып, аспанға қараймын да жүремін. Олар Жерге Ай толғанда ұшып келеді. Түсімде айтқан: Ай толғанда барамыз деп. Сондықтан ұйықтап, қара басып қалмайын деп сақ жүремін, олар келгенде мен ұйықтап қалып, жолыға алмасам – онда өлгенім. Қалайда кездестіруім керек! Айтуым керек оларға: Жер бетінде тәртіп жоқ. Әділдік жоқ деп. Билікке, байлыққа таласқан озбырлар көп деп. Иман жоқ. Қан төккіш қарақшылар көп деп. Жер бетіндегі тағы, тағы толып жатқан жиіркенішті лас қылықтарды оларға түсіндіруім керек. Бәлкім, олар Жер бетіндегі адамдарды жөнге салар, иманды қылар. Айуандық мінез өзгеріп, Жер бетіндегі адамдар ақылды болар. Мен оларды сағынып, аңсап күтемін.

Р. Роза