Бала кезімде Лафонтеннің мысалдарын күштеп оқытып, мағынасын тәптіштеп түсіндіруші еді. Арасында «Шегіртке мен құмырсқа» да бар. Ол мысалдан біз «еңбек түбі – зейнет екенін, ал жеңілтектік құрдымға құлататанын» біліп өстік. Осы бір тамаша мысалда (бәрі білетін оқиғаны қайталағаным үшін кешірім өтінем) құмырсқа жаз бойы тер төгіп, қысқа қор жинайды. Ал шегіртке ән салғаннан басқа түк істемейді. Қылышын сүйретіп қыс келеді. Құмырсқаның қарны тоқ. Ал шырылдауық шегіртке шегін сүйретіп құмырсқаға барады. Жалынып тамақ сұрайды. Сонда құмырсқаның айтқаны:
— Әй, сен жаз бойы не істедің?
— Ой, мен ән салып жүрдім емес пе.
— Ән салдың ба? Енді бар да билей ғой!
Бала мораль дегенді түсіне ме? Ол кезде ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ойламаппын. Байғұс шегірткеге жаным ашитын. Құмырсқа көрсем, таптауға тырысатынмын. Осы қылығыммен тура жолмен жүретіндерге қарсылық білдірсем керек.
Жуырда мейрамханада жалғыз өзі тамақтанып отырған Джордж Рэмсиді көргенде осы мысал есіме түсе қалды. Жүзі жабыңқы еді. Бір нүктеге қадалып, қозғалар емес. Жер бетіндегі зілбатпан жүктің бәрі соның иығына түскендей. Бишараны аяп кеттім. Тағы да бауыры қитығына тиген ғой. Қолымды созып, жанына бардым.
— Қалайсыз? – дедім.
— Қуанып отырған жоқпын.
— Тағы Том ба?
Ол күрсінді.
— Иә, тағы да Том.
Әр үйде бір сұмырай болады емес пе. Жиырма жылдан бері Том бауырының бас ауруына айналды. Ересек өмірді тәуір-ақ бастаған: коммерциямен айналысты, үйленді, екі баласы бар. Рэмси сыйлы әулет болғандықтан, Том да сол ізбен жүруі тиіс еді. Бірақ күндердің бір күнінде ол жұмыс істегісі келмейтінін, отбасы болуға жарамайтынын жариялады. Ол рахат өмір сүргісі келіпті. Ешкімді тыңдамады. Әйелі мен кеңсені тастады. Азын-аулақ ақшасы бар еді, екі жыл Еуропа қалаларында соны шашты. Сөйтіп жүргенде ақшасы да таусылды. Ол енді қарыз ала бастады. Бір қызығы, Том сұрағанда қарыз бермей қалатындар кемде- кем. Досы да көп өзінің. Кез келгенді қылығымен баурап алады.
Иә, ақшаны оңды-солды шашқанға не жетсін. Бауыры Джорджға да маза жоқ. Джордж ондай емес, байсалды. Екі жыл бойы Томның жаңа өмір бастаймын деген уәдесіне сеніп, қаржыландырды да отырды. Сол ақшаға Том автомобиль, қымбат әшекейлер сатып алды. Джордж оның ешқашан түзелмейтініне көзі жеткен соң, қолын бір сілтеді. Том болса ұялмай-қызармай оны бопсалауға кірісті. Сүйікті мейрамханасындағы барда коктейльді Джордждың өзі жасайтынын, таксидің руліне де өзі отыратынын жалпақ жұртқа жаям деді. Әйтсе де, Джордж 200-300 фунт берсе, жарайды, әулетіміздің намысы үшін үндемей-ақ қоям деді. Джордж амалсыз сұрағанын беретін.
Бірде Том түрмеге түсе жаздады. Джордждың төбе шашы тік тұрды. Жоқ, бұл жолы Том тым-тым шектен шықты. Бұрынғысын қойшы, енді заңды бұзу қалыпты оған. Бірақ жалғыз бауырыңды түрмеге жіберіп қоясың ба! Том үптеп кеткен Кроншо деген адам кекшіл көрінді. Ол сотқа берем деп тұрып алды. Джордж бес жүз фунтпен аузын жапты. Сөйтсе, Том мен әлгі Кроншо чекті ақшаға айналдырған соң, Монте-Карлоға бірге аттанып кетіпті. Джордждың ашуға булыққаны-ай сонда.
Жиырма жыл Том ат жарыс пен казинодан шыққан жоқ. Ең әдемі әйелдерді айналдырды. Би билеп, қымбат мейрамханаларда тамақтанды. Ерекше талғаммен киінді. Сән журналының мұқабасынан түскендей көрінетін. 46 жаста болса да мен оған 35-тен артық бермес едім. Ар жағында түк жоқ екенін біліп тұрсаң да, онымен сұхбаттасудың өзі бір ғанибет. 50 фунтымды қағып алған кезде де өзімді соның алдында қарыздар сезінетінмін. Том Рэмси бәрін білетін, Том Рэмсиді бәрі білетін. Оның өмір сүру салтын ешкім құптаған жоқ. Бірақ ол елдің бәріне ұнайтын.
Джордж байғұс алаяқ інісінен бір-ақ жас үлкен болса да алпыстағыдай көрінетін. Жылына екі аптадан артық демалмайтын. Жиырма бес жыл күн сайын таңертеңгі тоғыз жарымда кеңсесіне жетіп, кешкі алтыдан ерте шықпайтын. Әйеліне жақсы жар, төрт қызына жақсы әке бола білді. Тапқан табысының үштен бір бөлігін тыөпыштап жинады. 55 жасында демалысқа шығып, қалған ғұмырын қызықты өткізем деп жоспарлап қойған. Ол қартайғанына қуанды, өйткені Том да қартайып жатыр ғой. Джордж алақанын ысқылап:
-Жас та әдемі кезде Том шалқып өмір сүрді. Төрт жылдан кейін елуге толады. Сол кезде қиналады әлі. Ал менде отыз мың фунт болады. Сонда көреміз – еңбектенген қандай, бос жүрген қандай екенін.
Қайран, Джордж. Жаным ашитын оған. Міне, оның қасына таяп келіп, Том тағы не бүлдірді екен деп іштей қыпылдап тұрмын. Джордждың көңіл-күйі жоқ.
— Естідіңіз бе? – деп сұрады ол.
Ішім қылп ете қалды. Том тағы да шатылды ма? Джорждың дауысы жарықшақтанып:
— Мен өмір бойы түзу жолмен жүріп, адал еңбек еттім. Өмір бойы тырбанып, үнемдеуге тырыстым. Тағдырдың маңдайыма жазғанын мүлтіксіз орындадым.
— Оныңыз рас.
— Томның ар-ұяттан жұрдай қуыс кеуде екенін жоққа шығара алмайсыз ғой? – Әлбетте.
Джордж жарылып кетердей булықты.
— Осыдан бірнеше апта бұрын ол анасындай әйелмен некелесті. Ол әйел кенеттен өліп қалды да, бүкіл жиған-тергенін соған тастап кетті. Жарты миллион фунтын, Лондондағы үйін, қала сыртындағы үйі мен яхтасын.
Джордж үстелді бір қойып:
— Бұл дұрыс емес, дұрыс емес! Сайтан алғыр, дұрыс емес! – деп айқайлады.
Джордждың ашулы жүзіне қарап, өзімді-өзім ұстай алмадым. Қарқылдап күліп жібердім. Орындықта отыра алмай, еденге құлап барам күлкіден. Джордж мұнымды кешіре алмады. Бірақ Том мені Мэйфтегі әсем үйіне жиі қонаққа шақырады. Бұрынғы әдетімен кейде қарыз алады. Обалы не керек, бір совереннен артық алмайтын болды.
Уильям Сомерсет Моэм
Аударған Гүлнар Ахметова
arda.com.kz