Ол – жазушы. Ол – балықшы. Ол – аңшы, саяхатшы, спортшы, сотқар. Ол тіпті әскери тілші. Бір бойына осынша қасиетті жиған тұлға «Балалар аяқ киімі сатылады. Киілмеген» деп ең қысқа әңгіме жазып, әлемге танылды. Бүгін, 21 шілде Эрнест Миллер Хемингуэй туғанына 117 жыл толды. Алпыс екі жасында о дүниелік болған жанкешті жазушы соңына «өлмейтін хат» – сансыз шығарма қалдырып үлгерді. Соның ішіндегі ең таңдаулы «Шал мен теңіз» повесін талдап, атаулы күнде назарларыңызға ұсынуды жөн санадық.
Бұл повестің басынан аяғына дейін шалдың теңіздегі өмірі, балық аулауы баяндалғанымен, айтар ойы астарлы. Біз өз қиялымызбен шығармадағы балықты – мақсат ұғымына баладық. Адам мақсатқа жету үшін қанша тыраштанып, қыруар қиындықтармен күресетін болса, Шал да өмір атты теңізде балыққа жету жолында арпалысады.
«Бұл арада ешқандай ау жоқ еді, оны өздері әлдеқашан сатып жіберген, мұның бәрі баланың есінде. Сонда да екеуі сыр бермей, шалдың қолында сол ау бар секілді пішін танытатын бір-біріне».
Ау – байлық, дәулет деп алсақ, ол әлдеқашан көзден бұлбұл ұшқан. Бірақ бәрібір шал өзінің жарлы екенін мойындағысы келмейді.
«Балық – балық болуы үшін туған болса, сен балықшы болу үшін жаралғансың».
Автор «балық», «балықшы» ұғымдарымен әркім өмірден өз орнын таба білуі, өз соқпағын сала алуы маңызды екенін білдіргісі келеді.
«Ол қанша алып болса да, асқан сұлу болса да, мен оған қол жеткіземін. Адамзаттың қауқары мен шыдамы неге қабілетті екенін дәлелдеймін».
Әдетте автор өз ойын кейіпкерінің аузына салып береді. Бұл сөйлем арқылы адамда арманына жетуге еш мүмкіндік болмаса да, күш-қуаты жетпесе де, ерік-жігері мықты болуы керек екенін көрсетеді. Оқырманына таудай талап тарту етеді.
«Жайынды жұртқа етін сатып, өзің күн көру үшін ғана өлтірген жоқсың. Балықшы болғандықтан, оған үстемдігіңді танытқың келіп өлтірдің».
Жайын – орындалған мақсат десек, сіз көздеген мұратыңызға қол жеткізу арқылы өзгелерге де септігіңізді тигізесіз. Сонымен бірге, алға қойған тілегіңізге қайткен күнде де қол жеткізуге болатынын жұртқа дәлелдейсіз.
«Жайын балықтың қаны тағы да шұбырып аға бастады, мына акуланың соңынан басқалары да жетеді енді».
Акула – мақсатқа жетер жолдағы кедергі. Бір кедергіге ұрынған екенсіз, оның соңынан шұбырған қиындықтар да ағылуы ықимал. Сондықтан акулаға балықтың қанын білдірмеген секілді, өмірде де барлығын ұқыппен істеген жөн.