- Негізгі бет
- Көкжиек
- Шәкәрім Құдайбердіұлының анасы...
Шәкәрім Құдайбердіұлының анасы жайлы не білеміз?
Абай Құнанбайдан асып туған бала болды. Ал Шәкәрім Абайдан өте туған ұл еді. Бұрынырақ «Абайдың өз балаларына қарағанда Шәкәрім неге дара туды?» деп жиі ойлаушы ем. Қазір оның сырына қаныға түскендеймін. Шәкәрімнің Құнанбайдай абыз атасы, Абайдай ақылман ағасы бар еді. Оның барлығы Ақылбай, Әбдірахман, Мағауияларда да бар ғой дерсіз. Бірақ оларда Төлебикедей дана, білімдар ана болған жоқ. Қазақ «Алып анадан туады» немесе «Жігіттің жақсы болмағы – нағашыдан» деген сөздерді тегіннен-тегін айтпаса керек. Құнанбайдың анасы Зере қандай, Абайдың анасы Ұлжан қандай?! Шәкәрімнің әжесі Күңке де, анасы Төлебике де – қазақтың сол дана қыздарының заңды жалғасы.
Араб, түрік тілдерін Шәкәрімге анасы үйреткен
Жалпы, ер жігіт – түздің адамы. Үйдегі бала тәрбиесімен негізінен әйел адам айналысады. Егер бала қандай да бір жетістікке жетіп жатса, онда анасының төккен тері, еткен еңбегі бар. Шәкәрімнің үлкен анасы да, өз шешесі де текті жердің қызы болған. Құнанбайдың үлкен бәйбішесі Найман Ағанас бидің қызы Күңке еді. Халық Ағанасты әділ би, ақылды, әулие адам болған деседі. Сол Күңкеден Құдайберді жалғыз. Құдайберді ер жеткен соң, Құнанбай оған әйел әпермек болып, Қаракесек руының «Кедей» деген табынан шыққан Алдабергенге «құда болсақ» деп кісі жібертіпті. Алдаберген де тегін адам емес қой. Құнанбайдың жіберген кісісіне: «Мен қыз берейін, бірақ қоятын екі түрлі тілегім бар. Бірінші, ауыл арасы шалғай, бір-біріміздің қуаныш-қызығымызға кезінде құтты болсын айта алмасақ ренжіспелік. Екінші, өлім бар да, қаза бар. Бір-біріміздің қаза болғандарымызға уақытында көңіл айтып, бата жасаса алмасақ ренжіспелік. Осы екеуіне келіссек, мен көндім», – дейді. Құнанбай: «Алдабергеннің екі тілегін орындаймын», – дейді. Сөйтіп, Құнанбай Құдайбердіге Алдабергеннің қызы Төлебикені айттырып алып береді.
Шәкәрімнің соңғы табылған суреті
Алдаберген бай емес, орта дәулетті, өте адал адам екен. Сол адалдығының, жоқ-жітікке қайырымдылығының арқасында ел қатты сыйлап-құрметтеген, абыройлы жан болған. Балаларын, қыздарын ерте оқытқан. Қызы Төлебикенің де зеректігін байқап, молда, ұстаз алдына береді. Одан Шәкәрімнің анасы араб, түрік тілдерін жетік меңгеріп шығады. Шәкәрімнің ұлы Ахат әжесі туралы: «Есті, сергек, ақылды, мейірімді, жомарт болған әжеміздің Құраны, «Ғибадат Исламиясын», «Мұхтасарын» тағы басқа көп кітаптарын мен көрдім. Шешелерімнің, үлкен әжелердің: «Дәметкен (Төлебикені солай атаған) оқымысты, ақ мартуы бар, есті, ақылды еді», – деп отырғандарын сан естігем» деген естелік айтады.
Шәкәрім өзге балалардай емес, оқуға өте зерек болып, хат танып шығады. Осы қабілетін байқаған әке-шешесі Шәкәрімге көбірек көңіл аударып, анасы қосымша араб, түрік тілдерін үйреткен. Шәкәрімнің өзі де үнемі: «Араб, түрік тілдерін меңгеруіме шешемнің көп пайдасы тиді» дегенді айтып отырады екен.
Ұсталық пен ою оюды да қажы анасынан меңгерген
Төлебике қолөнерге өте шебер, кесте тігетін, ою оятын, киім пішетін, пышақ соғатын ісмер адам болған. Бұл қасиеті кейіннен Шәкәрімге берілген. Ахат әкесі туралы: «Шәкәрім жасынан қолөнерге – ою ойып, киім пішуге, ұсталық ісіне шебер болған. Бұзылған сағат, іс машиналарын бөлшектеп, олардың құрылыстарымен танысып, оларды жөндейтін де қасиеті бар еді әкейдің. Сағат, машина, темір соғуға, істеуге керекті ұсақ саймандары өзі көз жұмғанша бар болатын. Ағаштан ойған ожаулар, қаралалап соққан пышақтары болушы еді. Шәкәрім киімді не қазаққа, не басқа елдер үлгісіне ұқсатпай, пішіп киетін болған. Оюдың бұрынғы қошқар мүйіз нақыштарына бірнеше түрлерін енгізген. Жастық бетінің, түскиіздің кестелеу оюының нәзік ұсақ оюларын шығарған», – деп жазады.
Ал ұсталықты анасынан қалай үйренгені жөнінде ақынның өзі бір әңгімесінде: «Әкем өлгеннен кейін, қыс кезінде шошалаға барып, қи шоғына қыздырып кездік соқпақ болдым. Ол үшін ескі орақтың шыбығын кесіп алып отқа қыздырып соғып, әбден жұқартып егеп, қайта қыздырып суарған кезде, кездігімнің жүзі жарылып кетті. Сөйтіп, бірнеше кездік соқсам да, қыздырып суарғанда бәрінің жүзі жарылып, іске асыра алмай әуре болып жатқанымда, Абай ағам шошалаға кіріп, кездік соғып жатқанымды көрді. Мен сәлем бердім. Абай аға сәлемімді алып: «Кездік соғып жатырсың ба, Шәкәрім?» деді. Мен: «Соғайын деп едім, бірақ суарғанда бәрінің жүзі жарылып кетеді», – деп соққан, жүзі жарылған кездіктерді көрсеттім. Абай соққан кездіктеріме қарап, «Өзің ұстасың ғой. Кездіктеріңнің мүсіні жақсы келген, бірақ суарғанда жүздерін жарып алыпсың. Жеңешемнен неге сұрамадың, қалай суаруды?» – деп тұрғанда шешем келіп, Абайға амандасты. Абай амандасып болған соң: «Жеңеше, Шәкәрімнің ұста болмақ ойы бар екен, бірақ суарудың рет-жөнін білмейтін көрінеді. Суаруды неге үйретпейсіз?» – деді. Шешем де кездіктерімді көріп: «Кездіктеріңнің жүздері жарылып кетуі біріншіден, өте қыздырып алып суарғансың, екіншіден жұқа жүз жағынан суарғансың, сондықтан жарылған», – деді. «Пышақтың қалың сыртынан суарған жөн» деп, суаруға дайындап қойған кездігімді қыздыртып «былай суар» деп көрсетіп, сыртынан суартып еді, кездіктің жүзі жарылмай шықты.Сөйтіп, пышақ соғуды да үйрендім», – дейтін.
Құдайбердінің жолдасы Сағындық деген кісі де: «Мен қарала жүргізуді, ұсталықты Төлебикеден үйрендім», – дейді екен. Бірақ қажының анасы ұсталығын кейін жалғастырмаған. Оған әкесінің сөзі себеп болса керек. Алдаберген қызы Төлебикені ұзатарда: Қарағым! Енді ол жаққа барған соң ұсталықты таста, әйелге қолайсыз, жараспайтын өнер», – деген өсиет айтып, Төлебике содан ұсталықты қойып кеткен деседі.
Төлебике де өлең шығарған
Шәкәрімнің анасы өлең де шығаратын болған. Көп өлеңдері кейінірек ұмытылып кеткен. 1866 жылы көкек айында, 37 жасқа шығарда Құдайберді Құнанбайұлы қайтыс болып, артында үлкен баласы Әмір 14 жаста, Мұртаза 11, Шаһмардан 9, Шәкәрім 7 жаста, Ырзықбай қырқынан шықпай қалады. Үлкен әйелі Төлебике 36 жасында, кіші әйелі Ботантай 33 жасында жесір қалады. Сонда Төлебике:
Қаза емес арман басылар,
Қайғыны қалай жасырар.
Артында қалған жетімдер,
Әкелеп кімге асылар?
Зарымды жалын өрлетіп,
Шығарар тілден тербетіп.
Балапандарым, балдырған,
Болар ма адам, ер жетіп?! – деп жоқтау жазыпты. Төлебикенің одан өзге өлеңдері сақталмаған. Немересі Ахат: «Кезінде біраз өлеңдерді әжелеріміз білетін еді, жазып алып қалмаппыз» деп өкініш білдіреді. Ал Шәкәрім ғұмырын зерттеушілер бұл асыл ананы «Бар өнерін отбасының жолында құрбан қылған жан» деп жазады. Осыны да құрбандық дей ме? Артында Шәкәрімдей ұрпақ қалдыра алған анада нендей арман, нендей өкініш бар екен?..
Марфуға Шапиян
Дереккөз:islam.kz
О. Сансызбай