"Шабыт -2016". Бүгінгі жас ақындарды қандай ой мазалайды?

«Шабыт» фестиваліне қатысқан ақындар «Әдебиет порталына» келіп, бүгінгі әдеби процесс турасында біршама әңгіме өрбіткен болатын. Жастардың дөңгелек үстел барысында білдірген пікірлерін ұсынып отырмыз. 

Қайсар Қауымбек: Көпір бұзылып кеткен секілді, екі жағалауда тұрмыз

Қазіргі қазақ қаламгерлеріне билік жақтан қолдау жетіспейді. Қаламақының мөлшерін көбейту жайлы енді-енді қолға алынып жатыр. Сол жаңалықты естіп, өзіміз қуанып қалдық. Біз көбіне әлемдік поэзияны оқимыз деп оқталамыз да, сосын кеңес дәуірі кезінде аударылған кітаптарға келіп тұйықталамыз. Мысалы, мен көп нәрсені ұйғыр тілінде оқимын. Ұйғыр әдебиетін әуелде менсінбейтін едік, қазір мойындау керек, тәуелсіз мемлекеті жоқ болғанымен, қазақ әдебиетінен әлдеқайда алға озып шықты. Себебі, олар тәуелсіздікке қол жетпесін біледі, сондықтан руханиятқа көңіл бөле бастады. Оған себепші болып отырған үкімет емес, қаламгерлер өздері байлардың санасын оятты. Өзара байланыс орнатты. Ал, бізде ондай жоқ. Арамыз жер мен көктей алшақтап кеткен. Мықты демеушілерге зәруміз. Көпір бұзылып кеткен секілді, екі жағалауда тұрмыз.

Қытайда, ұйғыр әдебиетінде әлемде сыйлық алған шығармалар дер кезінде аударылып отырады. Біздегіндей тапсырыспен аударыла салмайды, оларда байлар аудармаға бәсеке жариялайды. Мысалға, төрт-бес аудармашының еңбегін сарапқа салады. Әрине, басқа да аудармашылардың қаламақысын береді. Бірақ, соның ішіндегі ең сапалысын кітап ретінде шығарады. Ол жақта үлкен бәсекелестік бар. Халед Хоссейнидің «Бегущий за ветром», өзге де авторлардың «Жанып тұрған мың күн», «Стамбул бақыты», «Менің мұсылман әкем» сияқты соңғы уақытта шыққан ең үздік романдардың барлығы аударылған. Біз ол романдардың атын да білмейміз. Ақпарат саласы демеушілерді әдебиетке қолдау көрсетуге жұмылдырумен айналысу керек деген ұсыныс бар.

Азамат Әбілқайыр: Жазба ақындарына "жалмаңдаған" Жүрсін керек

Біз жазба ақындар мен айтыс ақындарын екіге бөліп, қарастырып жатамыз. Оған талас жоқ. Әркімнің музасы өзіне ұнайтын шығар. Бірақ, осы орайда жазба ақындарға қолдау көрсететін «жалмаңдаған» Жүрсін керек. Мысалы, кейбір айтысқа бір орынға бес миллион тікті деп жатады. Ол дегеніңіз сұмдық қой. «Атақ пен ақша ғой» деп өзімізді алдағанымызбен, материалдық жағдайға барлығы қызығады. Айтыс ақындарымен сөйлесіп отырсаңыз, «қытайдан ана ақынды танимын», «қырғыздың мына ақынымен жақсы араласамын» деп айтып отырады. Олар шетелге өздері барып танысқан жоқ, әртүрлі сайыстар арқылы етене араласты. Бір-бірінің шығармашылығымен жақсы білісті. Жазба ақындарын шетелеге үлкен фестивалдерге неліктен апармасқа?

Енді сын мәселесіне тоқталар болсақ, қазақта бір-бірінің көңіліне қарау деген жаман әдет бар. Маған осы жерде отырған Шерхан Талаптың «Бәйгеторы» деген өлеңі ұнайды, ал Әділет Шопеннің стилін өз басым қабылдай алмаймын. Бірақ, менің пікірімнен оның құны төмендеп кетпейді. Ең бастысы ол ақын. Жігіттер, шалдар өлмей біздің әдебиет түзелмейді. Жақында біздің жақта бір үлкен кісі қайтыс болды. Сол кезде бір ағамыз: «о, әдебиет енді дұрысталды ғой» деп қуанды... (жұрт күлді)

Бекзат Смадияр: Ақындар тек қана шығармашылықпен шұғылдансын

Әмірхан Балқыбектің айтатыны сол ғой, «мен өлгенде бір ақын қуанса ғой...» (жұрт күлді).

Әдебиеттің дамуы, оның халыққа кең таныстырылуы деген ақындардың айналысатын шаруасы емес. Оның өзінің айналысатын иделогтары болу керек. Ақындар тек қана шығармашылықпен шұғылдансын.

 

 

 

Әділет Шопен: Поэзия эволюция жасайтын жер

Ақын ең бірінші тілге тәуелді. Тіл дегеніңіз – ақынның стилі, барометрі. Сол секілді, поэзияға төңкеріс жасаймын деп айтудың керегі жоқ. Поэзия эволюция жасайтын жер. Әлемдік аренаға шығу үшін ақынның сөздік қоры мол болу керек.

«Шабыт» фестивалі жайлы не деуге болады ? Ештеңе. Бір білерім ақынның поэзиясы «Шабытпен» өлшенбейді. Танымал болуға ұмтылмайтын ақын жоқ шығар əрине, иə? Бірақ, ол танымалдылық ақынның дауысына əсер ете алады деп ойламаймын. Бəрін ақынның тілі ақтап алады. Құдіретті тіл. Тылсым тіл. «Уақыт» деген құпия кеңістіктің өзі тілде жатыр меніңше. Ақынның қоғам алдында міндеті болатын болса, ол – жақсы жазу ғана. Ал, сол ретте халықтың міндеті - ақынның жазған өлеңін оқу.

Ерболат Қуатбек: Абай болмағанда, докторлығы не болар еді?!

Бірі ақ, бірі қара түсті таңдайды. Қара түсті таңдаған әлемдегі ең зұлым адам емес шығар? Ең бастысы, ол таңдау жасады. Қара түстің жақсы жағы бар. Қара өлең. Қара көз. Қара қазан. Қара тер. Қара орман. Қара шал. Қара кемпір... Залымның да бір жақсылық жасайтын кезі болады. Ақ түсті таңдағанның бәрі әлемдегі ең пәк жан емес. Әрбір сыншы осы ұстаныммен жүру керек. Сыншының ақынға (өлеңді екінші орынға қояды), ақынның сыншыға біржақты қарауы – дерт. Жазылмас дерт пе деп қаласың кейде. Бұл дерт әдебиетшілерге жұққан. Сынайтын болса, қазақ тіліндегі ережелерді алға тарта жөнеледі. Ғарыш пен адамның арасындағы байланысты санаға сыймайтын құбылыс деп санайды. Ал сын ақынның болмысын ашып беру емес пе еді?

Сын жоқ деген – өтірік сөз. Бұл түсінік қайдан туып отыр? Елге танылып жүрген ақынды сынайды. Жап-жақсы сын. Нанымды. Бірақ оңбаған кім? Сыншы. «Ақынға тіл тигіздің», «Сында сенің не жұмысың бар» немесе «Өлеңді түсінетін түйсігің жоқ екен» деп ата жауының соңғы ұрпағын көргендей найза, қылышын ала жөнеледі. Бәрі басылғаннан кейін, «Бізде сын жанры ақсап тұр» деп жар салатын да – дәл солар.

Тұтынушының киімді фирма танымалдығына қарап таңдайтыны секілді, оқырман да ақынды дәл солай таңдайтындай көрінеді. Қателессем жақсы еді.

Хат алмасып жатқандар да бар. Хат алмасса бір сәрі, соңының боқтасуға айналғанына не дейсіз? Әдебиетті қатындардың тірлігіне айналдырудың керегі не? Солай емес пе?..

Сыншының ақында әкесінен қалған құны жоқ. Оның мақсаты қаралау емес. Біле жүріңіз, сынға тек мықтылар ілігеді. Қазақ жерінде қаншама өлеңшінің барын ескерсек, бір том кітап жазуға болар еді. Қаламның қадірін кетірудің қажеті қанша? Жарасқан Әбдірашевтың «Парасат пен пайым» сын кітабын оқысаңыз, пікіріңіз өзгерер ме еді? Жарасқанның сын садағына поэзияның Гераклдары ғана енген.

Өлеңнің алдында ешкім емессіз, құрметті ақын жолдас! Акутагава айтпақшы, «Адамзат Бодлердің бір шумағына да татымайды». «Кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарап кісіні ал», – дейтін Абай. Кезінде Жұмекен романын Абайдың ұстанымымен сынап көрген жоқ па? Джером Сэлинджер де сөйтті. «Над пропастью во ржи» романымен танылған жазушы кітабына суретін қоюдан бас тартқан. «Есіміме емес, шығармама қарап баға берсін», – депті. Әдеби ортадан бой тасалаған адам. Жанна Елеусіз деген ақын бар қазақта. Ол да Джером секілді. Өсек-аяң мен дауасы жоқ даудан алшақ. Өлеңімен таныссаңыз жеткілікті.

Өлеңші дедік қой. Солар туралы бір қызық әңгіме бар. Белгілі бір жазушыға жазбасын көрсетпекші болады. Мақтау алудан да дәмесі зор. Жазушы: «Мынауың – шимай-шатпақ», – деп лақтырып жіберсе керек. Жігері құм болып қайтқан ол жазғандарын амалсыз отқа тастап кеп жібереді. Парақтар жанбайтын көрінеді. Мұны жақсылыққа балаған ол жазушыға келіп, болған оқиғаны баян етеді. Сол кезде жазушы: «Жазған шығармаң сылдыр су болса, әрине, жанбайды», – деген екен.

Бұл дүниеде ақын біткен құрып кетсе, әдебиетшілердің күні қараң болар еді. Тірісі мен өлгені де әдебиетшілерді асырап келе жатқан жоқ па? Абай болмағанда, докторлығы не болар еді?! Сөйте тұра ақындарды жек көреді-ау.

Жалғасы...

Дереккөзі: adebiportal.kz