Салтанат Смағұлова - түрлі жыр мүшайраларының жүлдегері, шығармашыл жастардың ХҮ Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, «Жанарымдағы жазулар» атты жыр жинақтың авторы, Педагогика ғылымдарының магистрі, Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетінде аға оқытушы. Ол - поэзияға өзіндік үнімен, өзіндік қолтаңбасымен келген, жұдырықтай жүрегіне біріне-бірі қарсы «нәзіктік» пен «өрлікті» қатар сыйғыза алған ақын. Салтанатпен жеке шығармашылығы туралы сұхбаттасудың реті келді.
- Салтанат әпке, кейінгі уақытта өндіріп өлең жазып жүргеніңізді білеміз? Не түрткі болды?
- 2013 жылы жазылған өлеңдерімнің бас-аяғын жиыстырып, пышақтың қырындай алғашқы жыр жинағымды шығардым және шығармашылық кеш бердім. Шығарған жыр жинағым өлеңімнің бағасын берді. Менің өз аудиториям, өз оқырмандарым бар екен және олар мен болжағаннан да көлемдірек екен. Осылай екеніне мені, өлеңімді іздеген оқырмандарым мен әдебиеттегі аға-әпкелерімнің білдірген оң пікірлері, жылы қабақтары көзімді жеткізді. Екінші тынысым ашылды.
- Қазіргі кезде екінің бірі жазған-сызғанын жинақ қылып жатқан заман ғой. Сараптап қарап отырсам, жинақ шығарғаннан соң жазған өлеңдеріңіздің дені «махаббат» тақырыбында. Сіздің айтқан уәжіңіз толық жауабыңыз емес сияқты.
- Мүмкін. Ғашық болған шығармын. Қиялымдағы кейіпкеріммен өмірде жүздестім.
- Сіз туралы көп естиміз. Жаңа өлең жазсаңыз елеңдеп отырамыз. Жастар ғана емес, аға буынның да назарындасыз. Солай бола тұра, ресми кездесулерде, ақын-жазушылар жиналған жерлерде, өлең оқылатын сәттерде сізді көп көре бермейміз. Мысалы, мемлекеттік тапсырыспен жыр жинағыңыз шықпады, «Поэзия әлемінен» көрмедік, Қайрат Асқаров ағамыздың Қасым сайтына берген сұхбатындағы облысымыздағы танымал ақындардың легінен сіздің есімізді кездестірмедік. Не себеп?
- Мен сол көп тізімдерде ғана жоқпын. Өлең өлкесінде бармын. Өз орнымда тұрмын. Тізімге ілігу үшін өлеңің болу жеткіліксіз. Қолында азды-көпті мүмкіндіктері барларға қол жайып, өтініш айтып барған емеспін. Мұндай жеке сапалар маған бұйырмапты. Ал, жарыққа шығара қояйық деп жоғарыда сіз айтып өткен жоба жетекшілері инициатива білдірген жоқ.
- Адам өз өмірінде белгілі бір құндылықты алғашқы кезекке шығарады. Отбасы, кәсіби іс-әрекет, рухани және материалдық құндылық. Сіз үшін қайсысының үлесі басым?
- Нәзік жандының негізгі миссиясы – бір отбасына ана, азаматқа жар болу және өмірінің соңында ерінің ризашылығын алу. Менің де басты мақсатым осы. Ал, шығармашылыққа, өлең жазуға өмір арнаудың, арнайы уақыт бөлудің қажеті жоқ. Мен күнде өлең жазамын, бірақ өлең жазуға уақыт жетпеген кезім есімде жоқ.
- Өлең сізге не береді?
- Өлеңнен ақша, атақ немесе басқа да қайырсыз дүние күтпеймін. Өлең жазу - жанымның қалауы, Алланың берген ерек сыйы.
- Өлеңіңізде өр мінездісіз. Өмірде де сондайсыз ба?
- (Жымиды). Жоқ, әрине. Еркелігімді өлең ғана көтереді, өлең ғана аялайды. Және мені өлеңдей жылата алған, өлеңдей жұбата алған жақыным жоқ. Қоршаған ортадағы адамдармен келісімге келуге, гуманистік қарым-қатынаста болуға тырысамын. Өмір сүру керек қой.
- Қарағандыда ақын қыздардың көшін бастап тұрған өзіңізсіз. Басқа ақын қыздар бар ма немесе олардың есімі неге аталмайды?
- Менің алдымда Гүлжан Рүстемова әпкемнің есімі аталады. Бірақ, әпкеміз қазір бизнесте. Өлең өлкесінде қара көрсетпей жүр. Менімен тұстас басқа да ақын қыздар болды. Олар алғашқы ызғарға төзбей басқа өлкеге қоныс аударды. Өлеңді сүйген, ыстығына күйген, суығына төзген мен ғана болған сияқтымын. «Аманат» деген өлеңім осы сұрағыңызға жауабым сияқты екен.
Көтеремге қайсар жаның кекті ме ед?!
Екі ойының бола берді-ау, бірі мұң.
Ақынсымақ ардан безіп кетті деп,
Лағыл жырға лағнет айтпа, құлыным!
Ғазиз жанда ғазал жырдың асылы,
Құдыретті Қасым үнмен қайымдас.
Алақұйын айқайшының асыры,
Ақ өлеңге бола алмайды айырбас!
Сал-серінің астарлы ғой сыры әлі.
...Күн астында гүлсіз қалды көп қырат.
Пір тұтқаның асқарынан құлады,
Өлең шіркін, өліп кеткен жоқ бірақ!
Құм астында күңіренді құба бел,
Алақанға ақық өлең, ақырғы үн!
Алты алашқа әкелер деп мұрагер,
Қалқам, саған аманаттап жатырмын!
Мұқағали, Мажған көшін табарсын,
Жүдә, жақсы Жүмекенге жолықсаң.
Еншіңді алып ескі жұртта қаларсың,
Қара өлеңнің киесінен қорықсаң!
Сабыр, сабыр сәл-сәл тағы төзім қыл,
Жанардағы отты өшірме жарай ма?
Құнсыз ғұмыр құрықтаса өзің біл,
Жырсыз жаның жетімек қой алайда.
Күн секілді көктен ғана көрініп,
Ақ дидарлы айда болғың келеді!
Өр көңілдің өзегінде өріліп,
Өлең болып туылғансың себебі!
Жанашырың жарым ес боп жолықты,
Жұмыр басқа бақ секілді сор да сын..
Саналыға сабыр жолдас болыпты,
Ал, соқпағың сапарыңды оңдасын.
Бара ғой..
- Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Ақмарал Ғанибекқызы
Сурет: жеке мұрағаттан
Ұқсас жазбалар:
Салтанат Смағұлова: "Сенен өзге кім ұғады мендейді?!"
«Шабыт - 2014». Бас жүлдеге қай ақын лайық?