- Негізгі бет
- Көкжиек
- Сәбит Мұқанов музейі...
Сәбит Мұқанов музейі
Сәбит Мұқанов бұл өмірде өте қарапайым, жатаққа тән жалпақтық пен қазақы қоңыржайлылық тән жан болған деседі. Сәбит жазушының дәл осы қасиетін музейіне кіргенде бірден сезуге болады. Қазақы болмыстың бет-бейнесі еріксіз елестетіп, кеңес қазағының иісін танытады. Мәселен, Дінмұхамед Қонаевтің пәтер-музейіне кіргенде нағыз аристократияның куәсі болуға болады: толған сый-сияпат пен кәдесыйлар, құнды жәдігерлер мен баға жетпес экспонаттар, қарағай жиһаздар мен қызыл-қалың томдарға толы бағлан-байлықтарға көз тойдыруға болатын еді.
Ал халықтың еркесі болған Сәкеңнің салтанаты да халықтың мерейімен өлшенген ғой. Марқайып, масайрап жүре берген. Мұрайжайына кіре қалсаңыз, Сәбекеңнің бейнесі бейнелеген кәдесыйларды, үлкен картиналарды бірден байқауға болады. Бұлар халық тарапынан берілген естелік сыйлар болатын болса, жазушының ғұмыры үшін зор сыйластықтың көрінісі еді. Мұражай қабырғаларынан жазушының халықпен кездесіп, емін-жарқын жүздесіп отырған фото-суреттердің біршама екенін байқауға болады. Соған қарап-ақ, Сәбит Мұқановқа деген халықтың ықыласы мол болған тәрізді. Талай тұлпардың иесі де атанған көрінеді. Сонымен бірге, музейде тұрған ұлттық бас киімдер мен ұлттық шапандар, түлкінің терісінен тігілген бас киім, ұлттық аспаптар мен қолтаңбалы кітаптар Сәкеңе сыйланған сыйзат қана емес, халықтың ырымы мен ықыласына толы сүйіспеншілігі де еді.
Сәбит Мұқанов өмірінде қазақ халқының руханиаты мен мен мәдениетінен, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпынан, шежіресі мен тарихынан мол хабары болған, даланың даңғыл даналарының бірі болатын. Сондықтан да, К.Әзірбаев, Ж.Жабаев, Тайжан Қалмағамбетұлы тәрізді дала майталмандарымен сырлас, өнер зерттеушісі Александр Затаевичпен де достық қарым-қатынас пен рухани байланыста болған екен. Мұны музей алаңынан бірден байқауға болатын еді. Тіпті, Сәбиттің сүйікті домбырасы деп таныстырған аспаптың болуы да Сәбиттің ән әлеміне бір табан жақын екенін аңғару мүмкін емес.
Музейда таңқалыс қалдырған жайларға да қанық болдым. Мәселен, Сәбит Мұқанов жазушылық кеңістікте өте танымал болғанын М.Шолохов, А.Толстой, Н.Тихонов, С.Михалков, Галина Серебряков жазушылардың қолтаңбасымен берілген кітаптарды көргенде түсінгендей болдым. Әрине, Сәбиттің шығармасы қазақ классикалық әдебиетінің негізі екенін жақсы білеміз, классикалық әдебиетті қайталау да, оның орнын ауыстыру да қолдан келмейтіні белгілі. Алайда жоғарыдағы тұлғалардың тарапынан Сәбекеңнің де ықылас алуы қазақ классикалық әдебиетінің әлемі кеңірек екеніне көңіл қуатасың. Сәбит, сонымен қатар, Самуил Маршак, Леонид Леонов, А.Фадеев, С.Құдаш, Ш.Айтматов, Р.Ғамзатов, Насыр Фазыловтың да құрметіне ие болған екен. Сәбит қазақ балуанының арыны мен адуын сипаттаған «Балуан Шолақ» повестін Куба халқының эталонына айналған Ф.Кастроға арнайы жіберген екен. Осылайша халық қаһарманын қолдаса көрінеді. Сондықтан куба халқының ерлік пен еркіндігінің белгісі Кастроның қазақ халқымен байланыстырған екі оқиғаның куәсі боламын. Бірі – Сәбиттің шығармасы болса, бірі – Бауыржанның Ф.Кастроға үлгі болған ерлігі еді.
Мұндай музейлер мен мұражайлар тек эстетикалық ләззат қана сыйлап қоймайды, сонымен қатар, білім мен ақпарат та беретіні белгілі. Сәбит Мұқанов шығармаларына қатысты мәліметтерді естіп қана қоймай, шынайы фактілерді көзбен көргенде сол дәуірдің ауасымен тыныстағандай болады екенсің. «Аққан жұлдыз» кітабының жанында Ш.Уалихановтың фотосуреттерін, музейдің ірі жәдігерлерінің бірі – Шоқанның кішкене ғана қанжарын көргенде Шоқанның бейнесі біздің болмысымызда бітімі тіптен шегелене түседі. «Адасқандар», «Сын бая» немесе кейінгі кезде «Мөлдір махаббат» атауларымен шыққан махаббат хикаясы өмірді орын алған оқиға екенін білсем де, Сұлтанбектің күнделігі мен Сәбиттің осы оқиға жайындағы естелігін естігенде, Бәтима мен Сәбиттің кездесуін көз алдыңа елестеткен уақытта өмірде адасқандардың шынайы келбеті көлбеңдегендей болады. Бір жағынан, бақсаңыз, мұның барлығы қызық, әрине. Жазушы оқиғаның көркемдігін келтіру жолында үлкен жазушылық зерттеу жасағанын, оқиғаның ішінде өзі де пісіп-жетіліп жүргенін көру біздер үшін қызықты жағдай болып көрінеді. Алайда оқиғаның шындыққа жанасуы сол замандағы қазақ қоғамының келбеті өзгере бастағанын аңғаруға болады.
Жазушының шығармашылығы мен өмірін, саяхаты мен том еңбектерін өзі тұрған, өмір сүрген, жүрген, жатқан, еңбектенген, отырған, қонақтарымен, дос-жарандарымен әңгіме-дүкен құрған, жазу машинасын басып, кітабын түптеген үйін, үй-мұражайында көзбен көріп сезінген, күйге енген, кеңестік адамның рухын көз алдыңа келтірген, расында да, бір ғанибет екенін көңіліме тоқығандай болдым.
М. Ақан