- Негізгі бет
- Көкжиек
- Сәбеңнің Сәкенмен танысуы:...
Сәбеңнің Сәкенмен танысуы: "Кескіні шынында да адамзаттың көркемі екен"
Қазақтың аяулы ақыны Сәкен Сейфуллиннің әдебиетімізге сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Әйгілі жазушы Сәбит Мұқановтың Сәкеннің 70 жылдығында арнайы сөйлегенін сәкентанушы ғалым Тұрсынбек Кәкішев өзінің естелік кітабында айтып өтеді.
Сәкен Сейфуллин – қазақ совет әдебиетінің бірден-бір негізін қалаушы адам. Ол – қазақ совет әдебиетінің атасы. Сәкен қазақ әдебиетінің Маяковскийі ғана емес, Максим Горькийі, яғни қазақ совет әдебиетінің өркендетушісі ғана емес, оны бастаушы деп, әдейі қадап-қадап айтқаны оның әдебиеттегі бағасы болса керек. Оның көзін көргендердің әңгімесіне сенсек, Сәкен өте кербез, паң, сондай сымбатты адам болған деседі. Сәбеңнің Сәкенмен алғаш танысқаны туралы естелігі де оқырман қауымның қызығушылығын оятады деп ойлаймыз.
"Костюмімен ғана отырған Сәкенге енді қарасам: кескіні шынында да адамзаттың көркемі екен. Қыраусыз қап-қара қалың қасы, қою ұзын мұрты өзі сұлу ажарын ерекше шешіп тұр!... Томпақ қара көздерін одан да сұлуландыра түсейін дегендей, біреумен сөйлескенде ұзын кірпіктерін жиілете қағып, көзін бәлкім күлімдете, бәлкім ойнақтата қарайды...
Күлгенде балуан мойнына біткен әдемі басын шалқайта, ұзын әдемі тістерін көрсете, аздап қана кеңкілдейді, саңқылдамайды. Қап-қара шашы толқындата біткен. Әсіресе маңдай алдының шашы сол жағынан бұйралана қайқайып барып, үйірілген ұшы кейін қарай қайта жығылады.
Денесі таразы, саусақтары ұзын, тал бойында осынша жарасымды біткен мүшелерінен нұқсандысы, салт жүретін көшпелі елдің ұлы болғандықтан жіліншігі бәлкім қотандау (сонысын сездіргісі келмей, еш уақытта етік, галифе сияқты тар киімді аяғына жолатпайтын еді).
Әйел пішінді сұлу еркек те болады екен ғой. Сәкен еркек пішінді, бейнелей айтқанда,«ер пішінді» адам. Жасы сол жылы 28-ге ғана толғанмен, кескіні сақа жігіт сияқты. Амандасып, кеңескенге дейін Сәкеннің тал бойында маған ұнамағаны – оң жақ білегіне салған, қара алтынмен әшекейленген сом, бұрамалы күміс білезік пен қайырмалы ақ жағаға тағылған галстук (коммунист, комсомол былай бұрсын, «советтік» деп аталатын барлық адамға да галстук тағу – ол кездегі адамның ұғымында «мещандық», әйтпесе, буржуазиялық салт есептелетін). Бұл «тұрпайылығының» үстіне, Сәкен хош иіс құйынып кепті".
Ж. Жұмағұлов