Ресейдің баспамен айналысатын федералдық агенттігі «0+», «6+», «12+», «16+» және «18+» ескерту белгілерін енді кітаптарға қою керек деген ұсыныс жасады, деп хабарлайды «Известия».
Ресейде 2010 жылы шыққан «Балалардың дамуы мен денсаулығына зиян келтіретін ақпараттан сақтау» туралы заңы бойынша ақпараттық өнімде де ескерту белгілері болуы керек екен.
Заңнамада көрсетілгендей, ақпараттық өнімнің ескерту белгісі («0+», «6+», «12+», «16+», «18+») кітап туралы ақпарат беретін бетте көрсетілуі тиіс және көлемі жағынан қаріппен бірдей болуы керектігі талап етілген.
Бұл белгі кітап мұқабасында да міндетті түрде басылуы керек. Бұдан басқа, балалар арасында таратылмауы тиіс кітаптар полиэтиленмен қапталуы міндетті болған. Ал кітап саудасымен айналысатын сайттарда «18+» мазмұнындағы кітаптарды кәмелет жасына толмағандарға сатуға шектеу қою міндеттелген.
Заңға қайшы келген кезде баспагер де, оны таратушы да жауапкершілікке алынатын болады.
Мұндай өнім қатарына тек оқулықтар мен ғылыми-зерттеу мазмұнындағы кітаптар ғана кірмейді. Сонымен қатар, Ресейге кіретін кітаптардың да мұндай ескерту белгісі болуы тиіс.
Федералдық агенттіктің хабарлауынша, бұл жоба бекіту үшін 22 желтоқсанда мемлекеттік органдарға жіберіледі.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: parenting.ru