Рақымжан Отарбаев: "Көрген-баққан"

Асылы, адам баласы өзінің ішкі даусын күнделік жазғанда еститісе керек-ті. Әсіресе, ақын-жазушылар жиі күнделік жазады. Күнделік – күйбең тірліктен шаршағанда, жан баласынан дос таппағанда, құлазығанда сіздің айнымас серігіңізге айналады. Күнделік бетіне түскен эмоцияңыз, ішкі сезіміңіз, тебіренісіңіз тасқын ойға ұласады. Біз бүгін көрнекті жазушы-драматург Рақымжан Отарбаевтың күнделік бетіндегі оқшау ойларын жариялауды жөн санадық. 

*** 

Өткен ғасырдың 80-жылдары-тын. Алматы – Атырау (Гурьев) поезымен жолсапарға шыққанмын. Купеде тығыншықтай қызыл бет шал отырды. Уақыт мол, жол ұзақ. Әңгімеге шақырдым. Әрі-беріден соң кешегі Ұлы Отан соғысына ойыстық. 
– Соғысқа қатысқан шығарсыз? Қай жерден аяқтадыңыз? – деймін. 
– Біз броньмен қалғанбыз. Мал союға, – дейді шалым. 
Тосын естілді. Қанды қырғында қасапшы боп мал сойып жүргені несі? Әрі қарай жетелей түстім. 
– Саратов қаласы маңына жанұямызбен көшіріп апарды. Төрт жыл бойы сол жерде әскерге азық-түлік қамдап, мал сойдық. Тек біз емес, тағы да он шақты жігіт көмекшім болды. Етті майданға вагон-вагонымен жөнелтіп жаттық. 
– Еңбегіңіз зор екен. 
– Айтары бар ма... 
– Малды қайдан әкелді? 
– Көбіне Қазақстаннан. 
– Қиналған шығарсыздар? Үнемі мал сою оңай ма? 
– Жоға. Сиыр мен қойдың бас-сирағы, өкпе-бауыр, ішегі өзімізге қалатын. Ертеңді-кеш қызыл қуырдақ. Бөгіп жүреміз. 
– Сөйтіп, соғыс та аяқталды дейсіз. 
– Иә. Тез біткеніне өкініп қалдық. 
– Рас айтып отырсыз ба? 
– Енді ше? Ондай тегін тамақты бізге кім береді? 
– Ит екенсіз! – дедім даусым қоюланып. 
Басқа сөз аузыма түспей, тұлыптай боп ісініп, купеден шығып кеттім. 
Әй, бәсе, арам жеген төбет құсаған түрі жаман еді-ау. 

***

– Жақсы да бір төмпешік, жаман да бір төмпешік. Несін айтасың, – деп базарда алма сатып тұрған бір әйел сампылдап жатты. Ойланып тұрып қалдым. Кейбір ақылды ағаларымның аузынан осы сөзді ести алмай қойғанмын. 

***

Қазірде жас әнші көп. Өңшең «жұлдыз». Қазақ аспанына қалай сыйып тұр деп таңғаласың. Ал көбінің әнін тыңдасаңыз... Әуені – азғын, сөзі –сорақы. Аяқтары –жерде, демі – көкте. Қолда – микрофон... Бар кәсіптері ел-жұрттан ақша жинау. Бизнестің ең оңай жолы осы шығар. Әлің жетпесе әнмен ойна деп оларға кім айтты екен?! 

***

– Шүкір, біздің тұқымнан бақсы мен ақын шыққан жоқ, – деп бір көкеміз мақтанып тұрды. 

***

Халықты жоқшылық емес, тоқшылық құртады. Аздырады. Бұл – ерте дүние тарихынан мәлім құбылыс. 

***

Аман-саулық сұрасқан бір танысқа: « Жүріп жатырмыз, уақытша», – деп ем. Шошып кетті. 
– Қалайша уақытша? – деп. 
Оған не айтуға болады? 

***

Таңертең айнаға қараймын. Бетінде ит тірліктің ізі қалған бір шал тұрады. Басымды алып қашамын. Барлық жас дәурен айнаның арғы жағында қалған сияқты. 

***

Той-топырда жастарға жұрт сияқты «Бақытты болыңдар» деп тілек айтамын. Бақыттың не екенін шындап келгенде өзім де білмеймін. Бәлкім, біздің жақта жоқ зат шығар?! 

***

Теңіз де кірлейді. Айдын бетін шөп-шалам, сынған ағаш, өлген балық пен құс, төгілген мұнай қалдығы басады. Күндердің күнінде дауыл көтеріледі. Толқын біткен арыстан жалданып өкіріп-бақырып жағалауға ұмтылады. Әлгі кір-қоқыстың бәрін әкеліп адамдардың өзіне лақтырады. Тазарып барып тыным табады. Сосын бәз-баяғы қалпында жарқырайды да жатады. Біздің қоғам да тап осындай тазаруды күтіп тұр.