Ақын, әдебиет зерттеушісі, ғалым, қазақ тіл білімінің атасы, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының қанатты сөздерін ұсынып көрмекпіз:
Балам деген жұрт болмаса – жұртым дейтін бала қайдан шықсын! Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл, құлша тәрбиелесең – құл болмақшы. Жер мәселесі – қазақтың тірі я өлі болуының мәселесі. Мойындағы борышты білу – білімнің ісі, борышты төлеу – адамшылық ісі. Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалімі қандай болса – мектебі де сондай болмақ. Адамға ең қымбат нәрсе – жұрт қамы, жұрт ісі. Замана сипаты: білімі көптер жұрт билемей, малы көптер жұрт билер заман. Сөздің ең ұлысы – тарих. Елде жоқ рух – ақын сөзіне қайдан келсін?! Көркем сөз – көңіл тілі, жалаң сөз – зейін тілі. Шежіре, заманхат, өмірбаян, мінездеме – бәрі де тарихтың жемі есебіндегі нәрселер. Мақал – тәжірибеден шыққан ақиқат түрінде айтылатын сөз. Күнелту үшін – ас керек, ас істеуге – күш керек, күшті жұмсауға – ес керек. Әркім өзі жақсы білетін нәрсесін сынауы керек. Алушы да, беруші де – өзіне жағымды жағын іздейді. Кейбір істерді істеу керек бола тұра істеуге болмайды. Өткенді қуғанды қойып – осы күйіңді жөндеуге жөн іздеу керек. Жұрт керегін білетіндер – көп, істейтіндер – аз. Талап – жоқ, үміт – мол бір халықпыз. Біреу – жұмыс қылайын десем тұрған жерім жаман дейді, біреу – маңайымдағы елім жаман дейді: бұлардың бәрі де – бос сөз! Біздің заманымыз – өткен заманның баласы, келер заманның атасы!Жазбаға "Қазақ афоризмдері" кітабы пайдаланылды.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: shymkent.gov.kz