"Маған досыңның кім екенін айт, мен сенің кім екеніңді айтамын" дейді. Ал досы кітаптар болса ше? Адамның кітап сөресіне, не оқитынына қарап та, кім екенін, қандай адам екенін тануға болады. Егер ел тануға, жер білуге құштар болсаңыз, әлем әдебиетіне ауыз саласыз. Ал қай елді тану үшін қандай кітап оқу керегі жөнінде мына туындыларды ұсынамыз.
Жапония. Харуки Мураками «Бұрандалы құс»
Тору Окада — отыз жастағы қарапайым адам. Оның сүйікті жары, мысығы, жақсы жерде орналасқан шағын үйі бар. Бақытты десе де болады. Бірақ бір күні кенеттен мысығы жоғалып кетеді, бір түрлі әйел қоңырау шалады, өз әйелі кетіп қалады. Ескі сәуегейлік орындалады. Өмірі жауабы жоқ сұрақтарға толады.
Сербия. Милорад Павич «Бөгде дене»
Венециядағы Ару Анна және оның сүйгені тылсым жұмбақтың жауабын шешуге талпынады. Ол жұмбақ жүзік тасының түсі өзгеруі және бокал түбінде жазылған белгісіз нақыл сөз жөнінде. Арада отыз жыл өткенде Сербия жазушысы мен әйелі Лиза бұл құпиямен тағы кезігеді.
Қытай. Мо Янь «Өліп-тірілуден шаршадым»
1950 жылы жер реформасы кезінде бірнеше жан жазықсыз жазаның құрбаны болды. Соның ішінде қолы іске жаралған, жүрегі мейірімнен нәр алған, күші тау қопарардай тасыған жан да бар. Бірақ тәкаппар жан бұл өмірге қайта келіп, өз шындығымен әртүрлі кейіпте күреседі.
Чехия. Карел Чапек «Саламандрамен шайқас»
Кесіртке тәрізді жәндік саламандрлар Отаны адамдар әлеміне ұқсас. Бұл әлеммен соқтығысу бүкіл адамзат өміріне қауіп төндіреді. Бұл кітап Карел Чапек жазғандары ішіндегі ең үздігі саналады.
Бразилия. Жоржи Амаду «Құм карьерінің генералдары»
Үй-күйі жоқ балалар тесік шатырлы жүк қоймасын мекен етеді. Олар өздерін «құм карьерінің генералдары» деп атайды. Шығарма мазмұны: өмір күресінде балалар қолға қару алса да, бала болып қалатыны жөнінде.
Эстония. Яан Кросс «Императорлық есалаң»
Ақ шашты әрі кетік Тимо түрмеден келеді. Ол билік және билеуші жөнінде тек шындық жазылған меморандум шығарып, императорға жібергені үшін бір жылға сотталған еді. Енді ешқандай шындық қажет етпейтін әлемде өмірінің жаңа парақтарын ашуы керек.
Египет. Нагиб Махфуз «Дәуірлеу салтанаты»
Бір жағдайды, бір шындықты төрт кейіпкер түрліше сипаттайды. Тұрғынның сырт көзден тасаланған өмірі арсыздыққа, қаталдыққа, шынайы әрі құштар сезімге толы.
Жалғасы бар