Ойламаған олжа

Ойламаған олжа

Кеше түнде олар тағы да ұрсысып қалды. Бірақ таңертеңгі аста, Тамара түк болмағандай күйеуіне: «Вилиям, мен мәшинемен Денверге барып, банк жақпен тағы да тілдесіп көрейін. Мүмкін, банк жақ біздің ақшаны мерзімге бөліп төлеуімізге келісіп те қалар, мұндай күн туса, қарыз қайтаруымыз оңайға түседі. Екеуміз де осы іске бола, екі күннің бірінде ырылдасып отырамыз» деді.

Көлік іші жым-жырт. Кең даңғылда жүйткіп келеді. Кенет, Тамара жол шетінде жатқан біреуді байқап қалды. Жалма-жан мәшинені тоқтатып, әлгі адамның жанына барды. Ол қинала ыңырсып жатыр екен. Тамара оған қолын соза беріп еді, кенет, әлгі кісі орнынан атып тұрып, тапаншасын Тамараға кезеді де: «Үніңді шығарма! Менің атым Жулен, дүниеде жаралмаған жақсы адаммын, көлігіңді жүргіз!» деп бұйрық берді.

Тамараның жүрегі тас төбесіне шықты. Таңертең радиодан Жулен есімді бір қандықолдың орталық түрмеден қашып шыққанын естіген еді.

Көлік ішінен безілдеген үн шықты.

«Бұл ненің дыбысы?»

«Қалтафонның дыбысы».

Жулен құқай көрсетіп: «Телефонды тыңда! Жуасырақ болуды ұмытпа!» деп тапаншасымен әйелдің басын нұқып қойды.

Тұтқадан Вилиямның дауысы естілді: «Тамара, өткен түнде өзіңмен ұрысысып қалғаныма кешірім сұраймын. Қазір қайдасың?»

«Ормандағы көне қорғанға таяп қалдым. Сүйкімді бөпеміз Шаритан тентектік жасамаған шығар? Мен үшін оның бетінен сүйіп қой» деді.

Көлік май құю пунктіне келді. Тамара: «Көлікте бензин жоқ. Жолда қалуымыз мүмкін» деді.

Әлгі сұмырай бензин сағатына қарады да: «Жарайды, көліктен аттап басушы болма!» деді. Терезеден май құю пунктінің қызметкеріне: «Құй бензинді!» деп айғай салды.

Осы кезде Тамара көлік айнасынан сақшы автокөлігінің келе жатқанын көрді. Екі сақшы көліктерін бір шетке тоқтатты да, дөңгелектерінің қысымын өлшетті. Тамара мәшиненің есігін бір ашып, бір жауып олардың назарын өзіне аудармаққа талпынды. Бірақ екі полция май құю пунктінің қызметкерлерімен шүйіркелесіп кетті де, бұл құбылысқа назар аударған жоқ.

Олар бензин құйғызып алып, тағы жолға шықты. Жол-жөнекей қызыл шыраққа тоқтады. Бағыттас жолға әр алуан көліктер келіп, тоқтап жатты. Осы кезде, көліктің сол жағындағы бір мәшинеден жас жігіт түсіп, Тамараның терезесін қақты.

«Кешіріңіз, мырза!» деді әлгі адам Тамараның қасында отырған қандықолға сыпайы кейіпте тіл қатып: «Отыңызды бере тұрыңызшы!»

Мысы құрыған әлгі сұмпайы бір қолымен шақпақты алып, енді бір қолымен терезені жабуға ұмтылды.

Дәл осы қас-қағым сәтте, әлгі адам жалма-жан көліктің есігін ашып да, тапаншасын қылмыскердің шекесіне тірей қойды да: «Қозғалма! Мен сақшымын!» деді.

Осы кезде, тағы бір сақшы көліктің екінші бүйіріндегі есікті ашып: «Қорықпа, Тамара!» деді.

«Рақмет, рақмет сендерге!» деп көз жасы көл болған Тамара булыға сөйлеп, көліктен түсті.

«Рақметті күйеуіңе айт, - деді сақшы, - Сендерде қайдағы бала, сондықтан, сен телефонда күйеуіңе сүйкімді қызымызды мен үшін сүйіп қой дегеніңде-ақ, ол бір бәленің болғанын сезе қойыпты. Қызметтесім екеуміз май құю пунктінде қасыңда отырған адамның түрмеден қашқан қандықол Жулен екенін бірден танығанбыз. Тамара ханым, шынында, ержүрек жан екенсің. Айта кетейін тағы бір қуанышты хабар, қандықол Жуленді ұстаған адамға мол сыйлық ақша беріледі».

 

Дайындаған: Сұңқар Ақбоз

Сурет: www.backpackers.com.tw

M. Auelkhan