Бұл шағын әңгіме адам баласының пендешілігін нақты бейнелейді екен. Шынымен де, қызғаныш, күншілдік деген қисық мінездермен екінің бірінде кездесіп жатамыз. Және өзіміз де кей сөзіміздің іште бықсып жатқан күншілдігіміздің көлеңкесі екендігін байқамай қаламыз.
Сондай бір жер болыпты, ол жердегілер қыстың күні өзеннен мұздың үстімен жүріп өтсе, жаздың күні кіндігінен су кешіп өтеді екен. Сөйтіп жүргенде, біреу дөңбектен шағын көпір салыпты. Сонан кейін көпшілік өзеннен осы көпір арқылы өтіп жүріпті. Әлбетте, көпір сәл тарлау сезіліп, адамдар: «Оның бұл не қылған ісі?! Осындай да көпір салам ма? Елді қыспақталып, қиналып жүрсін дегені ғой» деп ренжіпті.
Бұл адам тағы өз үйінің жанынан құдық қазыпты. Адамдар осы құдықтан шелектеп тұнық та тәтті су тартып іше жүріп: «Елдің бәрінде құдық жоқта бәлендей қолайсыздық сезінбеген едік. Бәрін істеп жүрген осы. Өзімшіл, есігінің алдынан қазып қойғаны несі» деп кейістік білдіріпті.
Жаздың қайнаған ыстық күнінде далада болсын деп, бұл адам жолдың екі жағынан ағаш отырғызыпты. Бірнеше жылдан соң бұл ағаштар мәуелеп сая болыпті, толысып жеміс те беріпті, адамдар саясына салқындап, тәтті жемістен жей отырып, тағы да ренжи сөйлейтінді тауыпты: «Е, бұрынғы күнде көшеге шықсақ болды көк аспанды көретін едік. Ал қазір ше, орман ішінде тіршілік етіп жатқандайсың».
Бұл адам хал үстінде жатып, арттағы елге өзін әке-шешесінің жанына жерлеуін өтініпті.
«Осы адамның ақ жұмысы көп екен. Зираттың арасында ине шаншар жер қалмады. Оның тағы әке-шешесімен бірге жатқысы келеді. Осы-ақ өзгелерден ерекше болады да жүреді» деп, оны бір төбенің басына жерлепті.
Оның моласына ұзақтан көз салған адамдардың көңілі тағы тыныштық таппапты: «Қарашы, басқалар өлген соң шағын зираттың ішінде ұйлығысып жатса, осы ғана бір төбенің басында маңғазданып жалғыз жатыр. Тап бір өз төрінде жайланып жатқандай!»
Содан кейін олар да дүние салған туыстарын сол төбеге шығарып, әлгі адамның қасына жерлей бастапты.
Семен Аристов
Дайындаған: Алшын Матай
Сурет: chuvstvnet.ru