Оралхан мен Шерхан. "Төменге қараңызшы, Аға, мен көрінем бе екен?"

Бүгін - Қазақ әдебиеттің көрнекті өкілдері Оралхан Бөкей мен Шерхан Мұртазаның туған күні. Аталған күнге орай Шерхан Мұртазаның 2005 жыл "Ертіс өңіріне" жарияланған Оралхан туралы мақаласынан үзінді келтіре кетуді жөн көрдік. Бір күнде туған қос қаламгердің рухани байланысын мына жазбадан айқын көре алатындаймыз:

***

Өр Алтайдың Қатон-Қарағайына бардым. Бірінші рет барсам да бәрі маған бұрыннан таныс сияқты көрінді: асқар таулар, жан-жағын қоршаған ойпаңды қақ жарып, ақ көбік шашып, арқырап асау өзен ағып жатыр. Биіктен биікке өрмелеген самырсын, бал қарағайлар.

«Сен кімсің, қайдан жүрсің?» дегендей төбеден қайта-қайта айналып ұшқан тастүлек қыран.

Қарағайлардың арасын сатырлатып, үрке қашқан бұғылар.

Қия бетте текшеленген пішен маялар.

Мұның бәрі маған бұрыннан таныс. Бірақ көріп тұрғаным тұңғыш рет.

Басына сәлде ораған Мұзтау. Алыстан сұсты көрінеді. Ол кейде адамға ұқсайды. Әлдекімге, маған таныс адамға ұқсайды. Мұзтау қимылдағандай, басын кегжиткендей болады. Кесірлене, кекірейе қалады. Кейде шалқып, шалқалап, сақ-сақ күледі.

Лезде жаңбыр жауып, лезде ашылады.

Дүркірей өскен зүмірет шөп біткен, қарағай қылқандары гауһар тамшыдан моншақ тағып, бұлт арасынан шыға келген күн нұрына шағылысқан тамшы-моншақтар сансыз түрлі бояумен құлпырып, құбылып, сәулелі музыка сыңсып тұрады.

Осыдан кейін ақыл-ойың қалыпты әдетінен өзгеріп өзің-өзің емес, өзге адамға айналып кеткендей шалық сезімге бөленесің. Сонда: хақ-тағала, шын құдырет мекені осы екен деп қаласың.

Ал, әлгі қыран әрі-сәрі болып тұрған сенің төбеңнен зау биікте асықпай айналып ұшып, ар жағыңнан бір қарап, бер жағыңнан бір қарап: «Сен қайдан жүрсің? Не іздеп жүрсің?» дегендей, жалықпай қалықтайды.

Оралханның елу жасқа толған торқалы тойына келдім, — дедім аспанға қарап.

Оралханға арнап ас беріледі. Ол елуге сәл-пәл жеткен жоқ, — деді аспан.

***

...Мен алпысқа толғанда Оралхан маған арнап екі-ақ абзац сөз жазды. Бірақ сол екі ауыз сөзге ол ширек ғасыр бірге болған ғұмырымызды сидырып жіберді.

«Аға! Мен Сізді ешқашанда аты-жөніңізбен атаған емеспін. Ең алғаш көргеннен бастап «Аға» деп амандастым және сол 1967 жылдан бері туған ағадай шыншыл көңілмен сыйлап, құрмет тұтып келемін. Бәлкім, осынау алдымен арты айырбастала беретін алдамшы өмірде, сынаптай толқыған әрі айнығыш заманда туған ағайынымен де aт құйрығын кесісердей дүрдараздық болар да, бірақ Сіз бен біздің арамызда ширек ғасырдан бері ағалық-інілік жарастыққа жарықшақ түскен жоқ (тіл-көзден сақтасын). Мен Сізді, Аға, жаһандағы жалғыз ұстазым деп, жар сала айтудан ұялмас едім, әрі осының өзін мақтан тұтар едім.

Қарғадай кезімде «Лениншіл жас» газетінде жарияланған үш-төрт очеркімді оқып, ауылда қаперсіз жүрген кезімде республикалық басылымға жұмысқа шақырдыңыз.

Университеттің үшінші-ақ курсында сырттай оқып жүргеніме қарамастан, ең бір қиын да жауапкершілігі үлкен бөлімдерді сеніп тапсырдыңыз. Бұдан кейін де әдебиет пен журналистикадағы соқпағы соқтырмалы кезеңдерді бірге өткізіп келе жатырмыз. Meн кейде туған айымыз бен күніміздің де (28 қыркүйек) дәл келуін ырымдап, жақсылықтың нышанына балаймын. Міне, Сіз 60 деген асуға шықтыңыз, төменге қараңызшы, Аға, мен көрінем бе екен? » (1992 ж.).

Соңғы сөйлем… Сұрапыл сұмдық сұрақ. Төменге қараймын, енді Оралхан көрінбейді. «Шолпандай таң алдында туып-батты».

Сонда… Қатон-Қарағайға, Шыңғыстайға барғанда, алқаракөк аспанда бір қыран биіктен төменге қарап, баяу қалықтап жүрді де қойды. Енді биіктеп кеткен Оралхан шығар…