***
Өр Алтайдың Қатон-Қарағайына бардым. Бірінші рет барсам да бәрі маған бұрыннан таныс сияқты көрінді: асқар таулар, жан-жағын қоршаған ойпаңды қақ жарып, ақ көбік шашып, арқырап асау өзен ағып жатыр. Биіктен биікке өрмелеген самырсын, бал қарағайлар.
«Сен кімсің, қайдан жүрсің?» дегендей төбеден қайта-қайта айналып ұшқан тастүлек қыран.
Қарағайлардың арасын сатырлатып, үрке қашқан бұғылар.
Қия бетте текшеленген пішен маялар.
Мұның бәрі маған бұрыннан таныс. Бірақ көріп тұрғаным тұңғыш рет.
Басына сәлде ораған Мұзтау. Алыстан сұсты көрінеді. Ол кейде адамға ұқсайды. Әлдекімге, маған таныс адамға ұқсайды. Мұзтау қимылдағандай, басын кегжиткендей болады. Кесірлене, кекірейе қалады. Кейде шалқып, шалқалап, сақ-сақ күледі.
Лезде жаңбыр жауып, лезде ашылады.
Дүркірей өскен зүмірет шөп біткен, қарағай қылқандары гауһар тамшыдан моншақ тағып, бұлт арасынан шыға келген күн нұрына шағылысқан тамшы-моншақтар сансыз түрлі бояумен құлпырып, құбылып, сәулелі музыка сыңсып тұрады.
Осыдан кейін ақыл-ойың қалыпты әдетінен өзгеріп өзің-өзің емес, өзге адамға айналып кеткендей шалық сезімге бөленесің. Сонда: хақ-тағала, шын құдырет мекені осы екен деп қаласың.
Ал, әлгі қыран әрі-сәрі болып тұрған сенің төбеңнен зау биікте асықпай айналып ұшып, ар жағыңнан бір қарап, бер жағыңнан бір қарап: «Сен қайдан жүрсің? Не іздеп жүрсің?» дегендей, жалықпай қалықтайды.
Оралханның елу жасқа толған торқалы тойына келдім, — дедім аспанға қарап.
Оралханға арнап ас беріледі. Ол елуге сәл-пәл жеткен жоқ, — деді аспан.