Оралхан әлемі – мәңгілік аңсарлы көркем әлем. Ол табиғатпен етене жақын, жүрегі егіз. Оның әдеби орта мен қалың көпшіліктің арасында мойындалған һәм жоғары сұранысқа ие шоқтығы биік шығармаларының бірі және бірегейі – «Атаукере» романы. Шығармада аралар тіршілігі адамдардың тіршілік-әрекетімен ұштастырыла баяндалады. Жазушының бүгінгі туған күніне орай өмір шындығын, адам ғұмырын философиялық тұрғыда терең сезінуге жетелейтін туындысынан бірнеше дәйексөздерді топтастырған ек.
Пенде дегенің не нәрсеге қолы жетпесе, соған құштар келмей ме?!
– Араның адамнан айырмашылығы болсайшы... Жиған байлығың да бал секілді. Күндердің күні малтығып өлесің.
– Айырмасы көп, апа... Араның байлығы адамдар үшін, ал біздікі... біздікі өзіміз үшін ғана.
Адамның қателігі кемшілік жіберуінде емес, сол кемшілікті кешіктірмей түземеуінде.
Неге біз осы оқта-текте жылап алмаймыз?.. Неге?
Неге біз осы өзіміздің бұл әлемге артық, түкке де керегіміз жоқ бейшара мүскін екенімізді мойындамаймыз... Неге біз осы қатігез де, қасиетсіз болып кеттік?..
...дені сау, төрт құбыласы тең пенде шіркін үшін бұдан артық азап бар ма, бұдан артық тозақ бар ма, Тәңірім! Жоқ еді, жоқ еді... аурудың ең бір асқынған түрі де осы – жалғыздық атты жалмауыз-ау...
Неге біз осы бұл дүниенің барлық мүлкін арғы дүниеге арқалап кетердей, мұрнымыздан қан аққанша жиямыз, а? Айтыңдаршы, ағайын, салт басым, сабау қамшымнан басқа түгім жоқ менің сендерден қай жерім кем? Кімнің тұнығын шайқаппын, кімдердің ырысын ішіп тауысыппын?! Соншалықты неге жек көресіңдер? Мен – талантпын. Менің білетінімнің, тәңірім-ау, бес процентін игерсеңдер, әлдеқашан данышпан болып, әлемнің билігін қолдарыңа алмайсыңдар ма?
Неге бiз осы итжандымыз, басқа қаңқ еткiзiп теуiп жiберсе де, қыңсылаған күйі "иемiздің" етегіне оралып, аяғын жалаймыз?!
Адам баласын құртатын – Ой емес, Ойсыздық шығар...
Неге біз осы өтірік сөйлейміз, өтірік күлеміз, қысқасы – өтірік өмір сүреміз, а?..