- Негізгі бет
- Көкжиек
- Оралхан Бөкей туралы...
Оралхан Бөкей туралы он бес пікір
Әркімнің «Өз Оралханы» бар. Белгілі жазушы Әбіш Кекілбаев: «Оралхан Бөкей – жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиетінің ең сүлей суреткерінің бірі ретінде әлемдік танымдылыққа ие болды. Оралхан азғантай ғұмырында сондай асқаралы биікке өзін де, елін де, туған әдебиетін де шығарып үлгерді» деген екен. Бұл жазушыға берілген бір ғана баға емес. Ол туралы көп айтылды. Әлі де айтыла түседі. Бүгін назарларыңызға Оралхан туралы айтылған үздік он бес пікірді ұсынғалы отырмыз.
«Оралхан өзі туған табиғатына ұқсас еді. Алтайдай асқақ, оның оқ жетпес құзар шыңдарындай биік еді! Заңғар тауларынан құлап аққан өзендеріндей тасқын еді. Тауларының сілемдерін жайлаған ерке еліктеріндей елгезек еді. Өркеш - өркеш тастарындай ірі еді. Қалам сілтеген алыптардың бірі еді. Шығыстан жарқырап шыққан жұлдыз еді».
Қасым Қайсенов
«Әдебиетіміздің қазіргі аспанын жарқыратып тұрған аяулы жұлдыздарымыздың бірі, ғажайып нәзік суреткер, тамаша журналист Оралхан Бөкей қапыда, қиыр алыста оралмас сапар кешті, біз тіл жетпейтін өкініш кешіп, тағы жылап қалдық».
Ғафу Қайырбеков
«Оралхан – дүниеден озғалы, міне, тура он жыл болды. Кітаптары өмір сүріп келеді, өмір сүре береді. Олар: жасқа – ақыл, кәріге – қуат береді. Бақытқа бақыт қосады. Бақытсызға медет болады».
Шерхан Мұртаза, 2003 жыл
«Оралхан не жазса да қанымен, жанымен жазушы еді. Және қай жанрда жазбасын олардың бірде – бірі қаламдастар мен қалың қауым назарынан тыс қалмайтын».
«Оралхан бір оқылатын жазушы емес. Оралхан қайталап оқуды қажет ететін жазушы, түсінгеніңше оқи беретін күрделі суреткер».
Дулат Исабеков
«Оралхан еш уақытта тақырыптан таусылып көрген жазушы емес. Бір-ақ сөйлемдік мәселеден қалауынша шығарма тудыра беруге қабілетті де, құдіреті де жететін. Сол себепті де болар, ол «Жоспарланған дүниемнің көптігі сондай, оларды ешқашан жазып тауыса алмайтын шығарма» деп қиналатын».
Дидахмет Әшімханұлы
«Оралханның прозасы өзінің терең өміршеңдігімен құнды. Ол - өз оқырманың ешқашан жоғалтып алмайтын шын бақытты жазушы».
Айгүл Кемелбаева
«Адамды ардақтау, оның ұлылығын жырлау, жалпы алғанда, Оралхан повестерінің негізгі тақырыбы десе де болады».
Серік Қирабаев
«Оралхан – бар жанрда бағын сынап, қазақ әдебиетінің көркемдік әлемінде ғажайып із қалдырған аса көрнекті жазушы, қайраткер қаламгер».
Қуанышбай Құрманғали
«Есімі өзімізге де, өзгеге де кеңінен танылған ерекше талант иесі Оралхан Бөкей әдебиетімізге өзіндік бетімен, өзіндік өрнегін сала келген жазушы еді. Оның алғашқы әңгіме – повестерінен –ақ («Қамшыгер», «Үркер», «Қайдасың, қасқа құлыным») ешкімге ұқсамайтын өзінше сөз саптасы, асқақ мінезі, алғыр зерде – зейіні оқушысын бірден баураған болатын»
«... артына мол әдеби мұра қалдырған Оралхан Бөкей ұлттық көркемөнерімізде өзіндік орны бар ірі суреткер. Жазушының адамның сезім тұңғиығына, жан – дүние тереңіне ой – арманына үңілген шығармалары туған халқымен бірге жасасып, оның рухани игілігіне қызмет ете береді»
Тұрлыбек Мәмесейітов
«Оралхан Бөкей заман тынысын, замандас бейнесін, әсіресе рухы күшті адамдар туралы, мөлдір махаббат, рухани тазалық жөнінде, жан сұлулығы жайында талмай ізденіп өткен жазушы».
Тұрлыбек Мәмесейітов
«... Оралхан Бөкей - ақын. Әр әңгімесі, әр повесі ақындық жүрекпен өмір тылсымын терең түйсініп, сол жұмбақтан өзіндік тың пәлсапа түйе отырып жазылған».
«Оралхан Бөкей – суреткер. Табиғат пен адам жанын ақындық көзбен жіті тінтіп, екінің бірі байқай бермейтін тылсым құпияларды өрнектейді. Және де сол суреттері өзі көргендегідей тылсым күйінде, жұмбақ қалпында тұңғиығына сыр бүгіп тұрады».
Талаптан Ахметжан
«Оралхан прозасымен де, драматургиясымен де, тіпті асқақ мінезімен де тұнып тұрған сөз өнерінің шебері болатын».
Қуаныш Сұлтанов
«Жазушы Бөкеев – туған өлкесі - әсем Алтайдың, асқақ Алтайдың жыршысы! Оның шығармалары Алтай өлкесінің гимні іспеттес».
Рабиға Сыздық
«Оралханның сүйсіне сөз қылатын бір артықшылығы оның осы кезге дейін азын – аулақ шығармаларының бәрінде де табиғи сұлулыққа, жер, су, орман сұлулығына деген қамқорлық, қамқорлық қана емес – ау, шын құштарлық, перзенттік сүйіспеншілік сезіледі. Сондай ыстық леп, терең тыныстар еседі»
Төлеген Тоқбергенов
«Цензураның мың ширатылған қызыл жылан жіптерімен қол-аяғы мықтап байланған О. Бөкей кеңесті кемсітудің жолын дәл тапты; ол – қазақты биіктету, рухын ояту... Қаламгер сондықтан да кітаптан кітапқа қазағын Алтайдың асқар шыңына өрлете берді. Ең аяғында, өзі де қасқа құлынын жетектеп, қар жамылған Мұзтаудың ұшар биігінде күнге қасқая қарап, Кербұғыдай қарысып тұрып қалды. Мәңгілікке!..».
Марат Қабанбай
Ш. Талап