Оралхан Бөкей. Адамдар неге жылайды?

Оралхан Бөкей. Адамдар неге жылайды?
Фото: tieba.baidu.com

«Оралхан не жазса да қанымен, жанымен жазушы еді. Және қай жанрда жазбасын олардың бірде – бірі қаламдастар мен қалың қауым назарынан тыс қалмайтын», дейді жазушы Дулат Исабеков. Ол журналистика саласында да өнімді қызмет етті. Оның ертеректе жазған «Адамдар неге жылайды?» мақаласының маңызды тұстарын оқып көрелік.  Расында адамдардың жанары неге сулана береді осы?

***

«Егер мұрын болмаса, екі көз бірін-бірі шұқыр еді» деген сөздің негізсіздігіне, бүгінгі адамдар арасында қалыптасып кеткен жарасымды бауырмалдыққа мүлдем сыйыспайтындығына жүгіне отырып, бұл секілді әншейін әлдекімнің ашынғаннан айтқан сөзінің түп тамырына балта шапқың кеп бір тұрады. Сосын, шамырқанған көңіліңнің көбігін үрлеп, байыздатып ақылға кел де: «Апыр-ау, бұл сөзді әйтсе де неге, не үшін айтты екен?» деп бір ойлап. Дәл сол уақытта сенің көз, алдыңнан тертедей ғана шолақ өмірің айтыс-тартыс, алыс-жұлыспен өткізген толағай басты пенделер көлеңдейді.

Адамдардың бір-бірін тіркестен қағып, аяқтан шалуы, көз алартып мүйіздесуі, қияңқыланып жұлқысуы, кек сақтап, есе қайтарысуы, ашу шақырып, жұдырықтасуы, көңілдері қалып, кек көрісуі - неден, не жетпейді деп, өз-өзімізге сұрақ қоя отырып, пенде болған соң өзіңнің де қырын қарап жүрген «біреуің» бар екені есіңе түсіп, ыңғайсызданғандай боласың. Мұны ірке тұрғанда бақтарда, би алаңдарында анда-санда бой көрсетіп қалатын тарс-тұрыстар есіңе түседі. Әсіресе, ессіз ашуға дес беріп, көзді жұмып көлге секіретін құрбы-замандастарымыздың әбес қылығы налытатын. Тыз етпе ашудың түбі неге апарып соқтыратынын әуелден-ақ түсінген халқымыз: «Ашу - дұшпан, ақыл - дос, ақылыңа ақыл қос» деп өсиет қалдырған екен. «Оң қолың ашу шақырса, сол қолың арашаға түссін» деуі де бекерден-бекер емес-ті.

***

Керегесі кең, терезесі тең дейтін өмірімізде бірлі-жарым бой көрсетіп қалатын осындай ашушаң адамдар әсіресе жастар арасында жүргенін ескерте отырып, сонау Алтай қойнауының ең бір қалтарысында жатқан Тәшөк деген жігіттің қалың қауым замандастарына жолдаған тілегін жеткізуді өзімізге мақсұт санадық. 

***

Мамыр айының жайма-шуақ күні еді. Дәм тартып, Бұқтырма өзенінің өргі ағысында орналасқан Жамбыл деген ауылға бардық. Судан өткен соң қайыңды қалың орман басталады. Көктемде тіпті құлпырып, тотыдайын түрленіп алады екен. Орман арасындағы ішектей шұбатылған жалғыз аяқ сүрлеу алаңқайға орын тепкен Жамбыл аулына әп-сәтте алып келді. Мен Тәшөктің үйіне жақындағанда қоларба үстінде отырған адам өзіне беттеген жолаушыға сүзіле көп қараған. Жақындаған сайын менің өңіме де, оның күн тимей аппақ қудай боп кеткен жүзіне де қан жүгіре бастады. Біз сағынышпен қауыштық. Сексенді алқымдап қалған Тәшөктің әке-шешесі де мәре-сәресі шығып, менің келгеніме қатты қуанды. Тәшөктің белінен төмен жансыз, табалдырыққа дейін арбамен келді. Сосын шал мен кемпір мені көмекке шақырмай-ақ жалғыз ұлын мойындарына салып, көтеріп үйге кіргізді. Еңгезердей жігіттің салмағы қатып-семіп қалған сіңір буындарын қалтыратпады. Менің жүрегімді аяушылық сезімі шымыр еткізді.

Түнде Тәшөк екеуіміз әңгімелесіп, ұйықтамай көп жаттық. Өмір туралы сыр шертістік. Өткен-кеткенді еске алдық. Тәшөк біздің мектепті бітірді ғой.

- Қазіргі тірлік осы, достым, - дейді Тәшөк қабырғасы қайыса. - Көкірек сайрап жатыр. Жүруге дәрмен жоқ. Апам мен атам болса пайғамбар жасына келді. Асырайды, қолымды жылы суға малады деген ұлы мен болсам 27-ге келгенше масыл болып мойындарына мініп отырмын. Аштан өліп, көштен қалмас қой. Кейде еңкең қағып, өзімді көтеріп бара жатқанда шыбын жаныңды қоярға жер таппайды екенсің. Өмірден хабарсыз емеспін. Газет-журнал, кітап оқып, радио тыңдаймын. Ауылдық кітапханаға барып, қабырға газетін шығаруға, ұран-плакаттарын жазуға көмектесемін. Налып, қамығып көрмесем де өткен өміріме өкінгендей боламын. Өмірді, мынау тіршілікті сүйемін, досым! - дейді көзі жайнап.

...Бәрі де бір сағаттың бауынан шықты-ау. Өзіңе мәлім, орта мектепті тәмәмдаған соң, Шемонайхадағы бухгалтерлер даярлайтын бір жылдық курсқа бардым емес пе. Оқуды ойдағыдай бітіріп, қолымызға анықтама қағаз алдық. Бұдан соң курстас жігіттер ұйымдасып қоштасу кешін өткіздік. Арамызда қыздар да бар-тын. Ішімдік жағы да мол болды. Бірер тос көтерген соң, кәдімгідей көңілденіп, қызып қалдық.

Менің Дәуіт деген досым бар еді. Бір жыл бойы бірге, жатып, бірге тұрып, тонның ішкі бауындай жақындасып кеткенбіз. Бұл ретте де қатар отырдық. Бірақ Дәуіт мендей емес масайып, алақ-жұлақ отырған. Сағатының бауы үзіліп қалды да, сонда біздермен отырған мұғалімдердің бірі ертең беремін деп сағатын алған. Біраз уақыт өткен соң, Дәуіт сағатын жоқтап жанында отырған училище шофері Иванов деген жігіт қалжыңдап: «Мен алдым» дейді. Дәуіт: «Неге аласың?» дейді. Иванов: «Әдейі алдым, не қыласың?» дейді. Сөйтіп, екеуі ойда-жоқта кермалдасып, қызылкеңірдектесе берген соң біздер әрең қойғызғанбыз. Бұл күнгі кеш жаман өткен жоқ. Көңілді түрде достық пейілмен тарқастық. Ертеңгі поезға билет алып, вокзал басына бардық.

Ымырт үйіріліп қалған. Қаперімізде ештеңе жоқ поезға мінгелі тұрғанбыз. Сол-ақ екен Иванов бастаған он шақты жігіт қаумалап, қоршап алды да кешегі кештің кегін жоқтады. Төбелесе бастады. Сақадай сайланған жігіттерге қарсы тұрар қауқар жоқтай еді бізде. Сан мөлшеріміз де аз. Олар бізді кеше бірге жүрген достар еді-ау, деп аямады. Қатты соққыға жықты. Күршім ауданынан келген Манат деген жігіт өліп кетті де, менің ту сыртымнан пышақ салды. Иә, олар ұсталып тиісті жазасын алды. Гәп сонда ма? Мен болсам бірнеше жыл ауруханада жатып, ақыры ем қонбайтын болған соң үйге келдім. Пышақтың ұшы арқадағы жұлынды қиып кеткен екен. Белімнен төмен қимылдамай жансыз қалдым. Міне, сол бір уақиғадан бері де он жыл уақыт өтіп кеткен екен. Уақыт деген бәйгенің аты емес пе, зырлап барады. Пенсия алып тұрамыз, отын-суымызды совхоз жеткізіп береді. Енді біраз күннен кейін мотоколяска алайын деп отырмын. Көрші ауылдарды аралап, білім алған мектебімді көріп қайтсам деймін.

Иә, мұның бәрі жақсы ғой. Бірақ бір күнгі денсаулыққа жете ме? Жетпейді. Сол бір мен үшін азалы кештен бері көшеде екі бала шекісіп жатса да, аза бойым қаза тұрып, шошынамын. Сол бір кештен бері адамдар неге ұрсысады екен, неге ғана болар-болмасқа ашу шақырып, кек сақтайды екен деп ой түбіне батамын. Ой түбіне батамын да, сонда Дәуіттің сағатының бауы үзілмесе, мұндай күнге душар болмас па екем деп қамығатынмын. Жоқ, олай емес екен. Бар гәп сағатта емес, адамдар мінезіндегі ашу, кек деп аталатын тажалдарда екен. 

***

Әлі есімде, мектепте оқып жүргенде мұғалімге: «Ағай, адамдар неге жылайды осы?» - деп сұрақ қойып едім. Сонда ұстазым соғыстың ауыртпалығын айтып, ағаларымыз бен апаларымыздың төгілген көз жасын айтып, мұңға берілген күйі ұзақ әңгіме шертіп еді. Ал біз, кейінгі толқын жастар, ол тауқыметті тартқанымыз жоқ. Оның бетін ары қылсын. Әйтсе де мен де, менің анау алдыңғы үйде ұйықтап жатқан кәрі әке-шешем де егіліп көп жыладық. Оның себебі - менің осындай сырттай қарасақ моп-момақан ашық аспан астында кәріп болып қалғаным еді...

«Айналайын, жас достар! Мен сендерді де, мынау өмірді де сүйемін. Тек екі сөздің біріне келмей жатып, ашу шақырып, кек сақтамайықшы. Ыстық ықыласқа толы дос болып өтелік мәңгілік». Қазекем айтқандай, «Кең болсақ - кем болмаймыз».

Тәшөк мұнан соң үнсіз... үйдің төбесіне телміріп жатты. Мен енді оның тыныштығын бұзып, көлденең сұрақ беруді жөн көрмедім. Біз іштей ұғысқандай болдық. Ертеңінде ол арбасына мініп, мені өзен жағасына дейін шығарып салды. Фотоаппараты бар екен. Бір-бірімізді суретке түсірдік. Мен солқылдақ көпірден өтіп кеткенше қолын бұлғап арба үстінде отыра берген.

Мен толқып келемін. Мені «Адамдар неге жылайды?» деген сұрақ тұңғыш рет мазалады. 

Н. Айдархан