Пенде түгіл жеткізбейтін пыраққа
Пәруәна ақын ұмтылады мұратқа!
Өлеңіңнің өміріне сенемін,
Өліміңе күдігім бар бірақ та!
Қадыр Мырза Әлі
Бүгін – қазақтың ірі эпик ақыны, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1978 ж.), Қазақстанның Халық жазушысы (1985 ж.) Жұбан Молдағалиевтың дүние есігін ашқан күні. 1920 жылы Батыс Қазақстан облысының Сайқұдық деген жерінде дүниеге келген. Мектептен кейін Орал ауыл шаруашылығы техникумында оқыған.
1940—1947 жылға дейін әскер қатарында болып, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Әскерден оралғаннан кейін түрлі қызмет атқара жүріп, шығармашылықпен айналысады. «Жас алаш», «Қазақ әдебиеті» газеттері мен «Жұлдыз» журналы редакцияларында жұмыс істейді.
Тұңғыш жинағы «Жеңіс жырлары» деген атпен 1949 жылы жарық көреді. Адуынды жырларымен ұлттық әдебиет әлемінде тез танылады.
Жұбан — өзінің атақты «Мен — қазақпын» деп аталатын поэмасымен қазақ әдебиетінің ірі тұлғасына айналған, отансүйгіштік жырларымен халық жүрегінен орын тепкен ақын. Ол — Ұлы Отан соғысы жылдарында келген ұрпақтың ірі талантты өкілдерінің бірі. Бұл жылдары жыр әлеміне келген ақындар шығармашылығында Отанға деген ерекше махаббат, халықты ерлікке шақыру, жеңіске деген үлкен сенім жатты. Сондай-ақ азаматтық намыс, кек, елге, жерге деген сағынышқа толы болды. Осы ерекшеліктер Жұбан Молдағалиевтің 1949 жылғы «Жеңіс жырлары» кітабында анық байқалады.
Алғаш 1939 жылы газет бетіне басылған өлеңінен бергі жылдар ішінде алпыстан астам кітабы жарық көрді. "Кісен ашқан", "Қыран дала", "Сел", "Мен - қазақпын" поэмалары үшін ең жоғарғы Мемлекеттік сыйлықтармен марапатталды. Шығармалары ағылшын, неміс, француз, поляк, испан, венгр, араб, монғол тілдеріне аударылған.
1986 жылы Жазушылар одағында Г.В.Колбинмен өткен кездесуде басын қатерге тіге отырып, жастар қозғалысын қолдады.
Жұбан Молдағалиев өмірден өткеннен кейін ол кісінің жары София апай бір әңгімесінде Ақұштап Бақтыгерееваға Г.В.Колбиннің келуіне ақынның қалай дайындалғанын айтып беріпті: «Колбин келерден бір күн бұрын ол кісіге Орталық Комитеттен телефон соғылады. «Сіз «Мен – қазақпын» деп жырлаған ақынсыз. Ертең бірінші басшы келеді. Соның алдында бүкіл зиялы қауымның атынан сөз сөйлейсіз. Жақсылап дайындалыңыз» дейді. «Жарайды» деп уәдесін беріп алған соң ол кісі түнімен сөз жазып дайындалды. Ары бір, бері бір жүріп, бөлмені кезіп кетті. Бір кезде таң қылаң бере түнімен қиналып жазған қағаздарының бәрін жыртып тастады да, сыртқа шығып кетті. Содан артынан жиналыста айтқаны елге мәлім»…
Ақын қазақ халқының тарихы туралы "Мен - қазақпын" атты толғауында халқының атынан мінбеге шығып сөйлей отырып, тарихи шындықты, халықтың эпикалық өмірін кестеледі.
Сан түрлі тақырыптағы лирикалық шығармаларында туған жер, Отан, өз ұлтына деген сүйіспеншілік, қазақ тілі, оның тағдыры, ана, әйел, махаббат, соғыс және бейбітшілік, замандастар бейнесін арқау етті.
Қазақтың көрнекті ақыны 1989 жылы дүниеден өтті.
***
«Жұбан поэзияда оңай жолды іздемейтін, өз творчествосына барынша қатал, жалпы қазақ әдебиеті алдындағы жауапкершілікті айнытпай ту етіп көтерген қалам қайраткері».
С. Шаймерденов
«Туған республикамыздың құрдасы Жұбан бүкіл саналы өмірін Отаны мен отандастарының бақытты жолына арнады».
С. Қирабаев
«Жұбан Молдағалиев лирикасы - мол дүние, әрі алуан сипатты сырлы жырлар».
М. Әлімбаев
«Жұбан өлендерінің идеялық дәрежесі, көркемдік деңгейі әуелден жоғары, бұл ақын әуелден-ақ биік мақсатты, асыл мұратты нысана тұтқан».
З. Қабдолов
Қадыр Мырза Әлі
Жұбан Молдағалиевтің рухымен сырласу
Тебіреніп тобылғы мен тораңғы,
Туған жердің шуағына орандың.
Азамат боп кетіп едің бір кезде,
Ауылыңа ескерткіш боп оралдың!
Өтті заман көлеңкеден қорыққан.
Өтті заман құса болған,
Торыққан.
Қақырамас сауыт киіп мәрмәрдан
Қайтқандайсың елу жылдық жорықтан!
Қайтқанменен өр рухың, тарланым,
Қасқыр тістің арасында бармағым....
Жесір қалды менің әппақ жеңешем,
Жетім қалды мақсаттар мен арманың!
Қалды және құлындарың шұрқырап.
Қаламдас дос шерге толы жыр құрап.
Желтоқсанда
Жыртып елдің намысын
Шығып едің шыбын жаның шырқырап!
Шашу қылып сөз маржанын шашпаса, —
Шайыр біткен семіреді шошқаша:
Шындықты айттың,
Шындықты айтқан адамның
Ғұмыры ұзақ болған емес ешқашан!
Пенде түгіл жеткізбейтін пыраққа
Пәруәна ақын ұмтылады мұратқа!
Өлеңіңнің өміріне сенемін,
Өліміңе күдігім бар бірақ та!
Өтпеуші еді кештер жырсыз,
Той әнсіз.
Енді қазір сөз дәрменсіз,
Ой әлсіз,
Сіз кеткелі көп өзгеріс болған жоқ.
Сол бір өмір опасыз да баянсыз!
Сергек сезім әлденеге құлшынып,
Сол бір уақыт зырқыраған ұршығы...
Сол баяғы күйбең-күйбең бір жұмыс,
Сол баяғы қыбыр-қыбыр тіршілік!
Көңіл-күйі мұның бәрі, таза мұң,
Келіп жатыр құстар айтып жаз әнін,
Сол баяғы оралымсыз Отаның,
Сол баяғы олпы-солпы қазағың!
Көп нәрсеге жетер емес күшіміз.
Орнында аға,
Өз орнында кішіміз...
Сол баяғы желбуаз сөз,
Қызыл сөз,
Қызыл сөзден кеуіп болды ішіміз!
Батушы еді біреулерге озғаның.
Білді жүрек кеп нәрсенің тозғанын.
Бағзы біреу жолдас болған көп жылдар
Бір жыл өтпей ойлап кетті өз қамын!
Көрсем жанды көңілі һәм сөзі арам,
Қаным қашып, шүберектей бозарам!
Атақ үшін — кеше сенен қызғанған —
Ағайындар таласып жүр өзара!
Бірақ олар тектен-текке алқынар.
Келер ұрпақ басқашалау талпынар.
Дегенмен біз бақыттымыз, Жұбаға,
Даласы бар,
Даладай кең халқы бар!
Тежемейін келіп қалған енді ойды:
Туыстардың ықыласы тоңды ойды.
Байқайсыз ба,
Өкіметің қоя алмай,
Ең алғашқы ескерткішті Ел қойды!
Қайран жұртым!
Азаматың түгел ме?!
Ілгері бас ерлеріңе сүйен де!
Елдің қамын ойлайтұғын ұл таппай,
Елдің өзі айналмайды ұлы елге!
Ақұштап Бақтыгереева
Ерлікті көзбен көрген күн
Желтоқсан — 86, ызғарлы күн,
Мұз бен қар жылжығандай құздан бүгін,
Өттің де астаң-кестең ойда-жоқта
Артыңа ұмытылмас із қалдырдың.
Айтамыз ертегі етіп ол күндерді,
Батыр деп мадақтаймыз жөн білгенді,
Халыққа Жаңа жылдық сәлем жолдап,
Жазушылар үйіне Колбин келді.
Біреулер бастық көрсе қуанатын,
Біреулер жалпылдайды сұрап атын.
Бір кезде жазушылар мінбесіне
Барады көтеріліп Жұбан ақын.
Қазақша акцент, толқыған қатал үнмен:
«Замандаспыз — деді оған, қатар жүрген.
Желтоқсанның көргенше он алтысын
Бір күн бұрын батсамшы батар күнмен».
Қорғағанмын жаудан мен Совет елін,
Әлі күнгі Отанды ән етемін.
«Мен қазақпын!» - деуші едім біле түра,
«Шовинизм» дегеннің бар екенін.
Ұрпағыма халім бар не дер енді,
Қорладыңдар бұл қазақ деген елді.
Қыздарымды сүйретіп бұрымынан
Ит таласын деп пе едім немеремді?
Ақынша айтсам, «ұлы елдің» бұл мазағын
Менің далам көтерді күллі азабын.
Тың жерімді игерген бауырларың
Тракторге таптатты қыр қазағын.
Оныңа да шыдады халқым менің,
Берді емес пе билігін, алтын кенін.
Тұңғыш тұрсың алғашқы дәмін татып,
Түсінбейсің замандас, салтын елдің.
Бір еместей өзіңмен жолым бүгін
Мен айтпасам паш етер сорымды кім,
70 жылдай, құрбым-ау, келесіңдер
Пайдаланып қазақтың момындығын.
Деп үйреттің мәңгүртсің; бәрің надан,
Тіл мен діннен айрылды елім, бабам,
Кеше алаңда сабаған — сенің тегің,
Ал таяқты жегендер менің балам.
Ақын жүрек тартуда содан қайғы,
Шыдамаспын айтпауға жарам жайлы,
Кешір мені, замандас, осы жолы
Жұбан саған пікірлес бола алмайды.
Намыс пен кек түнеріп қабағында,
Мұң аралас жас тұнып жанарында.
Ел алдында арқадан жүгі түсіп,
Ақын тұрды тазарып ар алдында.
Тынып қалды зал тегіс күбірлемей,
Бір адамның жанары күлімдемей.
Біз отырдық төбеден жай түскендей
Арқамыздан құмырсқа жүгіргендей.
Кетті залды ақынның өртеп демі,
Әлі есімде, біреулер селт етпеді.
37 қуғынын көрген сорлы
Қол соғудан сескеніп, жер тепкені.
Жұбан-бөрі, өзгелер — қояндардай,
Колбин жүзі сөл қанға боялғандай,
Зал гуілдеп, бір кезде жер солқ етіп,
Ұйқысынан бар қазақ оянғандай.
1986 жыл
Талғат Мықи
Шындық пен Жұбан ақын
Жыр керек,
Әлі ешкім жаттамаған,
Жазса егер біреу-міреу жаттап алам.
Таршылық танытқанда тарландарың,
Тарығып тағы кінә тақпа маған.
Рух керек,
Рухсыздың мысын басар,
Болмайды бір амалын ұсынбасаң.
Батылдар «шындығы»-деп тілін безер,
Бақырлар «өтірік»-деп тісін басар.
Сөз керек,
Ел еңсесін түсірмеген,
Түсірсең, елмен бірге күпір денең.
Ұлт үшін қажет кезде ұлық бол да,
Ұлт үшін қажет кезде кішір менен.
Керек жоқ,
Тістенудің, кектенудің,
Әсері қайта шықпас кеткен удың.
Сыналған өлімменен Жұбан ақын,
Білмеген жолдарын текке өлудің!
Керек жоқ,
Желіккеннін, желдіккеннің,
Желтоқсан ызғарынан жел күткен кім?
Қыранның бір көзімен олжа түссе,
Жұбанның бір сөзімен теңдік келді.
Керек жоқ,
Аяуың да жұбату да,
Дәттерің шыдаған соң жылатуға.
Жұбанның үні жатыр әнұранда,
Жұбанның құны жатыр мына туда!
Жұбатпа!
Тілегім сол сұранатын,
Құлатпа тектілердің ұран атын.
Жылатып кетті бәрін шындықпенен,
Ешкімді жұбатқан жоқ Жұбан ақын!
Деректер қазақ тілді БАҚ құралдарынан алынды
Суреттер: baq.kz, zkolib.kz