Жазушы Харуки Мураками жапонның шағын бір қаласының атауын сондағы тұрғындардың қысымынан кейін өзгертіп отыр екен. Накатонбэцу өңірінің өкілдері автордың бұл шешіміне разы екендіктерін, бұдан ары іс қозғалмайтынын жеткізген.
"Елді мекен тұрғындарына жағымсыз әсер сыйлағаным маған да ауыр тиеді", - дейді Мураками "Майнити" газетіне берген сұхбатында. Жазушы Хоккайдоны жақсы көретінін жеткізген. Новелла басылып шығып жатса, кітап нұсқасында қала атауын өзгертетінін уәде еткен.
Бір айта кетерлігі, Накатонбэцу - "күншығыс елінің" таулы аймағының солтүстігіндегі Хоккайдо аралына орын тепкен қала. 2000 тұрғыны бар елді мекен. 1950 жылы мұнда 7600 адам тұрыпты.
Ертеректе қала тұрғындары әлемге аты мәшһүр жазушы Харуки Муракамиге қатты өкпелі болып қалған-ды. Жапон жазушысының соңғы әңгімелерінің бірінде аталған аймақтың аты аталып, қала тұрғындарының ұнамсыз түстелуі себеп болып еді.
"Менің көлігімді жүргіз - әйелсіз ерлер" шығармасы "Бунгэй сэндзю" әдеби басылымының желтоқсан айының санына шыққан болатын. Japan Today порталының хабарлауынша, оқиға желілерінің бірінде шығарманың бас кейіпкері көлікте жолаушы орнында кетіп бара жатады. Көлікті Накатонбэцу өңірінің 24 жастағы қызы басқаруда. Жол үстінде әлгі қыз темекі қалдығын терезеден сыртқа тастай салады. Осы сәтте бас кейіпкер ойға кетеді: "Бәлкім, Накатонбэцу тұрғындары үшін бұл үйреншікті нәрсе шығар".
Жапон қаласының басшылығы да Харуки Муракамидің әңгімеде елді мекеннің ұнамсыз айтылуына разы еместіктерін жеткізген. Накатонбэцудегі заң шығару органының бір өкілі ерте көктемде қалалық тұрғындардың өз еріктерімен бастары қосылып, жолды қоқыстан тазалауға шығатынын жеткізген. "Біздер орман өртінің алдын алу үшін де тынбай еңбек етеміз, өйткені, біздің елді мекеннің 90 пайызы орманмен қоршалған", - деген екен.