24 ақпан ақ ықпасыз көктемнің сүйінші самалымен Алматы қалалық «Орталықтандырылған кітапхана жүйесіне» қарасты 14-кітапханасында люцифер ақын, қазақ өлеңіне өзіндік жаңа ырғағымен, тегеурінді екпінімен келген Төлеген Айбергеновке арналған «О, адамдар біргемін мен сендермен!» атты поэтикалық еске алу кеші болды.
Ешкімге ұқсамайтын, ешкімді қайталамайтын, жер бетінде аз жүріп, шәксіз ғұмырға айналған әшекей жыр иесінің 80 жылдық мерейтойын туған халқы, жер жұртшылығы зор құрметпен өткізбекке бейіл.
«Ұшы мен қиырына көз жетпейтін
Ұштасқан тоқсан сегіз Бельгия бұл» дейтін атамекеннің әр түкіпріндегі мектеп-кітапхана, театр-телеарна атап өтетін таланттың тойы тарқамасы анық.
Дәстүрлі әдеби-сазды, әңгіме шертіс-дидарласу кешінің басты қонақтары ретінде шыңға біткен шаһ-шайырдың аясында жетілген шынар қыздары Салтанат, Махаббат, Құсни Айбергеновалар мен М.Мақатаев сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген өнер қайраткері, көркемсөз оқу шеберлерінің ұстазы Гүлшара Есетқызы, ақынның жиені Рауан Жақып Бауыржанұлы келді. Тәлімдік мәні зор, рух байытып-жан тазартатын өмір туралы риясыз сұқбат, шашу боп шашылған өрнекті жыр кеші көпті етекбасты күйбең тірліктен бір сәтке арашалап, алыс-алыс, тәуелсіз сезімдер мекенінде серпілтіп қайтқандай әсер тудырды. Құдай құйған тума таланты мен «толған адам толдым демес, толдым десе толғаны емес» дегенді қаперіне мықтап бекіткен ізденімпаз, әлемдік көпсалалы ілімді меңгерген ақынның еңбекқорлығын үлгі етіп, әдемі адами қасиеттері жайында, тірлікке тұрмаған бес перзенттің ақысына татысын деп, сұрап алған Төлегеннің тағдырымен тұтас адамзаттың кемдігін жамап берген тәңірге тәу етпеске шара бар ма деп таңданыс білдіреміз. Бұлар жақсылықта жарысқан жыр кешінде айтылған әңгімелердің бір парасы ғана.
Кеш барысында кітапхана басшысы Фарида Акимова ақын мұрасы мен ғұмыры туралы кіріспе сөз сөйлеп, кітапханашы Ғайша Сахиева «Жалындап өткен жас ғұмыр» тақырыбына арнайы дайындалған көрнекі көрме арқылы шолу баяндамасын жүргізді, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Көкжиек» ғылыми-шығармашылық ұйымының студенттері «поэзия минуттары» нөмірімен Төлеген жырлары мен ақынға арнау шығармаларын ұсынса, Аслан Қуаныш пен Үмітхан Қонысбекқызы ақын сөздеріне жазылған әндерін нақышына келтіре орындап, көрермендер ықыласына бөленді.
Еркін форматтағы дәстүрлі алқалы жиынды ақынның мерейтойын ақын жүргізсін деген оймен жас ақын Еділбек Дүйсенов тізгіндеп, кеш шырайын шұрайлы ойларымен сабақтастыра өріп отырды. Кері байланыс тетігі оқырмандардың қонақтарға жолдаған сауалдары мен ақын турасындағы лебіз-пікірлері арқылы іске асты.
ҚР Ұлттық Кітапхана жанынан құрылған «Оқырмандар клубының», «Bilim Media Group» редакторы Серік Үркімбай, жауқазын ақын қыздар Әсел Кәрібай мен Толқын Ораз, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «Жас қалам» әдеби бірлестігінің студенттері «сабақты ине сәтімен» тұщымды пікірлерін білдіріп, ойлы сауалдарын қойып отырды.
«Мен марттағы найзағай күркірімін» дейтін Төлеген жырларының халыққа етенелігі – өмір турасында тап-таза, тура толғану, әркімнің көңіл сүзгісі сүзер сезімдерді дөп танып, оны сұлулықпен әрлеуі. Бар сыры – осы ғана!
Әдебиетші Салтанат Төлегенқызының «Менің әкемнің өз өлеңдерінен гөрі, әкеме арналған өлеңдер өте көп» дегеніндей, поэзияда оны Мұхтар Шаханов, Фариза Оңғарсынова, Жарасқан Әбдірашев, Есенғали Раушанов, Тынышбай Рахым т.б. жас ақындар ұстаз тұтуы – алтын кез қап түбінде жатпасының айқын дәлелі, тағдыр жазуының айғағы.
Сөз соңында Салтанат Айбергенова бес жыл бұрын болған тап осы кітапхана ошағына ортаймас ырыс тілеп, өзі жетекшілік ететін «Айбергенов әлемі» журналының нөмірлерін сыйға тарту етіп, ризашылығын білдірсе, кітапхана ұжымы ата ғұрпымен «қуыс үйден құр шықпаның» жолы деп қонақтарға «кітап шаңырағынан» құнды кітаптарды сауқатқа ұсынды.
Уақыттар өткен сайын сыры көшпей, жылтырай түсетін жауһар жырдың иесі қазақ тілінде ойлай алатындар мен қазақтардың жүрегінде, жаһандық контексте қарастырар болсақ адамзаттың жадында өміршеңдігі күндер өтуімен беки түспек. Абзал жан, арынды ақын, ардақты азамат орда бұзар жасын туғанын бір шаңырақ болып емес, бір ел, бір ұлт болып тойлайтын мәртебеге лайық «тойға» айналдырып, «О, адамдар, біргемін мен сендермен» деген уәдесіне нық тұрды. «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейтін» дархан халықтың жүрегі тоқтағанша Төлегенмен тыныстап, жырмен дертін жамай бермек! Өйткені, ол – шынайы сезімді сүйген, сақтаған, жанға сіңіріп, өзінше өңдеп, өзгеге тарту еткен қарапайым ғана қуатты Шайыр!