Қытай жазушысы Мо Янның Париж мемлекеттік кітапханасында сөйленген сөз
2001 жыл
Наполеон: «Менің көзімді таңып тастаса да, иіс түйсігім арқылы туған жерім Горсика аралын тауып бара аламын. Өйткені, ол жерде бір түрлі өсімдік бар. Жел соққанда өзгеше иісі ауада таралады», – деген болатын.
Кеңес Одағының жазушысы Шолоховтың «Тынық Дон» романында ол өзінің ерекше дамыған иіс түйсігін әйгілеп тұрады. Ол Дон өзеніндегі судың иісін, сайын сахарадағы көк иісін, шіріген шөптің иісін, сондай-ақ, казак ерлері мен әйелдерінің иісін де суреттейді. Автор романның прологында: «Шіркін, біздің кәрі атамыз тынық Дон!», – деп толғанады. Дон өзенінің иісі, казак сахарасының иісі. Бір ауыз сөзбен айтқанда, оның ата жұртының иісі ғой.
Қытай мен Ресей шекарасындағы Уссуруи өзеніндегі дамаха балығы Атлант мұхитының шыңырауларында жетіледі екен де, уылдырық шашатын мезгілде неше он мың шақырым жүзіп, қат-қабат бөгеттерді бұзып, өздерінің өмірге келген өзеніне барып, ұрпақ өрбітеді екен. Дамаха балығының ақыл жетпейтін бұл қасиетін біз түсіндіріп бере алмаймыз. Жақынғы жылдары балық зерттеушілер осы сырдың құпиясын ашыпты. Балықтарда адам мұрны секілді көрнеу мұрын болмағанымен, оларда өте дамыған иіс түйсігі мен иісті есте сақтайтын қабілет бар екен. Балықтар осы қабілетімен туған өзенінің иісін парықтау арқылы ғана ағысқа қарсы жүзіп, зұлмат қиындықтарды жеңіп, өлімнен тайсалмай, тіпті жол бойы көбі қырылғандықтан, бір бөлімі ғана жаралы тәнін сүйреп ата мекеніне жетеді. Ұрпақ қалдыру борышын өтеп болған соң, еш армансыз өледі. Ана өзенінің иісі бағыт көрсетіп қана қалмай, қиыншылыққа төтеп беретін күш те сыйлайды.
Мәлім мағынадан алғанда дамаха балығының тағдыры жазушының тағдырына ұқсап кетеді. Шынтуайтында жазушының жасампаздығы да ғұмыр бойы ата жұртының иісін аңсауы.
Бүгінгі диктафонның, видеокамераның, интернеттің заманында сөз өнерінің алуан заттар мен ортаны суреттейтін, түрлі-түрлі бояулар беретін қызметі сынға дөп келіп отыр. Өйткені сенің қаламыңнан туған дүние қаншама айшықты, көркем болғанымен, видеокамераның көзінен аса алмайды ғой. Тек иісті ғана камерамен бейнелеп бере алмай отыр. Бұл осызаман жазушыларына қалған ең соңғы тәуелсіз аумақ. Бірақ менің межелеуімше, басымыздағы бұл бақыт та ұзақ қонақтап тұра алмайды. Анау алапат ғалымдар иіс алғышты ойлап тауып, иіс аңқып тұратын кинолардың әлемді жаулайтын күні таяу. Біз бұл аспаптар әлі жасалмай тұрған орайды ертерек қамтып, тез арада иісі қою шығармаларды жазып тастауымыз керек.
Мен иісі бар шығармаларды оқығанды жақсы көремін. Иісі бар шығарманы жақсы шығарма деп, ал дара иісі бар шығарманы ең жақсы шығарма деп есептеймін. Жазған кітаптан иісі бұрқырап тұрған жазушыны жақсы жазушы деп, ал кітаптан дара иісі аңқып тұрған жазушыны ең жақсы жазушы деп санаймын.
Жазушыға сезгіш мұрын қажет. Дегенмен мұрны сезгіш адамның жазушы болуы неғайбыл. Тазы иттің мұрны ең сезгіш, бірақ ол жазушы емес қой. Көптеген жазушыда салмақты мұрын қабыну ауруы бар. Әйтсе де бұл олардың дара иісі бар шығарма жазуына кедергі бола алмайды. Мұндағы айтпақ ойым, жазушыда иіс туралы бай қиялдау өресі болу керек. Жасампаздық дарынға ие жазушы қаламынан туған кейіпкер мен табиғатқа иіс бере білгені абзал. Ол заттың иісі болмағанымен қиял қанаты оған иіс сепкен жөн. Бұндай мысалдар санап тауысқысыз.
Қайсыбір неміс жазушысының «Иіссу» романында ерекше иіс түйсікті адам туралы жазады. Ол алуан иісті саралап әтір жасап шыққан талант иесі. Бұндай дарын иесі тек Парижде ғана дүниеге келеді. Осы сұрапыл дарын иесі дүниедегі барлық заттың иісін зердесіне қондырып алады. Ол осы иістерді қайта-қайта салыстыру арқылы әлемдегі ең хош иіс – жасөспірім қыздардың иісі деген түйінге тоқтайды. Сонымен ол елден ерекше түйсігі арқылы жиырма төрт жасөспірім қызды өлтіріп, олардың денесіндегі иісті сіміріп алады да одан иіссу жасап шығады. Ол осы ғажайып иіссуды үстіне сеуіп алған соң жұрт оның сұрықсыз кейпін ұмытады да, оған шексіз сүйіспеншілік орнатады. Жұрттың қолында айдан-анық дәлел бола тұрса да, оның сұрқия жендет екендігіне сенгілері келмейді. Тіпті қастандыққа ұшыраған қыздың әкесі де оны қатты сүйеді. Тіпті қызына деген сүйіспеншілігінен де асып түседі. Бұл ғажайып құбыжық «кім адамның түйсігін тізгіндесе, бүкіл дүние соның алақанында болады» деген сенімді қорытынды жасайды.
Гарсия Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романындағы бір кейіпкер өз «желімен» гүлді қуартып, тас қараңғы түнде иіс түйсігі арқылы бұрыш-қалтарыстарды тімісклеп жүріп өзінің сүйген қызын тауып алады.
Фолкнер «Шуыл және аласапыран» романындағы бір кейіпкер аяздың иісін сезе алады. Шынында аязда иіс болмағанымен Фолкнердің бұлай жазуы ақылға сиымсыз сезілмейді. Керіснше шындыққа жанасып, терең әсер қалдырады.
Біз жоғарыдағы мысалдар мен шағын талдаулар арқылы көркем шығармада екі түрлі иіс сақталатындығын яғни, көркем шығармадағы иісті жазудың екі түрлі тәсілі бар екенін аңғарамыз. Біріншісі, реалдық тәсілмен жазушы өмір тәжірибесіне, ата мекеніндегі қалыптастырған тәжірибеге сүйеніп, суреттеп отырған затына иіс береді. Яғни, иіс арқылы суреттеп отырған затын бейнелейді. Екінші түрі, жазушы қиялдау қабілетімен иіссіз затқа иіс бітіреді. Иісі бар затқа өзгеше иіс береді. Аязда иіс болмайды. Себебі, аяз дерексіз зат есім. Ал Фолкнер жүректілікпен аязға иіс дарытып отыр. Өлім де деректі зат есім емес. Иісі де жоқ. Бірақ Маркес өзінің кейіпкеріне өлімнің иісін сездіреді.
Әрине, тек иіспен ғана басы бүтін бір шығарма құралмайды ғой. Жазушы шығарма жазғанда бүкіл ағзаларын аттанысқа келтіруі тиіс. Сенің есту, көру, сезу түйсіктерің немесе бұдан тыс түйсіктер қозғалысқа түсуі керек. Сонда ғана сенің шығармаңа жан бітеді. Ол жансыз сөздердің тізбегі емес қайта тынысты, дыбысты, жылуы, сезімі бар тірі тұлғаға айналады. Біз алғаш шығарма жазғанда мынадай қиындықтың шырмауында қаламыз. Болған шынайы дүние. Ол өте күрделі, әсерлі, бірақ оны қаз-қалпында қағаз бетіне түсіргеннен кейін оқып көрсең жасанды, түк дәм-татуы жоқтай сезіледі. Ал кейбір шығармаларда оны автордың ойдан құрағаны бесенеден белгілі болса да адамды қатты толқытады. Не үшін? Менше мәселенің түйіні – біз өмірде болған шынайы оқиғаны жадымызда ұстаймыз да өзіміздің жасампаздық иесі екенімізді ескермейміз. Жаңағы айтқандай бүкіл жан-тәніміз қозғалысқа келмейді. Ал, біз айтып отырған ұлы жазушылардың жасанды дүниесі шын сезілетіні ол бүкіл ағзаларын қозғалысқа келтіреді әрі қиялдау қабілетін сәулелендіріп не бір хикметті сезімдерді тудырады. Міне, бұл – біз адамның қоңызға айналмайтынын анық біліп тұрсақ та, Кафканың «Құбылу» романындағы кейіпкердің қоңызға айналған оқиғасын оқып әсереленуіміздің түп себебі.
Кино жарыққа шыққаннан кейін адамдар көркем шығарманың болашағына қатты сенімсіздік білдірген. Елу жылдың алдында Қытайда көркем шығарманың күні таяуда батады деген болжамдар айтылған. Бірақ көркем шығарма әлі өмір сүріп келеді. Теледидар мыңдаған отбасыны жаулап, оқырмандардың назарын өзіне аударып алды да, көркем шығарма салтанат құра алмай қалды деген еді. Бірақ көркем шығарманы оқитын адамдар әлі де бар. Оның ғұмыры тез арада біте қоймайтын сияқты.
Қолынан шығарма жазудан басқа түк келмейтін адам тұрғысынан, шығарма тағдырының тұйыққа тірелгенін көрсем де оған мойынсал болғым келмейді. Әуел десеңіз, қайдағы бір көркемөнерлік немесе техникалық форма оның орнын баса алмайды. Иіс алатын аспап тапқырланса да солай. Өйткені иіс алғыш дүниедегі бар иісті ғана сақтай алады. Жоқ иісті сақтай алмайды. Видеокамера өмірдегі бар затты түсіре алады, жоқ затты түсіре алмайды. Жазушы қиялы арқылы жоқтан барды жасайды. Асқақ қиялмен жоқ иісті тудырып, жоқ затты сомдап шығады. Сөз өнерінің өміршең болатыны осыдан.
Кезінде неміс жазушысы Томас Манн Кафканың бір кітабын Эйнштейнге ұсынған екен. Ертесі Эйнштейн кітапты Томас Маннға қайтарып жатып:«Адамның миы да осындай күрделі болады екен-ау», – депті. Біздің Кафканың адамзаттың ең ұлы ғалымын мойынсал етуі осы саланың мақтанышы.
Бізге неге жүрек-миымызды солқылдатып, түгел сезімімізді түп қотара отырып, тынысы, иісі бар, жылуы, әуені бар, сондай-ақ, ғажайып идеяларға толы шығармалар жазбасқа. Әрине, жазушы туындысын тіл арқылы жазады. Иіс, бояу, жылу, форма бәрін де тілмен сомдайды. Немесе тілді басты құрал етеді. Тіл көркем шығарманың шынайы мазмұнының жүгін арқалап тұрғандықтан, оны аударуға қолайлы болу тұрғысынан жазушы барша сезімді бейнелеп, тыныс-тіршілігі бар дүниені сомдайды. Сезім болғандықтан сүйіспеншілік болады. Сезімі жоқ шығарма оқушыға әсер бермейді.
Неге біз Уссуруи өзеніндегі дамаха балығы сияқты ана өзеннің иісін қуалап, қайсарлықпен алға ілерілей бермейміз?!
Біз есте жоқ ескі дәуірдегі жер шарының иісін елестетіп көрейікші. Ол заманда жер шарында сансыздаған алып динозаврлар тіршілік етіпті. Сасық иісі ауаны тұмшалапты. Айтуға қарағанда динозаврлар өзінің сасық иісінен өледі екен. Мен Қытайда өтетін Олимпиаданың ашылу салтанатын ұйымдастырушы басшыларға: «2008 жылы Олимпиаданың ашылу салтанаты кезінде алау тұтатқан сәтте жүз түрлі гүлдің, жүз түрлі ағаштың, жүз түрлі шараптың қосылған иісі тосаттан бұрқ етіп осы реткі Олимпиаданың иісі мұрынға тебу керек», – деп батыл ұсыныс беремін.
Біз санамызда сақталған иістерді іске қосып, сосын сол иіс арқылы өткен өмірімізді, ескі махаббатымызды, күйініш, сүйінішімізді, балалық шағымызды, анамызды – бәрі-бәрін іздесек, бейне Фаустың Матринаның күлшесі арқылы өткен күнге оралғаны сияқты .
Қытайдың ұлы жазушысы, әйгілі Пу Сұң Лиңның өлмес туындысы «Лияужай аңызында» бір ғажайып соқыр шайқы туралы сөз болады. Бұл шайқы мақаланың жақсы-жаманын иіскеп ажыратады. Көптеген кыжүй (қытайдың ерте заман мемлекеттік емтиханы) емтиханына қатысатын адамдар мақаласын әлгі шайқыға иіскетеді. Шайқы нашар мақаланы иіскеген кезде лоқсып, құсып жібереді. Шындығында, нашар мақаладан сасық иіс шығып тұрады, дейді. Бірақ соңынан оның жүрегін айнытқан мақала саралаудан өтіп, керісінше хош иіс аңқыған жақсы мақалалар өтпей қалады. Таиуандағы буның ұлтында бір аңыз бар. Бір қыстақта жер астын мекендейтін иіс түйсігі ерекше дамыған тайпа бар екен. Олар ас әзірлеуге өте шебер болып, небір хош иісті тағамдарды жасайды. Бірақ, олар тамақты жемей, әзірлеп болған тағамдарды текшенің үстіне тізеді де бүкіл тайпаның адамдары тағамды қоршап алып тоқтаусыз иіскей береді. Олар иісті тіршілігіне талғажау етеді. Мен осы аңызды әңгіме етіп жаздым. Бұл әңгімеде үнемі жер астына түсіп, тағамдарды ұрлайтын бала болдым. Әңгіме жарияланғаннан кейін мен жай адамның емес, иісшіл тайпаның майданында тұрып жазсам болған екен деп қатты өкіндім. Егер мен өзімді иісшіл тайпаның баласы деп ойлағанымда бұл әңгіме сөзсіз керемет болар еді.
2001 жыл
Қытай тілінен аударған: Қаһар Уәйісұлы
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: 163.com