Бүгін қазақтың үш бірдей марғасқасы – Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза және Оралхан Бөкейдің дүние есігін ашқан күні. Айтулы күн ешқашан елеусіз қалмақ емес. Оралхан Бөкейдің "Неге біз осы..." деп күбірлейтін "Атаукере" романындағы Тағанның сөзі оқыған жанның жүрегіне әсер етпей қоймайды. Кез келген саналы адам оңаша ой кешкен сәтте "Неге біз осы..." деген сұрақты өзіне қоятыны анық. Біз бүгін жазушының туған күніне орай кейіпкер Тағанның сөздерін ұсынамыз.
***
"НЕГЕ БІЗ ОСЫ?..."
...оқта-текте жылап алмаймыз?.. Неге?
***
"НЕГЕ БІЗ ОСЫ?..."
...итжандымыз, басқа қаңқ еткізіп теуіп жіберсе де, қыңсылаған күйі "иеміздің" етегіне оралып, аяғын жалаймыз.
***
"НЕГЕ БІЗ ОСЫ?..."
...көр соқырдай қалай жетелесе, солай ере береміз... Кім үшін, не үшін өмір сүрерімізді ақыл таразысына салмай сандаламыз.
***
"НЕГЕ БІЗ ОСЫ?..."
...өзіміздің бұл әлемге артық, түкке де керегіміз жоқ бейшара мүскін екенімізді мойындамаймыз...
***
"НЕГЕ БІЗ ОСЫ?..."
...қатыгез де, қасиетсіз болып кеттік?..
***
"НЕГЕ БІЗ ОСЫ?..."
...бұл дүниенің барлық мүлкін арғы дүниеге арқалап кетердей, мұрнымыздан қан аққанша жиямыз, а?
***
"НЕГЕ БІЗ ОСЫ?..."
...өтірік сөйлейміз, өтірік күлеміз, қысқасы – өтірік өмір сүреміз, а?..