...Дрянь пока что мало поредела.
Дела много – только поспевать.
Надо жизнь сначала переделать,
переделав – можно воспевать.
Это время – труднавато для пера,
но скажите вы, калеки и калекши,
где,
когда,
какой великий выбирал путь,
чтобы протоптанней и легше?..
В.Маяковский.
Друзья мои, наш дар высокий -
Не пиво в кружке,
Чтобы расплескать...
Анатолий Мариенгоф.
«...Я знаю, Вы избрали себе суровую профессию, во многом враждебную Вам, и я предвидел Вашу жалобу и знал, что ее услышу. Теперь я слышу ее, и я не могу Вас утешить, могу лишь дать Вам совет: подумайте о том, не все ли профессии таковы: требовательны, полны недружелюбия к людям, как бы насыщены до предела ненавистью тех, кто угрюмо и молчаливо несет свой безрадостный долг».
Прага шаһарында дүниеге келіп, белгілі бір себептермен Париж, Триесте қалаларында еңбек еткен, XX-ғасырдағы атақты австро-венгрлік модернист ақын Райнер Мария Рильке 1903 жылдың басында өзіне жақын сол австро-венгрия армиясының лейтенанты болған 20 жасар Франц Каппустан хат алады. Хаттың ішіне өзі жазған өлеңдерінің бір шоғырын тіркеп жіберуді де ұмытпапты. Сол туындылар ақынның ешқандай ықыласына ие болып, оның тарапынан аса бір үлкен мақтаулардың айтылуына алып келмесе де, қан майданда ажалмен бетпе-бет қалған, жасы өзімен шамалас өреннің мұң-құсаға толы шынайы толғанысы Рилькені бей-жай қалдырмағаны анық.
Иә, айналасындағылардың барлығы сатқын боп, пенде біткеннің ешбірінен жәрдем көрмей, жүрегіндегі рухани дертке дауа таба алмаған, өмірдің һәм өзі күн кешкен, аждаһадай жалмаған қоғамның бар кедергілеріне ақтық демі қалғанша қарсы тұруға бел буған сол жастың жанын біреу түсінді ме?! Бәлкім, көңіліне медет іздеген байғұсты Рилькең де түсіне алмаған шығар... Қазір де кім-кімді түсініп жатыр дейсіз?! Ең болмаса, тырысып та көрмедік қой... Бір-біріне қарсы шығып, бір-біріне жамандық қана тілей алатын жұмырбастылар әлемінде өтірік пен ақымақтықтың төрге шыққаны қашан?!
Мен де дәл сол өз ісіне адал солдаттай бір кісіге хат жазуға бел будым. Ол хатымды қалай қабылдасаңыз да - өз еркіңіз! Менікі - айналамда орын алып жатқан оқиғаларға қатысты туындаған ойымның ұшқынын жеткізу ғана. Әдебиет, оның ішінде өлең өлкесінде талқыға түсіп, шешімін таппай жүрген барлық мәселелердің бізді де алаңдататыны анық.
Қоғамда жоқ...
Әдебиетте ше?! Адалдық пен тазалық бар ма?! Жалған талғампаздық пен көпке топырақ шашудан Һәм жартысы өзге біреулердің пікірнен құралып, жеке көзқарастары тасада қалған арзан да дарақы сын-талдаулардан шаршамадық па?! Түсінбейтінім, поэзия мен прозаның классикалық үлгілерінің алып “аренаға” қайта тіріліп келуін көксеп жүрген кейбіреулердің өткен әдебиетімізді және олардың өкілдерін ауызға ала отырып, бүгінгі әм болашақ әдебиетімізді, ондағы қалыптасып келе жатқан плеядалармен қоса жоқ қылып жіберу үшін жандарын, барларын салып жүргендері, несі?! Олар – сыншылар ма?! Әлде, басқа істен береке таппағандар ма?!
Жандары ашыса, қазіргі тынымсыз әдеби процесске неге араласпайды? Неге газет, журналдарға сын-мақалаларын араға апта салып, ай салып жариялап тұрмайды? Неге әлеуметтік желіде ғана қылаң беретін, өзінің атына дақ түсіруі мүмкін арзан пікірлер мен сөгістер жазуды мақсат тұтады? Әлде, жаңа, тың ізденістерге бет бұрғылары келмей ме?! Оның артында үлкен менсінбеушілік пен немқұрайдылық жатқан болуы әбден мүмкін... Біздің дәл бүгінгі әдебиет сынсыз-ақ қалыптасып жатыр ма?! Өзі саусақпен санарлық қана сыншымыз бар емес пе?! Арасындағы «Корифейлерін» қоспағанда... Оларды өткен дәуірінде қалды-ақ делік... Жазу үстелінде отырып, жұртқа қажет еңбектер жазып, өз істерімен айналысудың орнына «Сыншы» атын тағып алып, жан-жағына түкіріп, қақырып, алдын көрмейтін ақын-жазушы «қарттарымызды» қайтесің?! Бұндайда, бәрі - Мағауин, бәрі – Төлен, бәрі – Тұрсынжан, не Есенғали емес қой деген ойға ғана келесің... Міне, сізге әдемі үлгілер...
«Все: времена, “когда поэт в России был больше, чем поэт”, закончились. Теперь поэт – никто. Ноль. Пустой звук. Теперь поэты не интересны, не известны и не нужны. Как ни пародоксально, но в извечном споре оптимистов и пессимистов, на сей раз побеждают не реалисты(они вообще не интересуются поэзией), а те и другие - все правы, но каждый по своему», – дейді Александр Колоев. («Дети Ра» журналының 2010-жылғы 9-шы санында жарық көрген мақала*). Мақала тақырыбы – «Петербург поэзиясындағы Авгиийдің атқоралары» (дәл осылай көпше түрінде жазылған). Сонда біздің де қазіргі тұтас бір әдебиетіміз, поэзиямыз сыншалар мен айтқыштарға бола, «Авгийдің атқорасына» айналып кетейін деп тұр ма?! Енді осы тақырып тектес нәрселер жазуға тура келе ме?! Ғабит Мүсіреповтың 1969 жылы «Қазақ әдебиетінде» жарияланған аттас мақаласы бар екенін білуші ем. Оның тілге, газет-журналдардардағы салдыр-салақтық және тағы көптеген соның айнласындағы нәрселерге қатысты жазылғанын да естен шығармадым. Айтқым келгені, осы тақырыптағы жазбаларға қайта айналып келмесек екен деп тілеуші ем бұрыннан... Тілеуім бекер екен...
Иосиф Бродский, Дмитрий Пригов, Борис Акунин, Григорий Остер. Бұл – орыстың бүгінгі сыншылары таныған және мойындаған постмодернист ақын-жазушылар. Оларда да дәл біздегі жағдай. Айна-қатесіз қайталанып жатады. Орта жастағыларды ұмытпағандарына шүкір, қазіргі буынның істеп жатқандарын жоққа шығару – оларда да бар. Біздегі ол қатар былайша тізілуі мүмкін: Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Әмірхан Балқыбек, Таласбек Әсемқұлов, Асқар Алтай, Сұраған Рахметұлы, Дидар Амантай. Қазіргі постмодернисттер ше?! Модернисттер ше?! Даниил Хармс сияқты футуристтер ше?! Олар қай «публикаға» және не үшін жазып жүр?! Парадокс, әлде апория?!
...Жоооқ, әрине, сол үш-төртеуінің бірді-екілісі естеріне алып қояды кей-кейде. Ең күлкілісі, Постмодернизм туралы «шаблон» күйінде дайын тұрған вики-анықтаманы алады да, не өзіне дейінгі «мықтылар» жазған ереже-үлгілер бойынша өз жазбасына «приставка» іліп қояды да, артынша аннан-мыннан тауып, біраз жас ақын-жазушының аттарын ортасына тіркеп жіберіп, соңында «классический» үлгіде жамандаумен аяқтайды. Сөйтіп, олар бәрін жазып, назар аударып жүргендей болып шығады. Біреу «Дат!» десе, атақ-абыройы, не жасын негізге алып, бар даудан сытылып шығады...
Белгілі бір буынның әдебиетте жасаған нәрсесі – өмір сүріп жатқан уақытына тиесілі. Сол кезең өзінің ережелері мен тенденцияларын «диктовать» етеді. Ол ережелер мен тенденциялар - қатып қалған заңдылықтарға бағынбайды және жоғарғы күштердің ырқына жығылмайды. Тек «кеңістік» пен «уақыттың» сұрауы. Белгілі ақын, сыншы – Ардақ Нұрғазы: «Өткен ғасырдың 90-жылдарында қоғамдық жүйедегі өзгеріске ілесіп, сана кеңістігінде үлкен бостық пайда болды. Бұны қоғамтанушылар кеңестік идеологияның орнынан кетуімен, бостықты толтыратын жаңа идеологияның болмауынан деп түсіндіреді. Қазақ тұрғысынан айтқанда, бұл ұлттық сананың өз тұғырына көтеріле алмауы еді. Арада жылдар өтіп, саяси жүйе өтпелі кезеңді артқа тастаған тұста қоғамдық санада үлкен бетбұрыс туды. Кештеу болса да самұрық құс ақыры жаңғырып жетті. Бұл өзгеріс әуелі мәтіннің жаңаруын әкелді. 90-жылдарда ақын-жазушылар, онда да әдебиетке қоғамдық жүйенің өзгерісімен қатар келген буын бұны анық сезінді. Бұл жұрттың дәстүрлі мәнерде жазуды ұнатқанымен, айталық, Мұқағали Мақатаевша өлең жазғысы келгенімен, олай жаза алмайтынын түсінген кезең еді. Заман да, дүниетаным да өзгеріп кеткен болатын», - дейді. Әңгіменің барлығы осында жатыр. Біздің алдымыздағы үлкен үш буынның үшеуі өліп-талып жазса да, қырылып жүріп бірдеңе істейміз десе де, сол – Мұқағалидай, сол – Жұмекендей, сол – Өтежандай бола алмайды. Миссиялары да – ол емес. Бірақ басқа бір сүрлеулер арқылы, басқа бір жолдар салып, алдыңғы буындарға белгілі болатын жеке дара «мықты», «қарымды», керек десеңіз, «ұлы» ақын-жазушы атана алатындарында шүбәм жоқ. Мысал үшін, біз білетін Маралтай Райымбекұлы жүз жерден жүз том жазса да, Есенғали бола алмайды ғой. Ол алдына дәл сондай ақылға сыймайтын миссия қойған жоқ өйткені. Ол – поэзияға кешегі Хақ Мұхаммед айтып кеткен ақын, «Тарпаң тұлғалы Маралтай» болып келгісі келді. Түсінікті болды-ау...
«Шығармашылығында экспериментке барған ақындардың бірі – Тыныштықбек Әбдікәкім. Тыныштықбек шынайы, таза өлеңдерімен әдебиетке табиғилығымен қосылған жақсы ақын еді. Кейін жаңаша жазамын деп, эксперимент жасап не болды? Тыныштықбекті тани алмай қалдық. Өлеңдерін қарапайым оқырманды былай қойып, әдебиеттен хабары бар біздің өзіміз түсінбегеннен кейін, ондай эксперименттің не қажеті бар? Жазған дүниең жалпы халыққа түсінікті болуы керек қой». Бұл – сыншы Амангелді Кеңшілікұлының «Ақжелкен» журналында берілген пікірінің бір бөлігі. Менің түсінуімше, ақын-жазушылар дәстүрлі әдебиет үлгісінен(прозада да, поэзияда да) алыстай берсе, қазақ әдебиеті үшін түк те әкелмеген көп қараның бірі болып қалады. Олардың барлық жазғанын жоққа шығаруымыз керек пе?! Сонда мен, бір кезге дейін Мейірхан Ақдәулетұлы деген ақынның бар екенін біле тұра, жаңа эксперименттерге барған сәтінен бастап, «внезапно» ондай ақынның болғанын ұмытып кетуім керек пе?! Марқұм Герольд Бельгердің “Қазақтар жаңашылдықты жақтырмады ғой” деп айтқаны рас болып шықты ма?!..
- Артық немесе асылық сөйлеуді ұнатпайтын Чехов бір күні Бунинмен әңгімелескенде:
- Ертең Толстой өлген соң бәрінің де күллі көкке ұшады, - дейді.
- Сонда не, әдебиеттің де ме? - деп таңғалады Бунин.
- Иә, әдебиеттің де, - дейді Чехов мұңайып. Әлде, барлық келтірелетін аргументтер мен фактілер осы әңгімеге келіп тіреле ме?! Менің, мені қойшы, сөз ортасында ілікпейтін буындардың бұған қарсы болуға қақылар бар ма?! Бар!!! Елеусіз қалған, қалатын буындардың бір өкілі қайтыс болғанда ғана, 40 күн, не жылдығы өткен соң есімізге түсіріп, шығармашылығын мақтау мақаласын жазып, қолымызды бір қағып, құтылу керек пе?! Есенғали, Мейірхан, Тыныштықбек, кешегі Жұматайдың қағанатының қаншама мықтылары, Әділ Ботпанов, Бауыржан Бабажанұлы, Светқали Нұржановтар, Ертай Ашықбаев, Сабыр Адайлар, одан кейін келген 90-шы жылдардағы «камикадзелер», «Алтынкөпірліктер» - бұлар бір «поэзияның» өкілдері ғана. Керек десеңіз, мен һәм көптеген жастар осы үш буынның да ақындарын оқып өстік және олар қазір де оқылып жүр. “Классиктерді ұмытамыз, олардан да мықты буындар бар” деп жатқан ешкім жоқ қой! Әдебиетте «біреуге жетеміз һәм біреуден асамыз» деген стереотип немесе тенденция бар ма?! Жоқ, әрине! Ақындар мен жазушылар ондай арзан ойлармен жүректерін былғамайды деп ойлаймын. Бәлкім, 2070-ші жылы бір сыншы “анау жиырмасыншы, отызыншы жылдардағы әдебиет өкілдерінің жасаған дүниелерінен артық ешкім ештеңе әкеле алмайды-ау” – деп, құлазып отырып алатын шығар... Барлығын уақыт көрсетер!..
...Аға, менің бір шамыма тиетіні – орта жастағы және сізбен қатарлас көп қаламгерлердің үнсіз қалғаны. Олардың өздеріне Һәм жазғандарына деген сенімділік болмаса, кейінгілерден бірдеңе күтулері де орынсыз. Барлығы бір майданның солдаттары бола тұра... Сіздің жазбаңыздың астарында келе жатқан буын алдындағы жауапкершілік пен парыз, үміт отын сөндірмеу ойы тұрды. Сонда, болашақ атынан бір адам ғана жауап берді ме?! Әмірхан ағаның кімнен, неден және не үшін шаршағанын уақыт өте келе түсініп келе жатқандаймын. Ол – майданда жалғыз еді...
Менің, дәл осылай толғанғаным кімге керек?! Біреулер – жәй ғана пікірі шығар десе, енді біреулері – үлкен даудың алдындағы шамырқаныс деп қабылдар. Жазылған нәрсенің міндетті түрде мақсаты мен міндетінің болуы қажет емес шығар. Алдағы күнімді ойлап, кешегі мен бүгінгіге көз жүгірткенім. Біреудің шамына тиіп, біреуді келеке етіп, тұқыртайын деп, не біреуді мақтап-мадақтап, ақыры өзім мақтау естіп, жағдайымды дұрыстап алайын деп отырған жоқпын. Жиырма жастан енді асқанда Рильке құрлы бола алмаған шығармын бәзбіреулер үшін. Маңыздысы - ол емес, маңыздысы – жүрек, әдебиетке, оның ішінде - «Ұлы Өлеңге» деген адал махаббатымнан айырылмағандығым.
Аға, «Жаңа әдебиеттің» салтанат құруы үшін күресейік!!!
Құрметпен, Айбол Исламғалиев бауырыңыз.
Ұқсас жазбалар:
Амангелді Кеңшілікұлына хат
Ақберен Елгезектің хатына жауап
Сурет: sttihi.ru