Биыл ұлы ақын, ойшыл Абайдың 175 жылдығы ел көлемінде аталып өтіп жатыр. Абай шығармалары насихатталуда. Жыл басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласы жарық көрді. Ол мақалада президент: "Әлемдік мәдениетте Абайды қаншалықты жоғары дәрежеде таныта алсақ, ұлтымыздың да мерейін соншалықты асқақтата түсеміз. Бүгінгі жаһандану дәуірінде, ақпараттық технологиялар заманында Абай сөзі баршаға ой салуға тиіс" деген еді.
Жақында Мысыр астанасы Каирде әйгілі ғалым-теолог, АР Аққаф министрлігінің үгіт-насихат департаментінің директоры Халед аль-Саид Ғанемнің араб тіліндегі “Абайдың Қазақстан халқына өсиеттері” атты жаңа кітабы жарық көрді.
Онда Х.С. Ғанем қазақтың ұлы ақынының шығармаларының философиялық мағынасын, халықтық білім беру мәселесіне көзқарасы мен дүниетанымы, адамгершілігі мен заңын түсіндіреді.
Х.С. Ғанем әр елде әдебиет және оның даму тарихындағы ең жоғары позицияны иеленетін жазушы бар деп есептейді.
"Египетте – Таха Хусейн, Ресейде – Пушкин, неміс әдебиетінде – Марсель, АҚШ-та – Норман Миллер, ал, Қазақстанда - Абай. Ол көптеген тілдерді, әсіресе араб, парсы және орыс тілдерін үйрену арқылы өз білімін толықтырды", - дейді ол.
Х.С. Ғанем осы арқылы Абайдың ғылымға деген сүйіспеншілі қаншалықты ерекше болғанын айтады.
"Абай өз тілінен басқа тілді білу арқылы осы халықтың мәдениетін бойына сіңіріп, өз мәдениетін байытты. Соңғы бес жыл ішінде мен Абайдың шығармашылығымен өмір сүрдім деп айта аламын. Оны мұқият зерттей келе, Абай мұрасын қастерлеу және тарату керек деген қорытындыға келдім. Әйгілі америка астрофизигі және жазушысы Майкл Харт өзінің «Тарихтағы ең ықпалды 100 адам» кітабында Мұхаммед пайғамбарды ең ұлы тұлға деп атап өткен болса, онда қазақтар дана ақынымыз Абайды өлмейтіндер қатарына қосуға құқылы", - дейді кітап авторы.
Ғұлама Абай шынында тіл үйренуді басты орынға қойған еді. Ақын жиырма бесінші қара сөзінде өзге тілдің адамға не беретініне тоқталып: "Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды" деген еді.
Халед аль-Саид Ғанем мұнымен тоқтап қалмай Абайдың "Қара сөздері" мен өлеңдерінің жинағын араб тіліне аудару жұмыстарымен де айналысып жатыр.
Айта кетейік, Ұлы ақынның шығармалыры әлемнің 10 тіліне аударылу да жоспарланған. Абайдың мұралары француз, түрік, неміс, орыс, итальян, қытай, араб, испан, жапон, ағылшын тілдеріне аударылады.