Алма Мүтәліпқызы Қыраубаева – қазақтың ежелгі дәуір әдебиетін зерттеуге үлес қосқан, алғашқы әдебиеттанушы, ғалым, аса көрнекті ұстаз. Өркениет әлеміне құбылыс болып кіретін азамат дайындау, қазіргі қазақ азаматының мінезін қалыптастыру мақсатында "Сенім" бағдарламасын жасап шыққан ғалым-ұстаздың әрбір еңбегі, әрбір сөзі бүгінгі ұрпақ тәрбиесі үшін аса қажет деп ойлаймыз. Оның ұстаз бен оқушы арасындағы қарым-қатынас туралы ойларына назар аударып көріңіз....
– Ұстаз – адамды жасаушы адам.
– Сабақ – ұстаз бен шәкірттің адами қарым-қатынасы.
– Сабақтың мақсаты – баланың басқаға ұқсамайтын қасиетін аша білу.
– Мұғалімнің ісі мен сөзі жасанды емес, шынайы болуы шарт.
– Балаға сыйлы боламын десең, баланы өзің сыйла.
– Импровизация – сабақтың жаны.
– Шәкірт – сабақтың негізгі кейіпкері.
– Бала мектеп үшін емес, мектеп бала үшін жұмыс істейді.
– Баға құнды емес, бала құнды.
– Әр бала – табиғаттың ғажайып құбылысы. Әр бала – Ханзада мен Ханша.
– Мұғалімнің өз сабағын білуі жеткіліксіз, оған қоса, бала жанын ұға білсін.
– Әр баланың өмір тіршілігі – өзінше бір тағдыр. Баланың тағдырына ойланып қара. Сабаққа келмесе, себебін біл. Сабағыңа қызықпаса, тентек болса, себебіне үңіл.
– Баланың ықыласын оят, қолынан іс келетініне сендір.
– Шәкірттің кемшілігін көргіш болсаң, ықыласын өшіресің, жеңілісін емес, жеңісін ізде.
– Көптің көзінше баланың кемшілігін бетіне баспа, сеніп айтқан сырын ашпа.
– Сабақ үстіндегі тыныштыққа көп ізденіспен, еңбекпен ғана жетуге болады.
– Қиын тақырып түсіндіре салып, сұрауға асықпа, келесі сабақты қайта түсіндіруден баста.
– Көп бала өсіріп, оны жақсы тәрбиелеген ананың қоғамдағы беделінің және жағдайының жоғары болуы, әйел жағдайының жақсы болуы елдің экономикасының өсуіне, отбасының табысы молаюына байланысты. Егер жағдайы болса, көп әйел бала-шағасын тастап, қызметке ұмтылмас еді.
– Мұғалім ретіндегі ойым – мектептен бастап қыздарымыздың үй шаруасына икемділігін, ибалылығын, қарым-қатынас мәдениетін сіңіре білгендігін қолпаштауымыз керек. Жаппай қоғамдық қайраткер дайындауға ұмтылған бұрынғы тәсілге өзгерістер енгізіп, әйелдің бірінші парызы аналық қасиетін сақтау екенін ұқтыруға бейімделейік.
Жалғасы бар...
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: massaget.kz