Испан тілінен Мигель Паласио, LiTerra журналы
Оқырмандарға Гарсиа Маркеспен болған эксклюзивті сұхбатты ұсынамыз. Әдебиеттанушы Әмірхан Балқыбек: «Габриэль Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздығы» қазақ даласында жазылуы керек еді», – депті...
* * *
- Сіздің ең бағалы ұстазыңыз кім болды?
- Маған ұстаз болған жандар - бұлар жеке өзім болып қалыптасуыма, өмірлік жолым мен танымдық мүмкіндігіме, қабілетіме әсер еткен жандар. Мұндай адамдар менің өмірімде аз болмады. Ең алдымен, анам жағынан атам полковник Николас Рикардо Маркес Мехия болды. Атам зергер еді, алтыннан алқа, сақина секілді түрлі нәрселерді жасайтын. Мен соның үйінде өстім. Ол маған көп нәрсесін үйретті, өзі қатысқан азамат соғысын, табиғаттың тылсым құбылыстарын айтып беретін. Мен ана сөздің, мына сөздің берер мағынасын сұрайтынмын, атам болсам сөздіктің көмегіне жүгінер еді. Немересінің бетін қайтарған бірде-бір кезді болып көрмепті. Полковник Маркес - туыстарымның арасынан мені түсінген бірден-бір адам. Балалық шақта, жасөспірім кезде мен көп қиялдап, өмірде жоқ достар мен оқиғаларды ойдан құрастырып, өзімнің қатты ауыратынымды айтып, шын мәнінде сау болсам да, көпшілікті сендіруге тырысатынмын. Маған өмірді қызықты қылу ұнайтын, оны жарқын бояулармен бояғым келетін. Маған осы қылығым үшін ұрсып, өтірікші немесе сөзуар деп те айтатын. Тек атам ғана еш уақытта менің қиялымды жазғырмайтын. Мүмкін, ол кішкентай өтірікшіден болашақ жазушыны көрген болар.
Бірде, біреуге менің салған комикстерімді көрсетіп жатып, атам былай деді: "Ол жергөктегі кезінен бастап оқиғаларды құрастырады". Ол өлгенде, менің жасым сегізде болатын. Бүкіл менің жазушылық жұмысым - сол сегіз жастағы өзім мен өзімді қоршаған әлемде не болғанын түсіну, баяндап беруге тырысу.
Өзімнің ұстазым деп айта алатын келесі бір адамым - маған лицейде испан тілі мен испан әдебиетінен сабақ берген Карлос Хулио Кальдерон Эрмида. Мен оның сүйіктісі болатынмын. Дон Карлос лицейде тәртіптің префектісі болды, кезекті бір өнерім үшін қатал жазалау күтіліп тұрғанда, ол мені партаға отырғызып, ертеңгі күнге дейін... бір әңгіме жазуымды бұйырған-ды. Дәл сол кісі мені жазу туралы ойға итермеледі. Оған мен өзімнің өлеңдерімді көрсететінмін және соның ықпалымен лицейдің әдеби газетінде менің поэтикалық туындыларым басылатын. Сол бүкіл өлеңдерімді мен сол уақыттағы ғашығыма арнаппын. Менің лицейлік ұстазым өзімнің ең бірінші "La hojarasca" (алғашқы шығармасы) кітабымның нұсқасын сыйға тартқан алғашқы адам болды.
Егер әдебиеттегі ұстаздар туралы айтар болсақ, онда бұл тұста мен төрт есімді атай аламын. Негізі, әдебиеттегі ықпал - мейлінше қызықты нәрсе. Ол мені баяғыдан еліктіреді. Кафканың «Метаморфозалар» әңгімелер жинағы қолыма келіп түскенде, менің әлі тым жас кезім еді. Мен осы кітапты оқи отырып, шындап есеңгіредім. Есімде, мен ойландым сонда: "Міне бұл! Егер әдебиет дегеніміз осы болса, онда жазуға болады". Кафка менің әдебиетте тыйым салып қараған, жіберілмейтін нәрселер деп ойлаған дүниелердің шын мәнісінде мүмкін екенін және жасау керектігін көрсетті. Мен қолыма қағаз бен қалам алып, жазуға отырдым. Кафканың әсер етуімен менің алғашқы әңгімелерім дүниеге келді. Қазір оларды үнемі менің шығармаларымның антологиясына қосып отырады. Мен мұны құптамаймын, өйткені, менің алғашқы әдеби шығармаларым артық интеллектуалдандырылған және не менің өміріммен, не шындықпен тұстас жерде ортақтығы жоқ. Бұл менің адамдарға айтқым келген нәрсе емес-ті.
Мені көп нәрсеге Уильям Фолкнер де үйретті. Нақтысын айтсақ, ол менің өзімнің жеке ой тұжырымымды құптады. Оның суреттеген өмірі ғаламат түрде мен жазғым келген нәрсеге ұқсас болды. Фолкнер АҚШ-тың оңтүстігіндегі тұрмыс тіршілігі туралы әңгімелейтін. Бұл жерлер мен дүниеге келген Колумбияның кариб жағалауындағы Аракат қонысымен көп нәрсесі ортақ еді. Жайылым, пальмалар, мырышпен жабылған үй төбелері, темір жол вагондары - осының бәрі Штаттың оңтүстігінде және менің туып өскен өлкемде бар болатын.
Мен оны жат бір ықпал деп айтар тағы бір біреу болды - Вирджиния Вульф. Оның прозасы әлемнің және оны толтырып тұрған барлық зат пен белгіні фантастикалық, ғаламат ерекше бір өткір сезімін қосып беруімен ерекшеленеді. Ол секунд, минут, сағат, күн, уақыт аралықтарының нақтылы, шынайы көрінісін көрсететін, бірақ, сонымен бірге бүкіл әлемдік жаратылыстың бедерін сақтап қалушы еді. Оның кітаптары маған жазуға көмектесті.
Мен айтпай тұра алмайтын тағы бір есім бар. Ол - никарагуандық ақын Рубен Дарио. Оның өлеңдерінде Кариб Америкасының магиялық, қайталанбас әлемі көрініс тапқан. Мен өзімнің өмірімдегі ең басты кітап саналатын - "Патриархтың күзінде" («Осени патриарха») Дарионың поэзиясымен және кариб халқының көптеген өлеңдерімен "ойнадым". Менің көзқарасымда, Дарио - ұлы феодалдық диктаторлардың дәуіріндегі ең бір жиынтық ақын. Ол менің Патриарх туралы кітап жазуымда өте-мөте орны алмаспайтын адам болды. Романның бүкіл өне-бойында мен оның өлеңмен жазылған дүниесінің керемет тілін күйіне келтіріп отырдым. Ол болмаса, роман да болмас еді.
- Сіз өз өміріңізбен және мансап жолыңызбен қанағаттанасыз ба?
- Бұл сұраққа жауабым оң болар. Менің жағдайымда өз өмірі мен мансап жолына қанағаттанбаушылық асылық болар еді. Дегенмен, нақтылай айтсақ, менің жағдайымда емес, менің жасымда. 76 жаста тыпыршып, бәлсініп және өзіңді "барлығын басынан бастауды" армандайтын "мәңгілік жас жүректегі" егде адам қылып көрсету - ақымақтық. Мен қазір де ойланбастан басын тұңғиыққа батырып және жасанды балалық албырттықпен өмір сүретін Фидель Кастро емеспін. Мен оның бір нәрсесіне қызығамын...
Жасымның егделігі мені қапаландырады деп айта алмаймын. Мен әрқашан қарттыққа дайын болып келдім. Жасым онға жеткенде мен "Шал" деген ат алдым, өйткені, барынша үлкен болып көрінуге тырысатынмын және қатарластырымның айтуы бойынша, ойлауым және ой тұжырымым қарт адамдікіндей болып келіпті. Бұл енді өз жылдарынан үлкен болып көрінуге тырысатын белгісіз арман-үміт мені өкшелеумен болды. Мен үнемі өз ойымда өзімнің қарт адамдай сөйлесетінімді түйетінмін.
Мен күткен және жарты ғасырға жуық қорыққан өз өмірімнің және жазушылық мансап жолымның айшықты бір белгісі мемуар жазу болды. Мен барынша осы бір сәтті кейінгі қалдыра беруге тырыстым, қанша дегенмен, жәй ғана өмір сүргім келгенді, өзімнің Жердегі тіршілігімнің қорытындысын жасауға аса ықыласты емес едім. Бір жағынан, мен әруақытта ойдан шығарылған, өмірде болмаған оқиғаларды әңгімелейтінмін. Ал бұл жерде оқырманға "жалаңаш" шындықты ұсынуым қажет болды. Екі жыл бұрын мен "Өмір туралы айту үшін өмір сүру" атты мемуарымның бірінші томдығын жариялау арқылы осы бір табалдырықтан аттап өттім. Бұл кітаптың 579 беті - Габриель Гарсиа Маркестің таза шындығы. Өз естеліктерімді мен алыс 1989 жылдары жаза бастадым, бірақ, 2002 жылы да оларым басып шығаруға әлі де алғысыз еді. Алайда, менің баспагерлерім басқа ойда болатын. Олар мені асықтырды, жылдамдатты және қолымнан қолжазбаны жұлып алғандай болды. Маған түзетулер енгізу керек болды - олардың саны төрт жүзге жетіп қалатын - басылып қойылған мәтінде. Ең соңғы сәтте кітаптың ой өзегін берер эпиграфты қостым: "Өмір - бұл сенің басыңнан өткергенің емес, ол, бұл туралы сенің ойыңда не қалғаны және бұл туралы қалай айтатының".
Өз Рубиконымнан (өмірімнің өзен-көлінен) өткен тұста Габриель Гарсиа Маркес есімді адамның ерте кезден бір емес, ең аз дегендей, екі өмірмен өмір сүретінін аңғардым. Оның бірі - мен білетін, жүріп бара жатқан және қымбатқа бағалайтын менің жеке өмірім. Екіншісі маған тәуелсіз. Осы бір екінші өмірімде мен өзім жасап әдеттенбеген нәрселер келеді...
- Сіздің сүйікті ісіңіз?
- Менің басты, сүйікті әрі тіршіліктегі жалғыз ғана жұмысым - кітап жазу.
Егер сіз құдіретті сыйқыршы болсаңыз, не істер едіңіз?
Өзім үшін...
Егер лепірмелі сөз кестесін қоспай, ашығын айтар болсақ, онда мен жанымды қинап біткен аурудан құтылар едім.
Жақындарым үшін...
Менің "жерлік" мүмкіндіктерімнің аумағында жатқан оларға отбасылық бақыт пен ізгілікті жасар ма едім...
Қызмет үшін...
Өзім жазған романдардың санатынан "Жүз жылдық жалғыздықты" өртеп тастайтын едім. Немесе басынан қайта жазып шығар едім. Маған осы бір кітап үшін ұятты, өйткені, түрлі себептерге байланысты дұрыстап жазып шығуыма уақыт жетпеді.
тамыз, 2005 жыл
Сурет: milenio.com
Дайындаған: Фараби Арыстанбек