- Негізгі бет
- Көкжиек
- Мұқағалидың ақтық сөзі...
Мұқағалидың ақтық сөзі немесе Жазушылар Одағын жанындай сүйген ақын
Бүгін ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Осыған орай жыр жүйрігінің жары Лашын Әзімжанованың естелігін назарларыңызға ұсынғанды жөн көріп отырмыз.
***
Мұқағали Жазушылар одағын өз жылы ұясындай, жығылса сүйейтін, қысылса көмектесетін туған ағасындай, кең тыныс алатын ақ ордасындай көрді. Жазушылар одағы есіне түссе, «одаққа барамын» деп, жазып отырған өлеңін тоқтатып қойып, дереу жиналып шығып кететін. Сөйтіп, «одағым, одағым» деп өтті Мұқағали. Жазушылар одағын Мұқағалидай сүйген адамды көрмедім.
...Мұқағали кірпігі әрең қимылдап, емханада жатыр. Әбден арыған. Сөйлеуге де шамасы жоқ. Сөйтіп жатып, бар күшін жинап, соңғы рет сөзге келді: «Лашын, такси әкел, одаққа барайық... Балаларым жас еді... Бітпеген жұмыстарым бар еді...» – деп сыбырлап әрең-әрең айтып шықты. Міне, қасірет деген көзіме жаңа көрініп тұр. «Мұқағалиды көретін көзім қазір соқыр болып қалсашы!» деп еңіреп тұрмын. Айтуға тілім жетпейді дәл мына сұмдық суретті. Мұқаңның айтқанын емдеуші дәрігерге айтып едім: «Сіздің есіңіз дұрыс па, мынадай жағдаймен ауруды таксимен алып жүремін дегеніңіз надандық қой, одан да жақындарыңыз болса, хабарлай беріңіз» деп сөзімен, пейілімен емдейтін дәрігерім төбемнен қос жұдырықпен бір-ақ соғып, шала өлтірді. Сүмірейіп, өлігімді сүйреп үйге жеттім. Ертесінде тілі мүлде жоқ болып қалды да, түн ауғанда қайтыс болды...
О. Сансызбай