Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күнінің қарсаңында Adebiportal.kz сайтында сыншы Амангелді Кеңшілікұлының "Тағдырмен бетпе-бет" деп аталатын эссесінен үзінді жарияланды. Соны сіздердің де назарларыңызға ұсынамыз.
Бір сәтте Мұқағалиға ғаламат ой келді. Өмірмен қоштасатын базыналық өлеңін жалған тіршіліктен дос таба алмай күйзелген ақын әйел затына арнап жазып кеткенді қош көрді.
Ия, ия, әйелге. Ақпанның ақтүтек боранында, дүниені қуантып ақынға өмір сыйлаған әйел болатын. Мұқағалидың бойына керемет ұлы сезімді дарытқан да әйел-өмір еді ғой. Құдайдың ғажайып сұлу сәулесіндей жырларын ақын қызғалдақтай құлпырған қазақтың ару қыздарына ғашық болып жүргенде жазды емес пе?
Кім біледі? Бәлкім, біздің Құдай деп жүргеніміздің бәрі әйелдің жүрегінде жасырынған таңның шұғыласы шығар. Неге біз еркектер қанша күшті болсақ та, өміріміздің ең қиын сәтінде Құдайға ғана шағатын мұңымызды, сағымыз сынып әйелге айтамыз? Ендеше дүниеден түңілсе де, досы жоғына күйінсе де, тағдырын қарғаса да Мұқағали ақын әйелдерді кіналай алмайды екен. Осылайша әйел затын ғана қимай мына өмірмен қоштасқан ақын, қолына қаламын алып, базыналық жырының алғашқы шумағын жазды.
Фариза!
Фаризажан, Фариза қыз,
Өмірде ақындардың бәрі жалғыз.
Шыдай-шыдай ақыры жалығармыз.
Бірімізден-біріміз арылармыз.
Біздерді де жоқтайтын жан болса егер,
Шаң басқан архивтерден табылармыз
Қайран, арыстаным-ай! Ешкімге тең келмейтін алып кеудеңдегі біресе асау теңіздей тебіренетін, біресе долы дауылдай буырқанатын күшің қайда кетті? Қаралы тор бұлбұлындай зарлаған үнің қандай аянышты еді!
Қараңызшы, барлық үміті үзіліп, арманы күйреген бақытсыз ақын қайғының теңізіне батып барады. Өмірдің үскірік-аязынан жаны жаураған, «жігітінен қазақтың дос таба алмаған» ақын маңдайынан бір сипайтын мейірімді іздеп, соңғы сөзін әйелге айтып жатыр. Әйелге! Фаризаға!
Сен мені білесің бе, білесің бе?
Жаралмаған жан екем күресуге.
Жылай жүріп, өтірік күлесің де,
Жүресің де қоясың, жүресің де.
Бірі итеріп кеудемнен бірі шалып,
Тастағысы келеді күресінге?
Құр айтып қоймай, тағдырдың наласынан жүрегі өртеніп жатқан Мұқағали әйел затының ғана оның нәзік жанын түсінетініне сеніп, жылан-ажалға арбалған торғайдай шырылдап, көзінің жасын тоқтата алмай, қайта-қайта өксіп-өксіп жылайды. Жазбақ түгіл, мұндай өлеңді оқудың өзі қандай ауыр еді. Қайғының әуені еркіңді билеп, аза бойыңды қаза қылып, денеңді түршіктіріп, неше түрлі ойға шомылдырады.
Әкесінің құны бардай, жалмауыз тағдыр ақынға неге соншама өшікті? Ақындық жүрек сезе-дүр. Ертең өлген соң жұрттың бәрі де оның ұлылығын мойындайды. Ер-тұрманы түгенделмей кеткен ақын еді, деген сыңайдағы неше түрлі естеліктер жазады. Қара түнекті жарып шығатын мейірімнің таңы да сол уақытта атады. Мұқағалидың рухын аялайтын мейірім де, ақынның талантына табынатын мойындаулар да сол кезде болады. Дегенмен, сол мейірім мен мойындаудың ақынға дәл бүгін, көзі тірісінде керек екенін тасбауыр жандар неге ұқпайды? Ешкімге керегі болмай қалған ақынның, күресуге жаралмаған пендесінің жарық дүниенің жылуын сағынып, әйелге мұңын шағып, өмірімен қоштасып жатқанының себебін түсінетін кім бар ма, мына жалғанда?
Замандастарының естеліктерін оқысаңыз бәрі де Мұқағалиға бір жақсылық жасағанын айтып, ақталып жатады. Бәрі де шетінен көзі тірісінде-ақ ақынның ұлы талант екенін мойындап, зор құрмет көрсеткен.
Лайым, солай болғай! Дегенмен, мен мұндай сөздердің ешқайсына сенбеймін. Сенейін десем, Мұқағали өлеңдерінің рухы жалған дүниеден жақсылық көре алмай, маңдайынан сипайтын алақанға зәру болғанын айтып, зар жылайды. Кімге сенейін? Ақынға ма, әлде замандастарына ма?
Жанарымды тұманмен тұмшаладым,
...Серіппесі үзіліп тұр садағым.
Жігітінен қазақтың дос таба алмай,
Қыз да болсаң, мен саған мұң шағамын,
Ауырлар деп ойлап па ем мұнша халім...
Салыстырмалы түрде өнердегі адамдарды үшке бөлуге болады. Алғашқылары мағыналы ештеңе жасамаса да, қыбырлап-жыбырлап, төменде жүріп-ақ барлық тірлігін бітіретін бауырмен жорғалаушылар. Өмірдің бүкіл рахатын солар көреді. Ар-ұятын сатып, тіршіліктің қамы үшін пендешілікке салынып, әр кімге бір жалтақтап өтірік өмір сүреді. Мағыналы ештеңе тындыра алмаса да, мансапқа жетіп, атақ-даңққа бөленеді. Бәрі шетінен пысық келеді. Том-том қылып, жарқыратып кітаптарын шығарады. Мақталады. Дұрысы – битін салып жүріп, өздерін мақтатқызады. Өнерде жүргендердің басым бөлігін, салмағы жоқ, өлген күні шығармашылығы да өздерімен бірге суық көрге көмілетін, қанаты жоқ осындай адамдар құрайды. Олар – дарынсыздар.
Өнерде белгілі бір биіктікке дейін ғана ұша алатын үркердің шоғырындай ғана топ бар. Олар көп оқып, көп ізденеді. Өнерге мейлінше адал болуға тырысады. Жағымпаздыққа, екіжүзділікке, көрсеқызарлыққа салынбай, ондайдан бойын аулақ ұстайды. Өмірдегі де, өнердегі де ұстанымынан таймайды. Олар – таланттар.
Алып қанаты бар, әр ұшқан сайын тек биікте самғайтын, дүниеге сия алмай өтетін ерекше жаратылған адам да келеді өмірге. Ол қоғамдағы әділетсіздікке төзбей, тағдырына бағынбай, онымен күресіп өмір бойы азап шегеді. Өмірдің биік аспанын іздеп аласұрып, жаны тыныштық таппай қиналады. Дүниенің бүкіл рухани байлығын гауһар тастай уыстап жүрегіне жинайды. Қоғамның заңдылығына бағынғысы келмей, ағысқа қарсы жүзеді. Шығармаларын сиямен емес, қанымен жазады. Ол рабайда, ғасырда бір туатын – ұлы ақын.
Таудай биік Мұқағали да - Құдай алып қанатымен жаратқан сондай ұлы ақын еді. Әділін айтсақ, осынау биік аспанның астында ұшу да ақынның құлашын кеңінен жаюына аздық етті. Өйткені Мұқағалидың өз ішінде өмір сүрген ұлы аспаны, дүниенің аспанынан биік-тұғын. Сондықтан да ұлы ақын, дүниенің аспанын жарып шыққысы келіп, әр ұшқан сайын қайта-қайта барып оған алып қанатымен соғылды. Әр соғылған сайын, ақын болып жаратылғанына өкініп, қанатының қауырсынын оңдырмай сындырып алып, қатты күйзелді. Бірақ қанаты жазыла салысымен биік аспанда ала алмаған өші бардай қыран-ақын қайтадан қанатын жазып, сол жаққа қарай ұшты.
Ақын болып несіне жаратылдым,
Арасында қап қоймай қара түннің,
Қасиетін сезем деп Ана тілдің,
Қауырсыны қалмады қанатымның.
Қу тірлікке құл болып, аяң басып,
Құлашымды жая алмай баратырмын
Жауһар жырлары миллиондаған адамдардың жүрегін жаулаған ақынның да дәл осындай қасіретті өкініші болады екен-ау! Кәусардай мөлдіреуге жаратылған Мұқағалидың жанарын неге кіреуке мұңның кірбіңі басты? Ой қабырғасы сөгіліп, шабыттың дария толқыны тасып, бойына сыймағанда дауылдарға да, жауындарға да қарамай, ағындарға қарсы жүзіп, дамылдамай, қара нөсердің қағынғанын да елемей аспанға қарай самғайтын қыран-ақынның шынымен де күннің қара суығы тоңдырған торғайдай шырылдап, гүлдей нәзік әйелдің жанынан пана іздегені ме?
Бұл не сонда? Кірпігіне үміт ілдіре алмай өткен Мұқағалидың бәрінен де түңіліп, мезі еткен ойларынан шаршап, ақыр соңында тағдырынан жеңілгені ме? Жоқ, олай болмаса керек?
Ақын жеңілген жоқ. Тағдырымен болатын ақырғы шайқасқа шығу үшін, өмір майданында қанатындағы қауырсынының бәрі сынған жаралы қыран соңғы күшін жинап жатыр. Өмірлік базынасын айтып болған соң, ол қайтадан биікке самғап, бұзып шыққысы келіп, жаралы қанатымен тағы да дүниенің аспанына барып соғылады. Тағдырымен шайқасып өлуге тәуекел етіп, қанаты майырылып, көзі қанталаған қыран-ақынды енді ешкім тоқтата алмайды.
Момын едім, жақсы едім, ұяң едім,
Аттап өттім олардың қия белін.
Енді, міне, қауқарсыз құр ашуды.
Жия бергім келеді, жия бергім.
Маңдайымнан сипайтын бір жан болса,
Енді қалған өмірімді қияр едім.
Заманның қоңырауындай кеудесі бар ақынға тағдырдың құлпы бәрібір кісенін сала алмады. Мұқағалидың «бүлікшіл-бунтарлық» бұзақылығының себебін түсіне алмағандар оны тіпті ақыл-есінен айырылған жындылардың қатарына да қосып қояды. Шындығында оның бәрі «бұзақылық» та, «жындылық», «сотқарлық» та емес, Мұқағалидың ақындық мінезі болатын.
Тағдырмен бетпе-бет келгенде ақынды талай рет тура жолдан тайдырып жіберген де, сонымен қатар оны өнердің биік шыңына көтерген де сол мінез еді. (Жүрек пен мидың қатпарында жасырынып жатқан ойдың кенішін іздеген Мұқағалидың өлеңдерін өміршең етіп тұрған да сол мінез емес пе. Тереңірек үңілсеңіз, Мұқағалидың ақындық мінезінде тек ашу мен ыза ғана емес, жүректегі мұзды майдай ерітіп жіберетін күннің шуағындай жылы лиризм мол. Ақиқатын айтсақ, жиырмасыншы ғасырда туған басқа еш ақынның өлеңінде де табиғат пен өмір соншалықты нәзік лиризммен жырланған емес.)
Өнердегі мінезінің арқасында тек аспанмен таласқан биікте ғана ұшқан Мұқағалидың, жүрегін жарып шыққан ақберен жырлары ылғи да қайшылықта туып, ақынның жанына бір сәт тыныштық бермей, оны үстін-үстін қинады. Ақын өлеңдерінің рухынан Мұқағалидың жүрегінен туған әр жырының толғағының ауыр, әрі қатерлі болғанын аңғарасың. Фаризаға арнаған өлеңінде осы ерекшелік тым айрықша сезіледі.
Білмеймін, бұзықпын ба, жындымын ба?!
Кеп тұрады телігім мұңды-мұңға.
Енді қалған өмірдің құрдымында,
Өлтірсең де көмбеймін жырды құмға!
Нөл болады деп айтам, жалтармаймын,
Көбейтсең де қаншама мыңды мыңға..
Дария тілдің ағынымен, ақын аузымен айтылған сөздің бәрінің де ақиқат екенін мойындамасқа лажымыз жоқ. Өңкей нөлдерге күйінген ақынды шегіп жатқан азабынан құтқаратын бір-ақ құдірет бар – Өлім. Амал қанша, егер жүрегінің есігін қағып тұрған ажал болса, Мұқағали ақын одан да шошымай, Құдай айдап әкелген қонағындай қарсы алуға әзір.
Көкірегінде өмірге айтылмаған талай ғашық әні кетіп бара жатқаны болмаса, итке тастайтын сүйегін де ақынға қимаған қу тіршілікте не қызық қалды? Құдай аузына салғанда, көріпкелдікпен өзінің есебінде жазғандай қырықтың бесеуінде, өмірден түңіліп ішкілікке салынып кеткен, отты жырлары миллиондаған адамдардың жүрегін нұрландырған Мұқағали ақынды ажал жердің азабынан құтқарып, мәңгілікке құшағына алды.
сурет: teatr-musrepov.kz