- Негізгі бет
- Көкжиек
- Мұқағали айтқан екен......
Мұқағали айтқан екен...
Мұқағали Мақатаев туралы көпшілік арасында көптеген әңгімелер, аңызға бергісіз шындықтар, алып-қашпа өсектер көп. Жұрт Мұқағалидың ақындығымен қоса, оның өткен өмірі, қоршаған ортасы туралы әңгімелерді ақын замандастарының аузынан да есітіп жүр. Соның бір парасын «Мұқағали айтқан екен...» деген тақырыппен назарларыңызға ұсынамыз.
«Құрал-сайман толып кетіпті ғой»
Мұқағали Мақатаев бір жолы Ақтөбеге барады. Облыстық газетте қызмет істейтін ақын Мұхтар Құрманалиннің бөлмесіне кірсе, ол кісі жоқ екен де, бірақ жас қызметкер отырса керек.
— Мұхтар қайда? — деп сұрайды одан Мұқағали.
— Редактор шақырып еді, қазір келіп қалар, отыра тұрыңыз.
Мұқағали үстелді саусақтарымен шерткілеп: «Мұхтар да Мұқа, Мұқағали да Мұқа», — дегенді қайталап айта береді. Әлгі жігіт қарап отырмай:
— Мұқаң көп болғанмен, Мұхтар біреу ғой, — депті.
Мұқағали оған жалт қарайды:
— Дұрыс айтасың, бала, атың кім өзіңнің?
— Құрал.
Осы кезде бөлмеге басқа бір жігіт кіріп келеді. Ол Мұқағалиды танып, қол ұсынып, сәлем береді.
— Ал сен кімсің? — деп сұрайды Мұқағали.
— Болат Теміров деген ақын ініңізбін ғой, — дейді жаңа келген жігіт.
Сонда Мұқағали:
— Оу, редакцияларыңа құрал-сайман, темір-терсек толып кетіпті ғой, — деген екен.
***
Қарасаз ауылындағы сегіз жылдық мектепте жалпы орта біліммен ғана мұғалім болып жүрген жас ақын – Мұқағали өкшебасар ауылдас інісі Еркін Ібітановқа:
– Көресің, бауырым! Мен болашақта ел танитын тамаша ақын боламын! Менің қуатты, отты өлеңдерім мына Энгельс атындағы колхоздың атын маған алып береді. Ауыл менің атыммен аталады! Сәл жалқаулығың болмаса, сен де жаман ақын емессің… Саған қайсы ауылдың атын әперсем екен?! – деп әзілдеген екен.
Араша түсу
Бір күні Жазушылар одағының ғимаратының алдында қазақтың белгілі қаламгері Садықбек Адамбеков пен Сансызбай Сарғасқаев сөзге келіп, жаға ұстасып қалыпты. Бұл оқиғаға куә болған Мұқағали Мақатаев екеуін сабырға шақырып, араша түсіпті. Қазақ – сөзге тоқтаған халық. Екеуі сабасына түскен соң:
– Сендерге арнап өлең шығарып берейін бе? – дейді Мұқағали арқаланып.
– Шығарсаң, шығар, - дейді екеуі жарыса.
Сонда ақиық ақын мүдірместен былайша өлеңдете жөнелген екен:
– Сары тісті, сары шашты Садықбекті,
Сансызбай Сарғасқаев салып кетті.
Ұрамын деп тағы да ұмтылғанда,
Жолдастары ұрғызбай алып кетті.