- Негізгі бет
- Көкжиек
- Мұхтар Мағауиннің "Аласапыран"...
Мұхтар Мағауиннің "Аласапыран" романынан дәйексөздер
Қазақтың белгілі жазушысы Мұхтар Мағауиннің бірнеше әйгілі шығармасын барша қазақ сүйіп оқиды. Оның қаламынан туған қай шығарма да құнды, өміршең дүние. Жазушының «Аласапыран» романы – нақты оқиғаларға құрылған, біріне-бірі табиғи заңды түрде жалғасқан тарих күндерінің куәсі. Оқырманды бас көтертпей оқытатын қасиеті осыдан. Романды оқығанда көз алдыңыздан XVI ғасырдағы қазақтың азат даласы, Ібір-Сібірдегі Көшім хандығы, мұнаралы Мәскеудегі орыс патшалығының ісі ретімен тізіліп өтіп жатады.
«Аласапыранды» оқып шыққанда жазушы жұртқа белгілі тарихи оқиғалардың хронологиялық ізімен жүріп отырғанын аңғарамыз. Сонымен қатар, мұнда көркем шығармаға ғана тән көп әсерлі ақиқаттарды – адамдардың күйініш-сүйінішін, арманы мен өкінішін, ықыласы мен мұратын, кейіпкерлер тарихы мен тағдырын табамыз. Осы үздік шығармада кездесетін дәйексөздерді оқи отырыңыздар!
Қиылып шыққан ай ағарып толады. Қызарып шыққан күн жарқырап жанады. Ай жеміріліп тозады, күн шеңбері бітіп батады. Тағы да ай туады, тағы да күн шығады. Сол ай ма, сол күн бе? Қалың елге бəрібір. Жас – өседі, кəрі – өледі, адам орнын адам, ұрпақ орнын ұрпақ басады. Жұрт жаңаланады, ел өзгереді. Сол орта ма, сол халық па? Қара жерге бəрібір. Жан иесі жағаласып күн кешеді. Бұғыны бөрі жейді. Бөріні аю жалмайды. Аюды айдаһар жұтады. Адам ұлы тайталаспен қан кешеді. Тайпа мен тайпа шабысады. Жұрт пен жұрт алысады. Ақыры, əлдісі алып жейді. Ошағына от жағып, отауына түтін түтетеді. Барын иеленіп барақатқа жетеді. Бірақ ақыр соңы ол емес – оған да құрылған тез бар. Кесімді күні кезеулі оққа жолығады. Бір адамның тағдыры – бар адамның тағдыры.
Батырлық пен мәрттік – егіз, ездік пен аярлық – ағайын.
Өмір де шахматтың ойыны секілді. Кейде басымдыққа ие болу үшін әлденеден айрыласың. Ал түп мұратқа жету үшін қымбатыңды да құртуға тура келеді.
Бақ – көшпелі, өмір – өтпелі, бар – кетеді, жоқ – туады, бəрі өзгереді, тек піл сауырлы қара жер ғана қалпында тұрмақ... Сен ақыры емессің, басы да болмайсың. Күн астында не ғаламат жоқ. Мағынасын біліп, мағынасын ұғам деп əуреленбе. Өйткені сен – ғұмыры келте, адымы қысқа адам ұлысың! Тəңірі үлесіндегі құпияға қол созба!
Пенде білместікпен ұзақ ғұмыр тілейді. Кеудедегі іңкәрлік сөнген күні тіршіліктің де тоқтағаны абзал.
Әкесі ер деме, өзі ез шығар. Жасы кіші деме, қара қанжар шығар.
Сөйлесе білген адамның түсінісуі де қиын емес!
Ісім құрдымға кетсің десең, тізгінді әйелге тапсыр.
Ерлік жасау үшін ерекше жаратылып керек жоқ, батыр аталу үшін батпан күшің болуы да шарт емес.
Жақынның бәрі жан тартар дос емес, алыстың бәрі жауласар қас емес.
Дананың көкірегі – ашық, төңірегі –қапас. Адамның бүгіні – тұман, ертеңі – күмән!
Махаббат-әйелге даналық, әлсізге қайрат береді.
Азаматтың тірлігінің мәні өрен ой мен өзгеше ерлікте.
"Иттің иесі болса, бөрінің Тәңірісі бар!"
Жандайшап пен жендетте, сатқын мен саудагерде айырма жоқ.
Ж. Жұмағұлов