Мұхтар Әуезов: Иса желпініп, үзілмей соққан сар даланың желі сияқты...

Бүгін қазақтың халық ақыны, әнші, әртіс, домбырашы, композитор Иса Байзақовтың дүниеге келген күні. Ол осыдан 116 жыл бұрын Павлодар облысының Ертіс ауданында туған.

Ақынның туған күніне орай көрнекті жазушы Мұхтар Әуезовтің "Иса туралы" атты мақаласын ұсынамыз:

***

...Иса желпініп, үзілмей соққан сар даланың желі сияқты, сол даладай кең, мол ақындықтың иесі. Европа Исаның ақындығындай суырыпсалма, желермен, тұтқиыл ақындығын, ақындық теңізі деп түсінер еді.

Осы күнгі Европаның сахна өнеріне мұндай сый жат болып, жоғалып кеткен. Бұл сахна өнеріндегі таза қазақ тумасы. Құмды, желді даланың жан жаралаған жайын төсті сыпырығысы сияқты молдан пішілген дала табиғатына үйлескен бір өнер. Бүгінгі қазақ сахнасында Иса әлденеше ғасырларды жиғандай, мәдениет тарихының әлденеше дәуірлерін бітімдестіргендей.

Мұның арты баяғы кәрі заманнан саналы толғау иесі жыраудан, ру бәсекесінде ат жарыстырғандай, сөз жарыстыратын айтыс ақындарынан келе жатқан суырыпсалма. Бүгінгі тұрған орны сахна. Айтылып қалған сөздері әдебиет туындысы. Иса сахнадан үгіт айтады, сын айтады. Өзі түсінген мөлшерде сұлулықты, жарастықты жырлайды. Өлең-жырмен әңгіме баяндайды. Табиғатты сипаттайды. Өлеңмен күлдіргі қалжың айтады. Жақсының сарынындай құбылып, бүктетіліп толқынған желдірменің әніне қосылғанда шалқыған ақындық сөзін ту қып ұстап, заманды қазып келе жатқан өнер желмаясының шабысы елестегендей болады...

Жалпы сахна өнеріне Исаның нөмірлері жаңадан қосылған жат бұйым сияқты. Мұның өрісі театр жолында емес, ақындық, әдебиет тарихының бағытында сияқты. Бірақ бұл алғашқыда қараған көзге ғана солай көріну керек.

Әйтпесе қазақтың баяғы суырып салып айтатын айтыс ақындарының үлгісі бұл заманға ауысып келгенде, әдебиет тарихынан да сахнамен туысуына керек, сол қажет.

Баяғы тойда, топта жырлайтын қазақ ақыны сол заманының сахна өнерін жасаушылар деп танылу керек. Әдебиетке олардан сарқылып қалған сөз болса болды, болмаса жоқ. Олардың қызметі алдында қарсы қарап, құлағын түріп, тыңдап отырған көруші мен тыңдаушысына арналған болатын.

Қазақ сахнасы ол күнде жанданған сөзбен күн көрген жоқ. Ақындық қоры мол болғандықтан, тың жаңа сөзбен жасаған.

Ел бойына мол боп біткен өнер, сахнаның сондайлық өзгеге жат бір түрін тудырған.

Тегінде жалпы суырыпсалма ақындық, әдебиет қорына, жалпы мағыналы ақындық қазынасына өте үлкен мағыналы бұйым қосуы қиын. Онысы өлең шығарған реттерінен, заңынан да көрінеді.

Бірақ суырыпсалма өлең көп алдында ақынның өз аузынан сол арада ғана шығып, арнаулы сарынға түсіп, домбырамен бірге қанат қағып алып ұшып келе жатса, ең әуелі өте әсерлі жарастық, үлкен әсерлілік сол шабысының өзінде деп саналу керек. Әдебиет, музыка, сахна бәрінің бірдей бас қосқан жері осы. Адамдағы салтанатты, сымбатты өнерінің өзгеге жат, бізге таныс бір алуан түрі, үлгісі осы.

Бұл әдеттегі қарындаш ұстап қағазға жазып, мағыналы болып түрленіп, үкілі маржанды болып шығамын дейтін ақындықтың анда-санда ойынға шығып бой жасағаны, балаша асыр салған ойнағы сияқты. Ұғар болсаң, бағалай білсең осы халінде, осы минутында бағала да, тамашала...

Сахнадағы пьеса - осындай жалынды, жанды сөздің иесі; бұл ғасырдың сахнасына жат болып кеткен кеннен шыққан өнердің иесі. Рас, бұл өнер театр тарихымен ұзақ жасай бермейді. Мұны қолдан жасап алмайсың. Әр дәуірдің сахнасында Исалар туып отырса, осы түр қазақ сахнасының бір ерекше қызығы болып дәурен сүреді. Исасы жоқ болған заманда, уақытта үзіледі. Тағы бір Исаның келуін күтеді. Бірақ Иса болған заманда театрдан қол үзуге, айырылуға керек емес.

Мұның ісі арқылы қазақ сахнасына бір үлгілі жаңалық кірді. Сол салт традиция есебінде сақталу керек. Біз қазақ сахнасының Исасы бар заманын қызықты, қымбат сыйы есепті түсіндіруіміз керек. Қолдан жасалмайтын, оңайшылықпен қайта тумайтын сирек өнерді біз бүгінгі заманның адамдары мәдениетті елше қадірлей, бағалай білуіміз керек.