- Негізгі бет
- Көкжиек
- Моцарт өлімінің құпиясы:...
Моцарт өлімінің құпиясы: Сальеридің жазығы не?
...Отыз бес жасында көз жұмған Моцарттың өлімі туралы аңыз аз емес. «Моцарттың талантын қызғанып, күндеген Сальери у беріп, өлтірді» деген пікірдің жиі айтылғаны рас. Пушкиннің «Моцарт пен Сальери» шығармасынан кейін бұл әдеби миф әлемге кеңінен тарап кетті. Соңғы жылдары моцарттанушылар «Ұлы композитор өз ажалымен өлді, Сальериге жала жабылды» деп, мұны жоққа шығара бастады. Моцарт дүние салғаннан кейін 32 жылдан кейін Сальери өз тамағын кесіп, бірақ өлмей тірі қалады. Сальеридің дұшпандары «Сальери Моцартты өлтіргеннен кейін өзін-өзі кешіре алмай, өзін-өзі өлтірмек болды» деп, өсек-әңгіме таратып жібереді. Моцарттанушылар: «Сальери өте танымал, бақуатты болды. Моцарт ақшаға жарымай жүргенде, ол шалқып өмір сүрді. Екеуінің арасында бәсекелестік, бақталастық болғаны рас. Сальери Моцартты қызғанды, күндеді, бірақ, өлтірген жоқ», – дейді.
Сальери де үлкен талант еді, оның да тыңдаушылары мен табынушылары болды. 21 жасында «Армида» опералық шығармасын жазды. «Армида» Еуропаның беделді театрларында үлкен табыспен сахналанды. Мақтаған да, сынаған да әріптестері аз болмады. Сальеридің шығармашылығын қатты сынап, тіпті, жоққа шығарып тастағандардың бірі – Моцарттың әкесі, Леопольд Моцарт еді. Сальеридің императормен қарым-қатынасы жақсы болғаны, императордың оны бағалағаны, сарайдың капельмейстері қызметін атқарғаны – бәрі-бәрі Леопольдтың (Моцарттың әкесі) жүйкесіне тиетін. Әкесінің ойынша, «Сальери Моцарт иемденуге тиіс қызметті, беделді иемденіп жүр». Ойын, Сальериге деген көзқарасын баласынан жасырған емес. Қысқасы, «жолы болғыш итальяндықты» Леопольд жаратқан жоқ. Ол кезде Венаны мойындату – бүкіл Еуропаны мойындату еді. Итальяндықтар табиғатынан музыкашыл, сауықшыл халық қой. Олар Венада үлкен танымалдылыққа ие болып жатты. Әрине, бұл австриялық жергілікті музыканттарға ұнаған жоқ. Ал Моцарттың тәрбиесінде, композитор болып, жарқырап танылуында әкесінің рөлі аз болмағанын әсте ұмытуға болмайды. Әкесінің Сальери туралы пікірі, әрине, Моцартқа әсер етті. Әкесі секілді Моцарт та итальяндықтарды жек көретін. Әрине, Моцарттың өзін ұнатпайтынын Сальери жақсы білді. Өзін ұнатпайтын адамды кім жақсы көрсін?! Жыл өткен сайын олардың қарым-қатынасы шиелене түсті. Бес жасынан музыка әлемінде «вундеркинд» саналып, аты жер жарған Моцартты Сальери де өзінің бәсекелесі санады. Дәрігер Э.Гульднер «Моцарт безгек ауруымен ауырды. Безгек ауруының асқынғаны сондай, Моцарт төсекте қалшылдап, өз-өзіне келе алмай жатты, ол күннен-күнге әлсіреп, ауруы асқынған үстіне асқына түсті», – деп жазады.
Музыкатанушылар Бетховен Сальеридің сүйікті шәкірті болғанын, Бетховен ұстазына үлкен құрметпен қарағанын жазады. Құлағы мүлдем естімей қалғаннан кейін Бетховен достарымен сөйлесуге дәптер арнайды. Мэтр дәптерге айтатын сөзін жазып, достарына көрсетіп, олар астына жауап жазған. Бетховеннің бір дәптерінде «Қазір Сальери қатты ауырып жатыр. Ол мүлдем есін жоғалтты. Ол өзін Моцарттың өліміне кінәлі санайды. У бергенін айтады» деген жазу бар. Бірақ, бұл жазу нақты Бетховенге тиесілі ме, жоқ па, бұл да әлі күнге дейін зерттеушілер арасында пікірталас тудырып келеді.
Музыка әлеміндегі үлкен фигура Сальериді уақыт, Моцарттың өлімі туралы миф «жағаға лақтырып тастады». Моцарттанушылар Сальериді қанша ақтап жатса да, «Моцартты өлтірді» деген күйеден арылар емес.
Аягүл Мантай
Н. Айдархан