Ерлан інім, журналист Ерлан Әбдірұлы өте жақсы ой айтты. «Біз қазір жастарды кітап оқымайды деп көп кінәлаймыз. Осынымыз дұрыс емес шығар. Өйткені біріншіден, қазір құндылықтар өзгеріп жатқан уақыт. Екіншіден, қазіргі оқырман үшін сәл уақыты өткен әдебиет қызық емес шығар. Мысалы, 1980 жылдары оқырмандар Дулат Исабековтың «Қарғынын» жатып-жастанып оқыды. Ешкімге қосылмайтын, одағай, сонысымен де қызықты Жасын Мәдиев образы оқырман үшін тылсым, жұмбақ болды. Оның алдында «Махаббат, қызық мол жылдардағы» Ербол мен Меңтай бейнесі жаңалық ретінде қабылданды. Қазіргі оқырман үшін, керегін ғаламтордан жүктеп ала қоятын мобильді оқырман үшін одағай Жасын да, жүрегі сезімге толы Ербол да қызық емес болар» деді ол.
Ойланып қалдым. Шынында да, солай ма? Әдебиетті оқыту үшін, жас ұрпақты өз әдебиетінен алыстатпау үшін шынында да әр кезеңнің өз кейіпкері, «мода-кейіпкері» керек шығар.
Қазіргі әдебиетімізде сондай кейіпкерлер жоқ па? «Жоқ» деп ауызды қу шөппен сүрте салу оңайдың оңайы. Бар болса, қайсы? Неге жалпақ жұртқа танылмайды?
Осы сұрақты өзіме-өзім қойып көрдім де, жауабын тапқандай болдым. Бізде – қазіргі тамаша кейіпкерлер бар. Іздесең, толып жатыр. Жазылғанда, жарыққа шыққанда, сол газеттің аз-кем оқырманы бір дүр ете қалған, одан кейін бар-жоғы 2 мың данамен тараған кітаптың ішінде кітапханаларға, аз-кем әдебиетші қауымға олжа болды да... елеусіз қалды. 1970 жылдардың ортасы болса, осы кейіпкерлер 50 мың, 70 мың данамен тараған кітаптардың ішінде алшаң басып, әрбір қазақ отбасына күле кіріп, төрінде тұрар еді. Жаңа заман, кітапты қалтарыстарға итерген заман сондай тамаша кейіпкерлерді қазақ өмірінен алыстатып, тек өткен шақтарға емексітіп қойыпты.
Нұрғали Ораздың «Аяқталмаған ертегі» дейтін тамаша әңгімесі барын қазір кім біледі? Бас кейіпкер Сағындық пен Раушан – қазіргі біз ғой. Ғылым кандидаты Сағындықтың үйіне күтпеген жерден бозбала күнгі ғашығы Раушан телефон соғады. Оқиға екі-ақ күндік. Бірақ Сағындықтың жанында болған төңкеріс сізді мың күндік ойға жетелейді. Раушанның тұтқаның арғы жағындағы сөзінен-ақ тіршілікке әбден шырмалған бәйбіше болғанын аңғарасыз. Ең қызығы, Сағындық оны кафеге шақырады. Күнібұрын кафелерді аралап, қалтасына ең ыңғайлысын таңдайтыны да – біздің уақыттың психологиясы. Раушан келісті. Күтті, келмеді. Сағындық орнынан тұрып, үйіне бет алды. Жазушының өз сөзімен аяқтайықшы: «Сәлден соң аяғын сылбыр басып, жіңішке тротуардың бойымен қаланың орталық жағын бетке ала асықпай аяңдап кетіп бара жатты... Бұл кезде «Қазбаспасөз» дүңгіршігенің бергі бұрышында кішкентай қапшығының аузын түріп қойып, пісте сатып отырған шүйкедей қара кемпірдің қасында манадан бері қыбыр етпей тұрған сұр плащты жуан әйел орнынан қозғалып, көзіне түсіре тартқан қалың бөкебай орамалын сәл көтеріп, оның соңынан телміре қарап қалған болатын. Мұнда Раушан одан бұрын келіп еді. Таксидің қай тұстан тоқтағанын, оның ішінен маңдайы жарқырап, аяғын баппен басып, маңдайы кере қарыс жігіт ағасы түскенін, ине-жіптен жаңа шыққандай пиджагының бір түймесін ағытып, галстугын түзегенін – бәрін-бәрін көріп тұрды. Жүрегі лүпілдеп, алдынан жүгіре шықпақ боп ұмсына бергені сол еді, ол мұны көзіне де ілместен, дүңгіршектің жанындағы гүл сатып отырған қыз-келіншектерге қарай бұрылды. Тәңірім-ау, не үшін?! Кім үшін?.. Ол кенет артқа қарай шегіншектеп, дүңгіршектің тасасына тығылды. Гүл сатушы қыздың: «Раушан гүл... Рақмет, ағай! Сүйікті адамыңызға сыйлаңыз!» деген сөздерін дәл жанында тұрып ап-анық естіді. Содан соң ауыр тұрмыс пен қара жұмыс қажытып, торсиып ісіп кеткен қолдарын қайда сыйғызарын білмей, онсыз да тырсылдап әрең сыйып тұрған сұр плащының жеңін тартқылай берді. Ол бері қарай бұрылғанда, тіпті сасып, қалың бөкебай орамалын көзіне түсіріп, әлдекімді... әлденені аза тұтқандай, төмен қарап қыбыр етпей тұра қалды. Әне, ол енді асықпай аяңдап ұзап бара жатыр. Раушанның көзіне ып-ыстық жас іркілді. Артынан айқайлап тоқтатуға шамасы жетпейтінін білді».
Міне, біз осы Раушан мен Сағындықпыз. Біздің «мода-кейіпкерлер» осылар болуға тиіс еді. Алайда сөреде аз кем данамен ғана тұр. Ғаламтордан арнайы іздеген адам ғана таба алады. «Боранбай барон» да, «Жылқының көз жасы» да қолдан-қолға тимей оқылуға тиіс еді. Алайда Нұрғали аға туралы жазбаларда аттары ғана аталады.
Асқар Алтайдың «Туажат» романы бөлекше. Әмбебап жауынгер, соғыскер Байбура неге Отанына қайта келді? Неге бүгінгі өмірден баян таппады? Алқа-бегімнің өзіне деген махаббатын қанша қатыгез болса да жүрегінің түбінде сақтаған азамат қайда барып бас сауғалауы керек? Кешегі досы Болат бүгін неге сыртын берді? Адам да өз Отанына, өз ортасына, ақыр аяғы, өзіне-өзі туа жат болады екен-ау...
Егер 1980 жылдар болса, Байбура образы талай диспуттың өзегіне айналар еді. Оның Ана Бөрі-Бозиесі миф пен аңыз арасындағы кейіпкер ретінде қарастырылып, романдағы орны таразы басына талай тартылар еді. Алайда... тым-тырыспыз. Айналып келгенде, Байбура – біздің әдебиеттің де қазіргі болмысы сияқты. Ол бар, бірақ оқырманнан алыс. Өз оқырманына өзі туа жат. Оқырманы оны бар деп білмейді, сол өкінішті. «Лайбаран» да, «Казино» да сол. «Дода» да сол.
Жүсіпбек Қорғасбектің «Миллион жұлдыз, миллион ара және мен» әңгімесі де олжа деп бағалануға тиіс еді. «Үлпілдек» жайлы жұрт неге үнсіз? «Өлмейтін құс» формасының сонылығымен ғана емес, айтар ойымен де өзгеше болуға тиіс еді.
Жетпістен асқанда да сынын бермеген Мұхтар Мағауиннің «Жармағы» да үлкен миссияны мойнына артқан шығарма еді. Әдебиетсүйерлер балама іздеп, Төлен Әбдіктің «Парасат майданымен» өзектес екенін айтып біраз дауыс көтерді де, артынан сап басылды. Екіге жарылған Марат пен Мұрат мүлде жоқтай. Жазушының шешімі қандай күшті еді! Шынайы ғалым Мұрат өзін өлімге қиды. Одан өмірін де, сүйгенін де тартып алған, жалғанды жалпағынан басып жүрген Марат мінберде тұрған күйі демігіп, ол да өліп бара жатты. Марат өзі өлмес үшін Мұратты аңдыды, өмірдің барша қызығынан бой тартқан егіз-сыңарын ит өмірде жүре беруге мәжбүрледі. Шешім тым тосын, форма жаңғырған. Міне, біз де Марат-Мұратпыз ғой. Қырда – арыс, ойда – сайтанбыз. «Ұлтаралық жанжал»... Рахман ауылындағы Мирзозаде-швили-дзе-скийдің салған лаңы. Кешірімшіл қазақ. Жерінен айырылған байғұс. Тура біз, біздің қазіргі бейнеміз. Бірақ бәрібір мода емес.
Бірақ бұған қарап үмітсіз күй кешуге болмайды. Бұл – өліара кезең. Қазіргі уақыт бәрін іріктеп жатыр. Шаруаны қолға алдыңыз ба – бизнесмен болып қалыптасыңыз. Жазушысыз ба – орта жолдан айнымаңыз. Шенеуніктің баспалдағына тұяқ іліктірдіңіз бе – дауылдар мен ақ жауындарға даяр болыңыз. Яғни өз орныңызды табыңыз. Құндылықтарды нақты екшеңіз. Оқырман да дәл солай. Бүгін фейсбуктегі өлеңіңіздің астына қырылып лайк басқанның бәрі кәсіпқой оқырман емес. Ғаламтордағы әңгімені ашып көргендер нақты оқығандар емес. Ашып, жаба салған шығар, қайдан білесіз? Осылай да осылай «тар жол, тайғақ кешулерден» өтіп келіп, біздің қоғамда да нағыз оқырмандар кланы қалыптасады. Сол кезде олар әдебиетті де жіліктеп талдап, жазушыдан нақты дүниелер күтетін болады.
Ең бастысы, ол кезде КСРО заманындағыдай оқырманыңыздың көптігімен емес, дөптігімен мақтанасыз. Оқырман да сарапталады, нағызы қалады. Жақында бір мектепте өткен кездесуде ата-ананың бірі айтып қалды. «Біз бала көркем әдебиетті мектеп бағдарламасынан ғана оқуға тиіс деп сеніп алыппыз. Сондықтан да үйде кітап жоқ. Көп кітап баланың басын ауыртады дейміз. Сөйтіп, оларды оқырмандықтан ажыратып жатқан өзіміз екен» дейді. Әрине, планшет, айфондар заманында баланы әншейін әріп жазылған қағазға төндіріп қою қиын шығар. Бірақ шет жұрттарға жолымыз түсіп жүр ғой. Метрода да, трамвайда да, аялдамаларда да – жаппай кітап оқып отырған жұрт. Демек, құндылықтарға қайырылу заманы қайта туады.
Өмірде оқығаннан артық қызық жоқ. Қазақы көңілмен «қолымызды кеш сермейтініміз» ғана өкінішті. Бүгінгі әдебиетте «мода-кейіпкерлер» бар, бірақ оқитын көз аз. Шындық сол ғана.
Автор: Есей Жеңісұлы
Дереккөз: aikyn.kz
Сурет: Досжан Балабекұлы