— Мына үйді керемет жоспарлап салыпсың, бізге қатты ұнады.
— Əрине, отбасым үшін неден аянайын.
— Мен бекерден бекер ұнады деп тұрған жоқпын. Жеңгең осы үйді қалап тұр. Бұл үйде біз тұрғымыз келеді, — деді ағасы. Оны мынадай керемет үйді ішінен қатты қызғанып тұрған жеңгесі де жалмаңдап қолдай кетті. Тумысынан бауыры десе жанын беруге даяр тұратын жомарт Жолдасбек бірден:
— Жарайды, ұнаса осында көшіп келіңдер, үй сендердікі — деді. Мұндай тегін олжаға ағасы əрине, қатты қуанды. Қызғаныштан өртенгелі тұрған жеңгесі де көзі жанып мəз бола қалды. Осылай еңбекпен салған үйінің бүкіл құжатын бір күнде ағасының атына ауыстырып бере салды. Əйелі Айнаш та жайсаң жан еді, оның бұл қылығына онша ашулана қоймады. Ал ол кезде мəселенің байыбын түсіне бермейтін балалары басқа ауданға көшпейтіндеріне қайта мəз болып жүр. Олар үшін өздері үйренген ауылы, достары қымбат еді.
Арада бір жыл өткен соң ағасы аяқ астынан басқа қалаға көшетін болды. Кезінде өзіне інісі тегін бере салған үйді сатылымға қойды. Мұны естіген Жолдасбек бірден ағасына жол тартты.
-Аға, мұныңыз қалай? Үйді неге сатпақшысыз, бұл үйді адал еңбегіммен əр кірпішін өзім қалаған жоқпын ба!? Егер шын көшетін болсаңыз үйімді өзіме қайтарыңыз.
-Жоқ, бере алмаймын! Алсаң тек сатамын, бағасы бір миллион рубль. Көнсең осы сомаға сатып ал, көнбесең алатын адам табылады.
Ағасының осынша пасық болғаны ма?! Өзі тегін берген үйді өзіне сатам дегені қай сасқаны? Ағасының бұл қылығына іштей налып, лям-мим демей шығып кетті. Шіркін, осы үйді бала-шағасы үшін ішпей-жемей салып еді ғой. Ағасы мен жеңгесі ұнатқаны үшін сөзге келмей бере салып еді. Міне, енді өз үйін өзіне сатпақшы. Ағасын қайрап отырған жеңгесі екенін түсінеді, бірақ ағасы неге өз басымен бұл қылығының дұрыс емес екенін ойламайды екен. Не десе де үйін қалай да алып қалуы керек. Үйіне келіп əйеліне бар дүниені сату қажеттігін айтты. Өзінің жиғаны бар, əйтеуір бəрін қосып миллионға жеткізді. Сөйтіп өз үйін өзі сатып алды. Басында баспанасы, қасында асыл жары мен балалары тұрғанда аяққа тұрып кететініне сенімді. Сол жылы қатты қиналды, жұмысы да дұрыс жүрмей қалды. Кәсіп болған жерде алаяқтар да болады емес пе?! Басынан мынадай жағдай өтіп жатқанда келісімге отырған адамдары да алдап кетті. Құдай бір айналдырса шыр айналдырадының кері келді. Қатты қиналған күндерінде туған-туыстары «не ішіп, не жеп жатырсыңдар?» — деп те сұрамады. Тіпті, туған əке-шешесі де еш көмек бермеді. Бірақ еңбекқорлығының, адалдығының арқасында мұны да жеңе білді. Тағы бір ірі кəсіпкермен келісім шартқа отырып, ақысын бір вагон ұнмен алды. Барлық қарызынан құтылды. Еңбегіне алған бір вагон ұнды бүкіл ауылына тегін таратып, қалғанын дүкендерге өткізіп сатты. Содан кейін бір мал алып сойып, бүкіл ағайын-туысты шақырды. Оларға осы уақытқа дейін айтпаған өкпе-назын айтты. Сөйтті да бір түн ішінде үйді болмашы ақшаға сатып, басқа қалаға көшіп кетті. Бірақ қанша иттік жасаса да ағасының үйіне өткен-кеткен сайын соғып, амандық сұрауын тоқтатқан емес. Ол ол ма, азық-түлікке деп жеңгесіне азын-аулақ ақша да тастап кететін. Сөйтіп жүріп сол ағасының ұлы Қасымды өзі айналысып жүрген кəсіпке баулыды. Қасым өте алғыр жігіт болып шықты. Жолдасбектің қасында жүріп кəсіптің қыр-сырын үйренді. Ұстаздан шəкірт озады деген рас екен, Қасым Жолдасбектің үйреткен кəсібінің арқасында небəрі 20 жасында адам айтса сенгісіз байып шыға келді. Байлықтың буымен ағайынмен де араласуды қойды. Тіпті осы кəсіпті өзіне үйреткен ағасы Жолдасбекпен де араласпайды. Семіздікті қой ғана көтереді деп қазақ атам бекер айтпаса керек. Тура семіз қойды асырасаң, аузы-басыңды май етер, арық қойды асырасаң, аузы басыңды қан етердің кері келді. Жолдасбек те «ақылының жеткен жері сол болса, еш өкпем жоқ» — деп қолын бір сілтеді. Қасым ағасы тұрмақ туған əкесін бала-шағасын баратын жерлеріне апарып алып келетін шопыр етіп қойған. Ағаттық жасаса əкесі екеніне қарамай жазалайды. Бірде сондай қателігі үшін əкесін от жағатын бөлмеге қамап та қойған еді. Тұрып жатқан үйін көрсең, кереметін сөзбен айтып жеткізе алмайтын зəулім сарай. Астындағы тізгіндеген көлігі əлемде небəрі бес данамен шыққан маркадағы көлік. Тіпті, елбасында ондай көлік жоқ деседі. Есепсіз байлық Қасымның басын айналдырды. Əкесінің ауырып жүргеніне де қарамады. Жалғыз қалғанда Жалғасбек кезінде өз бауырына жасаған иттігі үшін сазайын тартып жатқанын іштей ойлап күйзелетін. Туған баласы өзін адам ғұрлы көрмейді. Баласы үшін үйшікте жатқан бұралқы иттен еш айырмашылығы жоқ сияқты. Шынын айтқанда ит өліммен дүниеден өтті.
Уақыт өте келе Қасым өз кəсібін үйрететін адам іздей бастады. Өзінен туған балалары босбелбеу болып шықты. Сол кезде, мүмкін, ар-ұяты оянды ма, осы кəсіпті өзіне үйреткен ағасының ұлы Мирас есіне түсті. Бар білгенін Мирасқа үйретемін деп шешті. Дереу Мирасқа хабарласып қасына алдырды. Бірақ кəсібіне баулып үлгермеді. Себебі алпауыт бизнес саласында өзінен де дөкей біреумен келіспей қалып, олар Қасымды бір-ақ күнде жоқ қылды. Қасым көлік апатынан көз жұмды. Көлік апаты дегені болмаса, шын мәнінде ол арнайы тапсырыспен өлтірілген еді. Артында есепсіз байлығын қалдырып небəрі 48 жасында бақилық болды.
Адам асыққанмен Алла асықпайды деген рас. Өмір бумеранг екеніне осы оқиғадан тағы көз жеткізгендей болдым.
Жолдасбек өмірден өткенше тек жақсылық жасаумен болды, таспен атқанды аспен атты. Алла да сол жақсылығын ескерусіз қалдырмады, молшылықта өмір сүрді. Жақсы адамның өлімі де жақсы болады екен, Жалғасбек еш ауырмастан жай ұйқы үстінде, жымиған қалпымен жүріп кетті. Ал ағасы Жалғасбек пен інісі Қасым шіріген байлықтың ортасында ит өліммен өлді. Жақсылық қылсаң өзіңе, жамандық қылсаң өзіңе деген, осы сөздің төркінін ешқашан ұмытпайық.
Ақтолқын ҚҰЛБЕКОВА