Әңгіме авторы - Му Чи. Қытай тілінен тәржімалаған Мұрат Қасенұлы. Оқырман назарына осы бір әңгімені ұсынғанды жөн көрдік.
Екінті мен ақшамның арасы. Қар жапалақтап тұр. Бүкіл әлем қараңғылық құшағына еніп бара жатты. Жалаң киінген бір еркек бүрсең қағып, батпақ жолда жығыла-сүріне келе жатыр. Алдан шамы жарқырап бір үй көрінді. Көңілі күпті еркек қуана қоймады. Кешеден бері басып өткен үш қалашықта тұмсығы тасқа тиіп еді. Қоналқылық орын сұрап бармаған үйі жоқ. Түрінен шошыды ма, кейбірі жоқты сылтау етсе, кейбірі, тіпті есігін де ашпай қойды.
Еркек есікті бірнеше рет қағып қалды. Аздан соң есік ашқан жас ханым таңырқаған үнмен: Томас шипагерсіз бе? Мен сізбен телефонда сөйлескен Сиданней ханым боламын. Мына қарлы боранда сізді келе алмас па деп едім!- деді.
Әйел сөйлеп тұрып, қолын бірнеше рет ербең еткізді. Әйелдің зағип екенін білген еркек «үһ» деді де, жауап ретінде міңгірлей салды. Сиданней ханым оны екінші қабаттағы жатын үйге ертіп кірді. Бесікте екі беті қып-қызыл боп албырап бір бөбек жатыр. Сумақы көзбен маңайын шолып өткен еркек, бұл үйде бала мен ханымнан өзге ешкімнің жоғына көзі жетті. «Жақсы болғанын қарашы, реті келсе қарбытып қалармын» деген сумақы ой көкейіне ұялай қалды.
Еркек Сиданней ханымның әлгінде өзін не деп атағанын да ұмыта қойған жоқ еді. Сонымен барды да баланың маңдайын сипап көрді. Оттай күйіп тұр екен.
- Бала біраз қызып тұр екен, ештеңе етпейді. Амалы табылар, - деді байыпты үнмен. Сөйлеп отырған оның көзі шай тақтаның үстінде тұрған бірнеше бөтелке спирт пен мақтаға түсті.
Баланың денесіне бірнеше рет спирт сүрте салайын деп ойлап еді. Бірақ еркектің түрпідей саусағы тиген сәби қалжыраған бейнемен қарай қалды. Жатырқар ма екен деп ойлап еді, бөтен адамның бетіне қарап риясыз күлді.
- Оның әкесі мектеп меңгерушісі еді. Суға түсіп кеткен екі баланы құтқарамын деп жүріп қайтыс болды, - деді ханым.
- Күлкісі неткен сүйкімді еді?!
Сиданней ханым мақтанышты сезіммен:
- Марқұм әкесі тірі кезінде «періштенің күлкісіндей» деп мақтайтын, - деді. Ханымның сөзін естіген соң еркек сәбидің бір жерін ауыртып алмайын дегендей жұп-жұмсақ денесін барынша абайлап, спиртпен сүрте бастады. Спирттің иісі мұрына барды ма, Сиданней ханым:
- Немене, укол құймайтын болдыңыз ба? – деді.
Жауап тапқанша еркектің миының түтіні шықты.
- Бала өте кішкене, осы әдіспен емдеген тәуір, - деді. Спирт өнімін дереу көрсетті. Баланың ыстығы қайтыңқырап, азырақ сүт ішті. Қуанып кеткен ханым, сипалап ас үйге қарай тамақ әзірлеуге беттеді.
Сәтті сағат келді деп ойлаған еркек, үйдің бұрыш-бұрышын тінте бастады. Ақыры бірінші қабаттағы қабырға пештің үстінде тұрған қара сырлы қобдидың ішінен екі жүз доллар шамасында ақша тауып алды. Бұрынғы әдеті болса, дереу қалтаға жүйткітетін еді. Бірақ, осы рет ақшаны ала бергенде, есіне жаңағы сәби түсіп, аз-кем ойланып тұрды да, біраз ұсақ ақшаны қайта салып қойды.
Еркек қабырға пештің астындағы суырманы ақтармақшы болып жатқанда, телефон безілдеп қоя берді. Селт ете түскен ол жасырынуға үлгермеді. Ханым кіріп келді. Еркекке ту сыртын беріп телефонда сөйлесіп тұр. Дауысы әуелгідей мүләйім:
- Менің баламды ұмытпағаныңызға рақмет... алаңдамай-ақ қойыңыз. Өзіме және балама жақсы қарай аламын.
Шегініп шығып бара жатқан еркек орындыққа соғылып қалды. Шошып қалған Сиданней ханым, дыбыс шыққан жаққа бұрылып:
- Томас шипагер, ас дайын боп қалды, - деді.
- Әуре болмаңыз.
- Мына қарда қайтып кете аласыз? – деп асығыс басын шайқады әйел. Қарлы боран, иендегі үй өзіне ешқандай қауіптің жоғын ойлап үлгерді еркек. Бірақ зағип әйел мен шиттей баласын ойлағанда, көңілі толқып бірдеңеге қарызданғандай бола берді.
Дәл сол сәтте, терезеден автокөлік үйін көріп, көзі жарқ ете қалды.
- Ханым, үйде көлік болса, мен кетіп қалғаным жөн. Емдейтін тағы басқа да науқастар бар еді, - деді ол жітірмелетіп.
- Есімнен шығып кетіпті ғой, күйеуімнің жеке көлігі бар еді. Айдауға келер ме екен?- деді әйел жымиып. Еркектің езуі құлағына жетті. Оның қолынан машина ремонттау келетін еді. Жүруге ыңғайланып жатыр еді, Сиданней ханым тоқтатып алды:
- Тоқтай тұрыңыз, тамаққа да қарамадыңыз ғой. Ақыңызды бере салайын, - ол сөйлей жүріп үстіне қобди қойылған қабырға пешке қарай жүрді. Жалма-жан алдын тоса қалған еркек:
- Қажеті жоқ, ханым, мен... Тек өзімнің міндетімді ғана атқардым, - деді. Көзі көрмесе де, еркектің кескін мінезін сезгендей болды. Еңкейіп астыңғы суырмадан бірдеңе алып шықты.
- Олай болса, жарайды. Сізге бір естелік бұйым берейін. Күйеуімнен қалған тәбәрік еді.
Сиданней ханым сөйлей жүріп, әдемі жасалған галстук қыстырғыш алып шықты. Сыртынан қарағанда, сап күмістен жасалғандай, шетінде әдемі гүлді бедері бар екен. Еркек оның көп ақшаға жарайтынын әрі өзінің алып кетуіне болатынын біліп тұр. Десе де ернін жалап қойып:
- Жоқ, мен күйеуіңіздің тәбәрігін алсам болмайды. Ол өте қымбатты бұйым ғой, - деді.
- Марқұм қатты далабезер болған. Жұртқа әбден қадыры кеткен кезде, бір мұғалім оған ұсыныпты. Ең жақсы адамға ғана ұсынасың депті әлгі мұғалім, - деді ханым күлімсіреп.
Еркек ханымның өзінен күмәнданып тұрғанын сөзінен түсіне қойды.
- Сен менен күмәнданып тұрсың, солай ма?
- Әлгінде досым телефон шалып, Томас шипагердің тәңертең науқас біреудің үйіне кетіп бара жатқанда аяғын сындырып алғанын айтты, - деді ханым.
- Барлығын біле тұра, маған галстук қыстырғыш сыйлағаның қалай? – деді таң қалған еркек.
- Балама жасаған жақсылығыңнан-ақ мен сенің жақсы адам екеніңді біліп тұрмын, - деді ханым.
Кеңсірігі ашып кеткен еркек ақтала сөйледі:
- Мен жаңа ғана түрмеден шыққан қылмыскермін. Елдің бәрі де менің жек көреді, қор санайды. Бетіме күлімсіреп қараған тұңғыш адам сенің балаң ғана болды. Өзің де сақсынбадың.
Сиданней ханым еркектің қолын өзіне тартып, галстук қыстырғышты алақанына салып:
- Жарайды онда, мен мұны жаңа жақсы адамға өзгергелі тұрған адамға ұсынайын, - деді.
Жалтарарға сөз таппаған еркек, галстук қыстырғышты қолына қысып ұстап:
- Баланы дереу ора! Мен сендерді жақын маңдағы ауыл шипагеріне жеткізейін. Спирттік өнімі аз болады, - деді асығыс...
Қара түнек қарлы алқапты басып жатыр. Ақтүтек қарлы боран ішінде автокөлік ағызып барады. Дала сүркейді, суық болса да бейтаныс еркектің көңілінде жылылық бар еді.
Дайындаған: Қайсар Қауымбек
Сурет: pr-hal.kz