Майдангер ақын Дихан Әбілевтің ұлы Эдиль-Невельді ел біле ме екен?

Майдангер ақын Дихан Әбілевтің ұлы Эдиль-Невельді ел біле ме екен?
Фото: ЦГА КПДЗ

Эдиль-Невельдің Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивіне (ҚР ОМА) мемлекеттік сақтауға қабылданған құжаттарына ғылыми сипаттама толық берілген болатын. Сол құжаттардың арасынан реттеу барысында кездескен Эдиль-Невельдің өміріне қатысты қызықты да, маңызды деректерді төменде баяндауды жөн көрдік. Өз қолымен қысқаша жазылған өмірбаянының мазмұны: «Мен Эдиль-Невель Диханұлы Әбілев 1945 жылы дүниеге келгендігін, кейіннен Алматы қаласындағы орта мектепті бітірген соң Алматы темір-жол транспорт техникумын тәмәмдап, Қазақ политехникалық институтында, ҚазМУ-дің журналистика факультетінде сырттай оқып жүріп, Қазақ мемлекеттік университетінде лаборант болғандығын, әр жылдарда Қазақфильм киностудиясында оператор ассистенті, «Вечерняя Алма-Ата» газетінің әдеби қызметкері болып қызмет атқарғандығын, 1970 жылдан А.М. Горький атындағы Әдебиет институтында оқығандығын жазған.

ҚР ОМА сақталған қолжазбаларының көпшілігі өлеңдер болып табылады. Ол әртүрлі тақырыпта мақалалар да жазды сонымен бірге аудармамен де шұғылданды. 1966 жылдан бастап Эдиль-Невель Әбілевтің өлеңдері баспа беттерінде жарық көрген. Ақын аз ғана ғұмырында көптеген өлеңдер жазып үлгерген, ол өлеңдерін орыс тілінде жазған. Ақынның өзі жайында жазған «Үстірт жазығы» деген естелігі, «Полпред страны поэзии», «Служить народу», «Голоса молодых» т.б. мақалалары, «Скажешь − годы уходят», «Ты прости меня, мама...», «Поэты», «Поэзия», «Звездные горизонты», «Звездочет» атты т.б. өлеңдері бар.

Эдиль-Невель әкесі Дихан Әбілевтің Алексей мен Татьяна Дорофееваларға «Ленинградским друзьям» және ақын М. Әшірбековтың жазушы С. Мұқановқа «По делам – почет» арнау өлеңдерін т.б., өзге де авторлардың шығармаларын қазақшадан орыс тіліне аударған.

Жас ақынның «Кеудемде шешек атқан көктемім», «Мен Невельмін...» атты көптеген түрлі тақырыптарда жазылған өлеңдерінің бірқатарын ақын Ә. Абайділданов қазақ тіліне аударған.

Қазақ әдебиетіне белгілі ақын Эдиль-Невель көзі тірісінде өлеңдерін жинаққа дайындап, бірақ шығарып үлгермеген екен.   Ақынның өлеңдері 1977, 1989 жылдары «Память» және «Две струны» деген атпен жинақ ретінде жарық көрді. 

Танымал ақын Мақан Жұмағұлов «Память» атты өлеңдер жинағының алғысөзінде Эдиль-Невелді жақсы білетінін толық ашып жазған: «Оның бойында адалдықпен қатар әсем тәрбиесімен үйлескен шынайы қарапайымдылық бар. Өлеңдерін тыңдадық − нағыз дарынды ақын екеніне көзіміз жетті. ...Әлемдік әдебиет классиктері мен совет ақындарынан ғана емес, сонымен қоса өзіміздің аға буын өзі секілді орыс тілінде жазатын қазақ ақындарынан да үлгі алды. Ол поэзиядан өз орынын іздеді де, тапты да. Ол жер бетіндегі тек ақындарға ғана тән поэзиядағы мақсатты жоғары биіктікті және үлкен жауапкершілікті түсіне білді». Бұл жолдар автордың Эдиль-Невелдің адамшылық, азаматтық келбеті мен шығармашылығына берген бағасы.

Невель анасының құрсағында жатқанда сұрапыл соғыс жүріп жатты. Отанды қорғау жолында көптеген қазақстандықтар өмірлерін құрбан етті. Міне, осындай аласапыран уақытта дүниеге келгенін білген ол, осы тақырып туралы жанынан өлеңдер шығарды. Бұл жөнінде Эдиль-Невель Әбілев былай деп жырлаған:

«Я − Невель
Я – город,
Восставший из пепла
И имя – как земля
Ведет за собою,
И имя – как клятва
В строю перед боем...».

«Ол қайда жүрсе де, кең байтақ әлемнің қай жерінде еңбек етсе де Отанының үлкен жүрегін сезе білді».    

Ендігі әңгімеміз жас ақынға Невель есімі қалай берілді осы жөнінде айтылады.

Дихан Әбілев Қазақстанда құрылған алғаш І Прибалтика майданының құрамына енген 100-ші және 101-ші бригаданың «Жауға қарсы аттан» газетінде әскери тілші, ал Мертай Ажибаева Қазақ республикалық әдебиет қоры бөлімінің басшысы қызметін атқарады. 1944 жылы Мәскеу қаласына республикалардағы Қазақ әдебиет қоры бөлімдерінің басшыларын шақыртады. Қазақстаннан іс-сапармен барған басшылардың құрамында Мертай да болады. Осы сәтті пайдаланған ол Мәскеуде жүріп соғыстағы Диханмен хабарласып, хат жазысып, арнайы жол жүру рұқсат қағазы арқылы көлікпен майдан жеріне Невель (қазіргі Псковск облысы) қаласының Дятлинко деревнясына Диханды іздеп екі рет барады.  

Бұл жерде осы Невель қаласы үшін үлкен шайқас болғаны тарихтан белгілі, сол ұрыста ерлікпен қаза тапқандар қатарында Мәншүк Мәметова, Әбілқайыр Баймолдин т.б. жауынгер батырларымыз болды.  

Бір күні Дихан мен Мертай Кеңес Одағының Батыры М. Мәметова, Ұлы Отан соғысына қатысушы Ә. Баймолдин батырларымыздың басына арнайы тағзым етіп, темір жолдың бойымен бригадаға қайта келе жатқанда, жоғарыдан неміс самолеті бомба тастап өтеді, олар бұрылып та үлгермейді, сол сәтте болған жарылыс салдарынан Мертай жарақаттанады. Бірнеше күннен кейін сауығып, сол арада екеуі егер бала аман-сау дүниеге келсе есімін Невель деп қоямыз деген ұйғарымға келеді. Олар өмірлерінің естелігі ретінде Ұлы Жеңісті қарсы алған 1945 жылы дүниеге келген сәбиін Невель деп атайды. Осындай ерекше есім берілген жас ақынның аз ғана ғұмыры «жанып өтті». Дихан Әбілевтің ізбасары, үлкен үміт күткен баласы жас ақын Эдиль-Невель небәрі отыз жыл өмір сүрді, бірақ ол артына ақындық жолында өшпестей өміршең өлеңдерін жазып қалдырды.  

Эдиль-Невель Әбілев 1975 жылы қайтыс болды.

Г.Ш. Рахмет,
Қазақстан Республикасының
Мәдениет және спорт министрлігі
Орталық мемлекеттік архивінің
Жеке тектік архивтермен және
тарихи-құжаттық топтамалармен
жұмыс жасау бөлімінің архивисі
«Алматы ақшамы», 2015 ж.

Н. Үсенова