Кітап дүкендеріне кірген кезде көп кітапты көріп, басымыз айналып, қайсысын таңдарымызды білмей қалатын сәттер болады. Бәрі қызықты көрінеді, барлығын оқығымыз келеді, бірақ тек бірнеше кітап алуға ғана мүмкіндігіміз бар. Осыған орай қазақ кітаптарының бестселлерін анықтауды жөн көрдік.
Ең көп сұранысқа ие, сатылымы жоғары кітапты анықтау үшін Алматы қаласындағы кітаптардың алпауыт әлемі «Книжный город» дүкені, «Атамұра» және «Алматыкітап» баспаларының дүкендері, «Отбасылық кітаптар әлемі» және Тимирязев көшесіндегі (Әуезов көшесі қиылысында) «Кітап» дүкендері қарастырылды.
Биыл Ілияс Есенберлиннің 100 жылдығы құрметіне, мерейтойлық әдебиеттер ретінде көп насихатталғандықтан болуы керек, Есенберлиннің барлық шығармалары да жақсы сатылғаны белгілі болды. «Көшпенділер», «Ғашықтар», «Алтын Орда», «Қара алтын», т.б. барлық шығармалары бестселлер қатарына кірген.
Одан кейінгі орыс тілінде де, қазақ тілінде де оқырманның іздеп келіп, сатып алатын кітабы қатарына Мұхтар Әуезовтың төрт томдық «Абай жолы» эпопеясы, Абай Құнанбаевтың екі томдық шығармалар жинағы, Абайдың қара сөздері кітаптары жатады.
Мұқағали Мақатаевтың шығармалар жинағы, оның ішінде «Жүрек арызы» кітабы үшінші орыннан көрінді.
Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романы кеңес заманындағы жастардың жарыса оқитын кітабы болған, әлі де сол беделінен айырылмай, төртінші орында келеді.
Бесінші орынды «Атамұра кітапханасы» сериясымен шығатын 112 кітап құрайды. Олардың алдыңғы шебінде Бауыржан Момышұлы «Ұшқан ұя», Әзілхан Нұршайықов «Ақиқат пен аңыз», Медеу Сәрсеке «Жетінші толқын», Төлен Әбдіков «Оң қол», Смағұл Елубай «Ақ боз үй», Мұхтар Шаханов «Эверестке шығу», Ұлықбек Есдәулет «Ынтық зар» кітаптары тұр.
Тарихи әдебиеттер де ең көп оқылатын шығармалар санатына кіреді. Оның ішінде оқырман қауымның іздеп жүріп алатын кітаптары Мұхтар Мағауин «Шыңғыс хан», «Аласапыран», жаңадан шыққан Болат Жандарбековтің «Томирисі», Қанат Серікбаев «Заповеди Тенгри», сонымен бірге әр рудың шежірелік кітаптары.
Экономика саласы бойынша Қазақстанда қалай баюға болатыны жайында жас автор Марат Әбиевтің «Қазақстандық арман» кітабы орысша және қазақша екі тілде де оқырман сұранысын қанағаттандырады.
Сонымен қатар кітап дүкендерінің сөрелеріне жетпей жатып таусылып қалатын, Ерлан Жүніс, Ақберен Елгезек сынды жас ақындардың жыр жинақтары, Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» кітабы сұранысқа ие екені анықталды.
Қазақ мақал-мәтелдері, жұмбақ-жаңылтпаш, ертегілері, балаларға арналған көркем әдебиеттер, ойыншық кітаптар бағасының қымбаттығына қарамастан, күнделікті сатылып тұратын тауарлар қатарын құрайды.