Мәрленнің сезім хикаялары: таңдау

І 

- Білесің бе, досым! Мен бәрінен шаршадым. Соңымнан ерген өсек пен алып-қашпа сөзден қажып біттім. Ақылыңды айтшы? 
- Бәрін жүрекке қабылдай берудің қажеті жоқ. Жер бетінде сен ғана емес мұңмен алысып жүрген, ең дұрысы есіңді жи. Болды! 
Өте қысқа диалогтан ол ештеңе сезінген жоқ. Себебі ол досынан ақыл сұрады, бірақ өзінің ойы басқа жақта еді... 

3-курсқа аяқ басқан Мәрленнің бұл осымен саусақ санаса саусағы жетпейтін қыздарының бірі. Кеше ғана «күйем», «сүйем» деп жүріп, енді міне екі жаққа кетті. Бәріне кінәлі өзі. Жо-жоқ, өзі емес себепкер – алып-қашпа өсек пен сөз. Махаббаттың заңына салсақ бұл қалыпты жағдай. Өйткені екі жастың ортасына түсетіндер көп: бірі қызғанса, бірі ұнатпаудан. Тоғыз қабатты жатақхананың әрбір есігінің саңлауынан өткен өсек ду етіп тарай кетті. Шыққан өсектің о бастағы ақиқаты емес, мың құбылған өтірік нұсқасы Мәрленге енді жетті. Оған дейін ол тас керең болған. Тас керең болса, жақсы көргеннен, сүйгеннен. Болар іс болды, бояуы сіңді. Енді ешкімді сүйместей болған Мәрлен күнделікті киімін киіп, жатақхана ішін аралап, тамақ іздеуге шықты. 

Тоғыз қабатты жатақхана іші үлкен бір отбасы. Бәрі бір-бірімен туған-туыс секілді. Тек бір-бірінің қызымен сөйлесіп, қылықтысымен таң атқанша есігі іштен ашылатын есіктердің ішкі жағында шүйіркелесіп әлде сүйсіп жатады. Бұл да студенттік өмірдің бір бал татыған қызығы мен шыжығы. 

Адам миына симайтын өтірік әңгімелерін аяқтаған Мәрлен қарны тойған соң қыздарға "сау бол" айтып, өзінің бөлмесіне қарай тайып тұрды. Оның өтірік әңгімесіне қыздардың бірі үйренсе, бірі әлі сенеді. Себебі кейде Мәрлен өзі де айтып отырып, өзіне сеніп қалады. Баспалдақтан секіре басып, төменгі қабаттағы өз бөлмесіне қарай бұрылғаны сол екен, көрші бөлменің алдында үстіне ақ түсті жұқа жейде, астына аппақ шалбар киген, шашы қоңыр-қара, ат жақтылау, құлағы грек мифтерінде болатын эльфтерден аумайтын, сыртынан қараған адамның құлқын бұзатын тән сұлулығы бар қызға көзі түсті. Осы жерде оқып жатқанына, осы жатақханада тұрып жатқанына үш жыл өтсе де, бұл қызды қалай көрмей қалғанын есіне түсіре алмай Мәрлен қыздың жанынан өте шықты. Кеше түнде желінген тамақтардың ыдысы әлі жуылмаған, төсек-орыны жиналмай шашылып жатқан бөлмесіне кіріп, компьютерінің алдына отырды да, бірдеңелер жаза бастады. Ойына ештеңе келер емес. Ойының ішіне түскен құрт қазір ғана көз алдында еліктің лағындай жылт ете қалған бейтаныс ару. Бұл мүмкіндік екенін сезінді. Қайтып келмейтінін де түсініп, қайта есіктен сыртқа атылып шықты. Асқанға тосқан деген осы шығар, сөйлесуге ынтасы тасып тұрған Мәрленнің елігімен бірге өзінің бөлмелес досы әңгіме айтып, күлісіп тұр. Бұл бағанағы мүмкіндікті одан ары арттырып жібермесе, кеміткен жоқ. Себебі ол бұл досының қыз баласымен махаббат тақырыбында әңгіме құра алмайтынын жақсы біледі. Екі аяқ өзі басып, қыздың қасына келді. 

- О, Еркош! Не істеп тұрсың? 
- Торғынмен сөйлесіп. 
- Кім? 
- Айтпақтай, танысып қой. Бұл менің құрбым әрі группаласым – Торғын. 
- Сәлем! Менің атым – Мәрлен! 
- Торғын.

Жүзіне үйірілген күлкіні ұстап үлгерген Мәрлен: 
- Неткен сұлулық? 
- Ау? 
- Әдемі екенсің! 
- Рақмет!

Тағы да сол күлкі. Бұл жолы езуі құлағына жетуге қалды. Тіпті ұялып қалғаны да байқалады. Екі-ақ ауыз сөзбен қармаққа алтын балық түсірген Мәрлен енді еркін әңгімеге көше бастады. 
- Жатақханада бұрыннан тұрасың ба? 
- Иә! 
- Мен неге байқамадым екен, мұндай сұлу қызды? 
- Адамды ұялта бермеші. Мен сені сырттай танимын.

Аз-маз жиған атағына масаттанып қалған Мәрлен де алғысын жаудырып болып, еркін әңгімені енді еркін қарым-қатынасқа келтіру үшін, қазір ғана танысқан қыздың иығына қолын салып: 
- Қандай әтір себесің?-деп, төтесінен сұрақты тастай салды. 
- Оны қайтесің! 
- Иісі ерекше екен. 
- Версачи! 
- О, талғам жақсы екен.

Версачи туралы білім түгілі, атын енді естіп тұрған Мәрлен көп білетін адам секілді әңгімесін жалғай берді. 
- Қай бөлмеде тұрасың? 
- Сегізінші қабатта тұрамын. Бөлмені қайтесің? 
- Маңызды емес, тауып аламын! 
- Тауып алған күннің өзінде не ұтасың? 
- Сені! 
- Ой, қойшы! Жақсы Еркош мен кеттім, ертең кешікпе.

Баяғыда көніп қойған көңілін өтірік жиып, сырт айнала берген қызға Мәрлен оқтай қадалды. Ішінде жаман және жақсы ойдың екі жібі жатыр. Қайсысын бірінші тартады соның амалын істейтін деп тұр. Бірақ жамандыққа қияр емес. 

- Сау бол, Торғын! Кездескенше!  
- Сау бол!

Кетіп бара жатқан қыздың соңынан қарап қалғаны сонша – не ойланып кеткенін білмей қалды. Иығына қолын салған досының дауысы ғана селт еткізді: 
- Келесі құрбандығым болады деп ойласаң, есіңді жи. Оған мен жол бермеймін! 
- А?
- Не естідің сол! Досының бұл сөзі әзіл емес, шынайы екенін түсінген Мәрлен миығынан күліп, бөлмесіне кетті. Жүректің түбі шымырлап кеткенін жасыра алмай жатыр. Ғашықтық емес, жай ғана ұнату екенін өзі де сезіп тұр. Бірақ әкетіп бара жатқан сол ұнатудың өзі...